• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Ақпан, 2023

Қызылжардағы Мағжан көрмесі

463 рет
көрсетілді

Биыл Алаштың аймаңдай ақыны, ұлтымыз­дың рухани ұстынына айналған тұлғамыз Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Осыған орай Қызылжар өңірінде түрлі мәдени шаралар басталып кетті. Соның бірі – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған «Біздің Мағжан» атты көрме.

Оған ақынның мұрасына зерт­телуі мен насихатталуына ғана емес, өмір жолына қатысты да құнды құжаттар қойылған. Мәселен, Мағжанның Омбы мұғалімдер семинариясында, Мәскеудің Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқығанда берілген куәліктерінің көшірмесі де бар. Оларды ақынның ұстағанын, қол қойғанын көріп, түйсінген жан бейжай қарай алмайды. Ал «анкета арестованного», «протокол допроса» деген сияқты құжаттар сезімді жанды селк еткізіп, адамның тұла бойын түршіктіреді. 

Ақынның шығармашылығына қатысты сөре­лер­ден де жастар өздеріне көптеген жаңа­лық табады. Мұнда Мағжанның 19 жасында Қазан­дағы Кәрімовтердің баспасынан шығарған тұңғыш өлеңдер жинағы «Шолпанның» да көшір­мес­і қойылған. Алаш қайраткерлері Ә.Бө­кейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Ай­мауытов­тардың Мағжан шығармашылығына қатысты пікір­лерін де көруге болады. Олардың біразы төте жазумен кезінде «Қазақ» газетіне жарияланған.

Мағжанның шоқ жұлдызы жарқыраған сүбелі шығармасының бірі – «Батыр Баян» поэмасы. Ақын ақталғаннан бері осы поэма еліміздің Алматы мен Петропавлдан басқа қалаларында да бірнеше реттен кітап болып басылып шыққан. Көрмеге оның біразы қойылыпты. Сондай-ақ жеке кітап немесе кітапша түрінде жарық көрген «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы» поэмалары мен қазақ, орыс тілдерінде шыққан барлық дерлік жинақтары көрмеден орын алған. Соның ішінде Ташкентте 1923 жылы соңғы рет төте жазумен шыққан өлеңдер жинағынан кейін, яғни ақталғаннан кейін, араға 66 жыл салып, 1989 жылы жарық көрген қалың жинағы бүгінгі түйсікті жастарды қатты қызықтырады.

Ақын шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, жазушылар мен журналистер еңбектері де бір төбе. Олар да көрме сәнін арттыра түскен.

Көрмеге келген кәрі-жасы аралас қалың оқырманның арасында біз қызық тағдырлы адамды кездестірдік. Ол Мағжанның аталас туысы, Атығайдың Есентаңырық атасынан тарайтын Амангелді Жұсыпов деген ақсақал. Жасы қазір 76-ға келген ақсақал 1972 жылы Зылиха апамыздың үйіне барған екен. 

– Мен ол кезде Булаев ауданындағы Калинин кеңшарында партком хатшысы болып істейтін едім. Сол жылы Алматыға білім жетілдіру курсына баратын болдым. Біздің үйдің және ағайындардың арасында Мағжанның есімі ұмытылған жоқ, үнемі айтылып, үнемі еске алынып отыратын. «Арманда кетті-ау» деп күрсінетін еді, үлкендеріміз. Оның әйелі Зылиха жеңгеміздің Алматыда тұратынын да естігенбіз. Мен сонда оқуға баратын болған соң соға келейін деп білетін туыстардан мекенжайын алдым, – деді Амангелді Мәлікұлы.

Елді аңсап, асыл жарын да сағынып жүретін Зылиха апай Мағжанның аталас туысын жақсы қарсы алады. Ақын жерлесі Хамза Абдуллинді де алдырып, екеуі көп әңгіме айтады. Хамза ағамыз Түркістан легионында болғанда Мағжан өлеңдерін машинкаға бастырғанын да айтқан екен. Алайда кеңес әскерлерінің қолына түскенде жазбалардың бәрін құртып жіберіпті.

– Сол кеште Зылиха жеңгеміз маған Мағжан ағамыздың мына суретін сыйлады. Сендер оның түрін де ұмытып қалған шығарсыңдар. Мына фотосын көбейтіп, шығартқанмын, өздерің көріп, біліп жүріңдер деп берді, – дейді ағамыз.

Сол жолы Амангелді Мәлікұлы Зылиха жеңгейді Қызылжарға да алып келіпті. Оның қалада тұратын зергер інісі бар екен. Апамыз алдымен соның үйінде қонақ болып, артынан Мағжан еліне келген.

Бұл Мағжан әлі ақталмаған жылдар болса да, халқы оны ұмытпаған екен. Бәрі де жұбайын алақандарына салып ардақтап, күтіпті. Мағжанның көрмесінен осындай да бір жаңалық естіп, біз де қуанып қалдық.

 

ПЕТРОПАВЛ