Астанада Бокс федерациясының ұйымдастыруымен спорттың осы түрінен әйелдер арасында өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Мұнда Қазақстан құрамасы бір апта бойы елорданың “Дәулет” спорт кешеніндегі шаршы алаңда 16 елдің өкілдері арасында төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль иеленіп, жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
Біздің елдің құрамасында бас жүлдені Жайна Шекербекова (54 кг), Саида Қасенова (64 кг), Дариға Шәкімова (75 кг) мен 81 кило салмақта күш сынасқан Марина Вольнова жеңіп алса, 48 кило салмақтағы Назгүл Боранбаева жалғыз күміс жүлдені, үш қола медальді Әйгерім Асқарова (51 кг), Елена Кольцова (69 кг) және Юлдуз Маматкулова (81 кг) қанағат тұтты. Ал жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасынан кейін екінші орынды иеленген қытайлықтар үш алтын мен үш күміс жүлдені еншіленсе, Солтүстік Корея құрамасы екі алтын, төрт күміс медальді жеңіп алып, үшінші орынға, одан кейін финалда екі алтын, бір күміс жүлде иеленген Үндістан командасы төртінші орынға табан тіреді. Осы жерде үнділік 46 кило салмақта күш сынасқан төрт дүркін әлем чемпионы, екі баланың анасы Мери Ком есімді боксшының кезекті мәрте Азия чемпионы атанғанын атап өткеніміз жөн. Бұл сында үздік боксшы атағын 60 кило салмақта Азия чемпиондығын жеңіп алған тәжік қызы Мовзуна Шориева иеленді.
Чемпионат соңында осылардың бәрін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев, АІВА президенті Чинг Ву мен Олимпиада және әлем чемпиондары марапаттады.
Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес
Азия чемпионатының соңында ұлттық құраманың бас бапкері Вадим Присяжнюктен Қазақстан құрамасы үшін биылғы Азия чемпионатының қалай аяқталғанын сұрастырғанымызда, әйелдер боксын дамытумен соңғы бес жыл бойы айналысып келе жатқан бапкер былай деді:
– Сегіз медаль біздің құрама үшін үлкен жетістік. Әрине, ақтық сынға бес боксшымыз ғана емес, басқа да қыздарымыздың шығуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ та бап пен бақ тағы қатар жүрмесе, бұған біз не істей аламыз? Біздің қыздардың чемпионатқа дайындығы жақсы болды. Финалда Назгүл Боранбаевамен қолғап түйістірген Мери Ком үндінің төрт дүркін әлем чемпионы атанған боксшы. Шынын айту керек, Назгүлдің оған шамасы келіңкіремей қалды. Мұны жартылай финалда ұтылған басқа да боксшыларға қатысты айтуға болады. Дегенмен, төрт алтын, бір күміс, үш қола жүлде елімізде іргетасы 2005 жылы қаланған әйелдер боксы үшін үлкен жетістік дегім келеді.
– Төрешілердің жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Олардың жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Бәрі әділетті түрде өтті деп айта аламын. Тең болған жекпе-жектер, әрине, көп болды. Бірақ төрешілер соның өзінде қиналмай, өз бағаларын беріп жатты. Мұның бәрін АІВА президенті көріп отырды.
– Біздің құраманың қандай кемшіліктері, проблемалары бар?
– Бір ғана проблема бар. Бізде әйелдер боксы кеш қолға алынды. Қазір қарап отырсақ, кәрістер мен қытайлықтар 8-10 жасынан бастап спорттың осы түрімен айналысады. Ал біздің құрамада онымен шұғылданып жүргендеріне небәрі 3-4 жыл, әрі кетсе 5 жыл. Дегенмен, өсу бар. Төрт жылда төрт қызымыз Азия чемпионы болып отыр.
– Қыздар боксқа қалай келіп жүр? Әке-шешелері қарсы болған жоқ па?
– Әрине, бастапқыда ондай оқиғалар болып тұрған. Боксқа қыздар көбіне өз еркімен келіп жүр. Біз ешкімді қинамаймыз. Қазір құрамада кезінде күрес, кикбоксинг, қоян-қолтық күреспен айналысқан қыздар көп.
– Бокс федерациясы тарапынан әйелдер спортының осы түріне қандай жағдай жасалуда?
