Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 1,1 трлн теңгеге 16,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейтін 149 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте орта және жоғары бөліністегі өнімдерді өндіру мақсатында өнеркәсіптік даму саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру де өте маңызды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2023 жылы осындай іргелі жұмыстарды атқаруға баса көңіл бөлмек. Ведомство күш салатын шаруа тізбегі өте мол. Соның ішінде транзиттік әлеуетті арттыру, жер қойнауын пайдалану мәселесінде қатаң талаптар енгізу және құрылыс саласындағы өзгерістерді ерекшелеп атауға болады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында саладағы негізгі өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, транзиттік әлеуетті арттыру мақсатындағы жобалар былтырдан бастап белсенді түрде іске асырыла бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр желтоқсан айында министрлік көлік-логистикалық әлеуетті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткен еді. Бұл – саланы одан әрі дамытып, алдағы іс-қимылды айқындайтын негізгі құжат. 2022 жылдың қараша айында теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы басталды. Аталған жобаны іске асыру осы учаскедегі жылжымалы құрамды өткізуді 5 есе арттыруға мүмкіндік бермек.
– Биыл Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысын бастап, сондай-ақ транзиттік учаскелердегі тар шеңберлі жерлерді жою жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Осы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал», «Бақты – Аягөз» сынды жобалардың техникалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары аяқталуға тиіс», деді ведомство басшысы.
Биыл автожол саласында жалпы көлемі 10,5 мың шақырым (оның ішінде республикалық желі бойынша – 7,3 мың шақырым, жергілікті желі бойынша – 3,2 мың шақырым) жолды салу және жаңғырту жұмыстарымен қамту жалғаспақ. Жол сапасын арттыру үшін жыл соңына дейін FIDIC халықаралық ережелерінің шарттары енгізілмек. Негізгі 50 нормативті құру арқылы қолданыстағы 1 200-ден астам салалық норматив оңтайландырылады.
Өз кезегінде вице-министр Еркебұлан Дауылбаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша қолға алынған жобалардың нәтижесінде қалалық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 98,4 пайызға және ауылды жерлерде 94,5 пайызға дейін ұлғайтылғанын атап өтті.
– Қазір барлық қала мен ауылды жерді таза сумен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін «Әр елді мекенде таза су» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жылы қала халқының 98,7 пайызын және ауыл халқының 96 пайызын сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен шамамен 172 млрд теңге көлемінде ақша бөлінді, – деді вице-министр.
Былтыр коммуналдық желілердің тозу деңгейі 51 пайызды құраған. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен шамамен 3 мың шақырымдай желіге жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Осы орайда министрлік еліміздегі кәріз-тазарту жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуі бақылауда екенін хабарлады. Айталық, қазір республикадағы 89 қаланың 27-сінде кәріз-тазарту құрылымдары қарастырылмаған. Ал 41 қалада тиісті нысандардың тозуы 60 пайыздан асып кеткен.
Министрлік қадағалайтын маңызды саланың бірі – құрылыс. 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 143,5 мың баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал құрылыс саласындағы бағаны қалыптастыру тетіктерін жетілдіру аясында, сондай-ақ инфляциялық тәуекелдерді алдын алу үшін министрлік құн индексін бекітті. Е.Дауылбаевтың айтуынша, құрылыстағы сметалық құнның өсуіне жол бермеу үшін жобалау-сметалық құжаттамадан прайс-парақтар алынып тасталды. «Сметалық бағаның қымбаттауына жол бермеу үшін бірыңғай сметалық бағалардың жинақтары әзірленді. Бұл өз кезегінде сметалық құжаттаманы дайындау үдерісін жеңілдетіп, оның сараптау үдерісін оңтайландыра түседі», деді ол.
Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін қазір цифрлы технологияларды енгізу қолға алынып жатыр. Мәселен, eQurylys жүйесі шұңқыр жерлерді қазудан бастап тұрғын үйдің пайдалануға берілетін кезеңіне дейін бақылауға мүмкіндік береді. Ал «Е-Шаңырақ» платформасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің жүйелерін біріктіріп, тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығы мен аталған салаға мониторинг жүргізіп, талдау жасауға септеседі.
Вице-министр Иран Шархан өнеркәсіптік даму, геология және жер қойнауын игеру бағытында былтыр атқарылған жұмыстар мен осы жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға өскен. Өңделген өнімнің экспорты былтырғы 10 айда 21,7 млрд теңгеге немесе 34,9 пайызға жетіпті. «2025 жылға дейін 134 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу, оның ішінде моноқалаларда – 13 мың, сондай-ақ ауылды жерлерде 61 мың жұмыс орнын ашу арқылы 734 жобаны іске қосу жоспарланған. Барлық жоба толық қуатына шыққан кезде өндіріс көлемі шамамен 10,4 трлн теңгеге жетпек», дейді И.Шархан.
Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржылай қолдау үшін министрлік несие, лизингтік қаржыландыру, капиталға үлестік қатысу мен өнеркәсіптік гранттарды беру сынды тетіктерді пысықтады. Мәселен, 2022 жылы даму институттары арқылы жалпы сомасы 425,5 млрд теңгеге жоғарыда аталған саладағы жобаларды қаржыландыру қарастырылды. Ведомствоның ақпараты бойынша, биыл қажетті жобаларды қаржыландыру үшін жалпы сомасы 399,2 млрд теңгеге құжаттама дайындалған. Қазір өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қаржыландырудың қосымша көздері мен тетіктері жан-жақты ойластырылып, пысықталып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданған еді. Оның негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті әрі жоғары технологиялық, сондай-ақ экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібін тұрақты жолға қою арқылы дамудың шикізаттық моделінен арылу. Осыған байланысты министрлік жүйелі шараларды қабылдап жатқанын айта кетейік. Оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру, қолжетімді қаржыландыруды көздейтін тетіктерді әзірлеу мен өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді айтуға болады.
И.Шарханның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өндіруші, өңдеуші және министрлік арасындағы ерікті үшжақты келісімді жолға қою арқылы қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жүйеге келтірілді. Ол жоғарыда айтылған шараны іске асыру кезінде бірқатар өзекті мәселенің де туындайтынын алға тартты. Мәселен, тау-кен секторындағы ірі кәсіпорындардың ерікті келісімді жасаудан бас тартатын жағдайлары байқалады.
– Бұл мәселені шешу үшін шикізатпен қамтамасыз етуге байланысты міндетті талаптарды белгілеуді ұсынамыз. Атап айтқанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізу арқылы жер қойнауын пайдаланушыларды шикізатпен қамтамасыз етуге міндеттеу қажет. Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда қатаң шаралар қабылданады. Оның ішінде, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияларды қайтарып алу, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды бұзу, шикізатпен қамтамасыз ету бойынша орындалмаған міндеттемелер жиынтығы мөлшерінде тұрақсыздық төлемін қолдану қарастырылады, – деді вице-министр.
Биылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу мен минералдық-шикізат базасын толықтыру саласындағы өкілеттіктер берілген болатын. Өз кезегінде жер қойнауына зерттеу жүргізетін уәкілетті органның министрлікпен бірігуі тиісті құзыреті бар инспекторлық құраммен пайдалы ресурстардың қазіргі ахуалына қажетті мониторинг жасауға жол ашады деген сенім бар. Осы бірігудің нәтижесінде ведомствода әр нысан бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жер қойнауының жай-күйі туралы толық ақпарат бір жерде шоғырландырылмақ. Былтыр бюджет есебінен жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу 104 нысанда жүргізіліп, оның 45-інде қажетті жұмыстар аяқталған.