• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Қаңтар, 2023

Жерді көктен тексереміз

478 рет
көрсетілді

Елімізде жерді пайдалануды бақылау қатаңдайды. Біріншіден, ел бойынша ауылшаруашылық жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды. Ол Jerkarta.gharysh.kz деп аталады. Екіншіден, жерді пайдаланудың дұрыс-бұрысын кірпік қақпай көк жүзінен бақылайтын ғарыш жүйесі жұмыс істейді. Бұл – «JerInSpectr» платформасы. Цифрлық даму министрлігі AGROSPACE деп аталатын тағы бір платформаны құрудың алғышарттарын қарастырып жатыр. Үш жоба анталаған қалың көз – заманның еркін шағында жер атаулыны өз атына өңгере берген латифундистерді әшкере етіп, жердің әу бастағы негізгі міндеті саналған ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытына орай икемдеуге тиіс.

Интерактивті картаны Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мен Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­­лігі бірлесіп әзірледі. Jerkarta.gharysh.kz геосервисінде бұған дейін игеріл­­меген, заңсыз беріліп, мемлекетке қай­­тарылған учаскелер туралы бар­лық ақ­парат орналастырылған. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің хабарлауын­ша, интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруа­шылығы жерлеріне мониторинг жүр­гізуге мүмкіндік береді және учас­келерді алу мақсатында жергілікті атқа­рушы органдарға өтініш беру үшін бағдар болады. Бұл жылдар бойы пай­­да­ланылмаған ауылшаруашылық жерлерін айналымға тартуға, тұрғын­дарды ауыл шаруашылығы үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта облыстар мен аудандар бөлінісінде инфографиканы әзірлеу және порталдың интерфейсін толтыру үдерісі аяқталып жатыр.

«Интерактивті картаны енгізу – қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу бойынша жұмысты ашық әрі айқын етеді. Учаскелерді қайта бөлудің одан әрі мониторингін аумақтық жер ресурстарын басқару жөніндегі департаменттер, әкімдіктер мен прокуратура қызметкерлері қол жеткізе алатын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры платформасында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қайта бөлу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурстарды өткізу модулін Электрондық сауда алаңының базасында іске асыру ұсынылады.

Қазіргі уақытта заңнамаға сәйкес, жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс қағаз жүзінде өткізіледі», делінген министрлік мәлімдемесінде.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, интерактивті картаның тағы бір тиімді тұсы – электронды жүйе белгілі дәрежеде адами факторды жояды және жер қатынастары саласындағы заңсыз мәмілелер деңгейін төмендетуге септігін тигізеді.

Министрдің мәліметінше, соңғы онжылдықта ауыл шаруашылығы жануарлары санының шамамен 8 пайыз­ға өсуіне байланысты бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтарға мал жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жер қажет. Әсіресе Түркістан, Қызыл­орда, Алматы және Атырау облыс­тарында жайылымдық жерлердің тапшылығы байқалады. Ел аумағындағы жайылымдық жер көлемі 183,4 млн гектар болса, соның 82,4 млн гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн гектары – бос жатқан жерлер, тағы 21,2 млн гектары – елді мекендерге іргелес жерлер. 15,9 млн гектар аумақ – басқа санаттағы, яғни орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері болып саналады.

Былтыр мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жері қайтарылып, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңды игеруге кіріскен. Министрлік 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 млн гектар игерілмеген жерді қайтармақ.

Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов­тың айтуынша, жайылымдық жермен толық қамтымай, мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.

«Заңсыз берілген, бос жатқан жер­лерді қайтарып алу жөніндегі арнайы комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер. Бұған Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп саласындағы микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін Жарлығы ерекше серпін берді. Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді мекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.

Е.Қарашөкеевтің айтуынша, меншік иелері мен пайдаланушылардың жер учаскесіне немқұрайды қарауы белең алып тұр. Соның салдарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн гектардан асып кетті. Оның 29,3 млн гектары одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, алқаптардың үстірт және түбегейлі жақсаруы, жайылым айналымы ережелерін сақтау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын арттыру есебінен жерлердің тозуын болдырмау үшін шараларды қабылдау жоспарланып отыр.

«Жергілікті атқарушы органдар ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлерді басқару процесіне тартуға, оларды кооперативтерге біріктіруге, жергілікті бюджет қаражаты есебінен осындай бірлестіктерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге ерекше назар аударуы қажет», деді ведомство басшысы.

Премьер-министр ғарыштық мо­ни­торингті қолдана отырып, бос жат­қан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізуді жалғастыру керек дейді. Бұл орайда ол «JerInSpectr» платформасын пайдалануды тілге тиек етті. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының мамандары әзірлеген, ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдалануына мониторинг жасайтын аталған жоба 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылған болатын. Платформа ғарыш түсірілімдерін, картографиялық материалдарды, кадастрлық деректер мен жер балансы ақпаратын бірыңғай электронды құжат айналымы ретінде түзеді. Соның нәтижесінде жер пайдаланудағы заң бұзушылықтарды анықтап, шаралар қабылдауға көмектеседі.

«Үдеріске қатысушының шешімін­дегі немесе құжатындағы әрбір өзгеріс тәуліктің кез келген уақытында қайта тексеруге болатын электрондық цифр­лық қолтаңбамен бекітіледі. Бұл қабыл­данған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді және сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін жояды», дейді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ауыл шаруашылығы өндірісі мони­торингі басқармасының басшысы Гүлнар Қабжанова.

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді әділ үлестіруді бақылайтын AGROSPACE платформасын да құру жоспарлануда. Платформа жер бөлінісін ғана қадағаламайды, мұнымен қатар жайы­лым­дық жердің жай-күйін ұдайы бақы­лап отыру мүмкіндігін де ұсынады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде жалпы аумағы 205,4 млн гектар болатын ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізіліп жатыр. Бұл – республика аумағының (272,5 млн гектар) 75 пайызы. Цифрлы картада бәрі тоғысады – жол желісі, гидрография, инфрақұрылым нысандары, жемшөп сыйымдылығы туралы дерек. Цифрлы карта 2024 жылдың соңында дайын болып, пайдалануға берілмек.