– Жақсы жағдай жасалып отыр. Біз бұрындары оқу-жаттығу жиындарына, киім-кешек, тамаққа, жарысқа шыққанда жатын орын алу үшін қаржы іздеп жүретін едік. Қазір олай емес. Команданың бірінші нөмірлі боксшылары 2 500 АҚШ доллары, екінші нөмірлілері 1 500 доллар көлемінде айлық алады. Оның үстінде сыйақы да бар. Федерация басшылығына Тимур Құлыбаев келгелі бері әйелдер боксын дамытуға қолда бар жағдайдың бәрі жасалуда.
– Естуімізше сіз елімізде әйелдер боксын дамытуды алғашқылардың бірі болып қолға алған екенсіз. Осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Иә, 2005 жылға дейін мен 2 жыл Вьетнамда жұмыс істеген болатынмын. Елге келгенде сол кездегі Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыхановқа әйелдер боксы туралы көрген-білгенімді айтып, оны Қазақстанда дамытсақ қалай болар еді деген болатынмын. Ол бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп, біз 2005 жылы әйелдер боксынан алғашқы Қазақстан чемпионатын өткіздік. Оған 20 адам ғана қатысқан еді. Содан кейін 40 қыздың қатысуымен 2006 жылы кезекті чемпионат өткіздік. 2007 жылы оған – 84, 2008 жылы – 120, былтыр – 140, ал соңғы чемпионатқа 158 спортшы қатысты.
– Алдағы жарыстарға дайындықтарыңыз туралы айтсаңыз.
– Осы жылы екі үлкен бәсекеге дайындалатын боламыз. Біріншісі – қыркүйек айында Барбадоста өтетін әлем чемпионаты, екіншісі – қарашада Қытайда жалауын көтеретін жазғы Азия ойындары. Оларға команданы іріктеу үшін 2-9 тамыз күндері Қостанай қаласында бас қосамыз.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.
МАРАФОНШЫЛАР ЖОРЫҒЫ
Аңырақай шайқасының 280 жылдығына арналды
Бұланты өзені бойындағы 1726 жылғы, 1729 жылғы Аңырақай даласында болған шайқаста ұлт мүддесі жоғары қойылып, еліміз жеңіске жетті. Бүгінде тарихшылар Аңырақай шайқасы – қазақтың екінші Бородиносы деп орынды баға бергені оның қаншалықты тартысты болғанын, халықтың ерік-жігерін жанып, ерлікке бастағанын дәлелдейді.
Осы қарт тарихты бүгінгі ұрпаққа ұлағат ету мақсатында ел көлемінде атап өтілетін биылғы Аңырақай шайқасының 280 жылдығына байланысты ұйымдастырылған іс-шара барысында Алматы қаласынан шыққан жаяу марафоншылар Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылына аялдап, жұртшылықпен кездесті.
Марафоншылар құрамында медицина және педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббасов, “Желтоқсан ақиқатының” төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы, Алматы қаласы марафоншыларының төрағасы Әлім Шәріпов, Мәскеу қаласының тұрғыны, марафоншы Соня Жаницина, әлем чемпионы, халықаралық марафоншы Ауқан Мұқатанов және басқалары болды. Жиында жоңғарлардың бетін біржола қайтарған, алты алаштың рухын көтерген Аңырақай шайқасының мән-маңызы, халқымыздың жан беріп, жан алысқан сәттердегі намысын жанып, қанын қайнатқан, жауға деген өшпенділігі жеңіске жеткізгендігі ортаға салынды.
Марафоншыларды аудан жұртшылығы мен С.Бердіқұлов, Абай, Наурызбай батыр, Т.Рысқұлов атындағы мектеп оқушылары мен ұстаздары, “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері қарсы алып, Аңырақай шайқасының тарихы мен бүгінгі тәуелсіздігіміздің баға жеткіліксіз құндылықтары жайлы әдемі әңгіме өрбіді.
Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтап, тарихтан орын алған айтулы оқиғаларды атап өту дәстүрі қалыптасса, Аңырақай шайқасының 280 жылдығының атап өтілетіндігі соның бір көрінісі деуге болады. Алдан су, арт жақтан жау қысқан сол заманда елінің бірлігін биік ұстаған Үйсін Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек, Алшын Әйтеке билердің есімдері бүгінде бірлік туын көтерген Абылай ханмен қатар аталады. Жиында осы жайлар да ойға оралып, бүгінгі ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудің алтын діңгегіндей еске салынды.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.