Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда экспорттық тасымалға және ел ішінде автомобиль транспортымен жүктерді жеткізіп беруге деген сұраныс айтарлықтай өскен. Сұраныспен бірге логистикалық қызмет құны да әжептәуір қымбаттады.
Халықаралық ATI.SU жүк тасымалдау биржасының мәліметі бойынша, Қазақстаннан өзге елдерге жүк жеткізуге сұраныс қатты өсім көрсетті. Биржада орналастырылған өтінім саны екі еседен артық көбейген (+122 пайыз). Бұл ретте тасымал құны орта есеппен 41 пайызға қымбаттаған. Жыл басында белсенділік біршама төмен болды. Бірақ көктемнен бастап жыл соңына дейін динамика жедел жүрген.
Былтырғы өсімнің басты драйвері – Қазақстаннан Ресейге жасалған жүк тасымалы (+109 пайыз). Жаңа бағыттардың нәтижесінде ресейлік тасымалдаушылар еуропалық жүктердің, сондай-ақ елге теңіз арқылы жеткізілген жүктердің шығынын өтеуге тырысты. Сонымен қатар Беларусь, Польша, Германия, Өзбекстан елдеріне жүк тасымалын жеткізу сұранысы да жоғары деңгейде.
Әдеттегі бағыттар бойынша жұмыс істеуді жалғастырғысы келген ондаған ресейлік және беларусьтік автопарктер ерте көктемде Қазақстанда тіркеліп алған. Бұл ішкі нарықтағы бәсекені күшейткен. Биржа басшылығының айтуынша, Қазақстанның Еуразиядағы жаңа логистикалық тізбектерді құрудағы рөлінің күшеюі халықаралық тасымалдауға өтінімдер санының айтарлықтай өсуіне әкелді, бұл сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігін сақтауға мүмкіндік берді.
– Бір жағынан Еуропа мен өзге елдерден импорттың күйреуі ресейлік компанияларды басқа бағыттар, оның ішінде Қазақстан бойынша жаңа жеткізіп берушілер іздеуге мәжбүр етті. Екінші жағынан, компаниялар Ресейден кетіп жатыр және олар өз бизнестерін басқа елдерде, соның ішінде Қазақстанға да көшіруде. Бұл елдегі экономиканың жаңаруына, соған сәйкес тасымалдың өсуіне де ықпалын тигізеді, – дейді Халықаралық ATI.SU жүк тасымалдау биржасы қазақстандық өкілдігінің басшысы Рената Зобова.
Импорттық тасымалдау бойынша сұраныс аса жоғары емес. Өткен жыл қорытындысы бойынша өтінім саны – 10 пайызға, құны 7 пайызға ғана жоғарылаған. Бірқатар еуропалық елдерден – Беларусь, Польша, Германия, Италиядан және Түркия мен Грузиядан да жеткізу көлемі артқан. Бірақ Ресей бағытына қарай тасымал көлемі керісінше, 3 пайызға қысқарған.
– Логистикалық нарықтағы айтарлықтай өсім негізінен елдегі саяси тұрақтылықпен және батыс елдерінің Ресейге салып жатқан санкцияларымен байланысты. 2022 жылы логистикалық тізбекте ауқымды қайта құру болды – жүк жіберушілер жаңа серіктестер мен жаңа өткізу нарығын іздесе, жүк тасымалдаушылар жаңа бағыттарға өте бастады. Бұл жағдайда көп компаниялар біраз жылғы серіктестерін жоғалтып, биржада тың тапсырыс іздеуге мәжбүр, – дейді Р.Зобова.