• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2010

ҰБТ БИЫЛ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

834 рет
көрсетілді

Өткен аптада Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев баспасөз өкілдерімен жүздесіп, Отанымызда биыл мектеп бітіріп жатқан түлектердің Ұлттық бірыңғай тесті бойынша сынақ тапсыруына қатысты мәселелерді ортаға салды. Елімізде 138 мың 162 оқушы мектеп бітіріп жатса, оның 110 мың 118-і ҰБТ арқылы емтихан тап­сы­руға тілек білдіріпті. Талапкерлердің білімін сарапқа салу 4-10 маусым аралығында 154 пунктте, яғни 49 қала мен 105 ауданда өткізіледі екен. ҰБТ-ны тиімді ету мақсатында ат­қарылған жұмыстар туралы жан-жақты хабардар еткен министр 5 пән негізінде тест жүргізілетінін, нақтылай түссек, оқыту тілі (қазақ немесе орыс) Қазақстан тарихы, ма­тематика, таңдау пәні, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектеп­тер­дегі – қазақ тілі, қазақ тілді мек­тептердегі – орыс тілі болып келетінін назарға салды. Әрбір пән бойынша тапсырмалардың саны – 25 десек, 5 пәндегі сұрақ 125-ті құрайды. Емтихан уақыты 210 минөт, бұл 3,5 сағат деген сөз. Биылғы жылы мектеп бітіру­ші­лер мемлекеттік грант алу конкур­сы­на түсу үшін кем дегенде 50 балл жинауы тиіс. Ал жалпы медицина мамандығына 55 балл болуы керек. Бір жаңалық, ҰБТ-ның балын аттестаттың бағасына ауыстыру шкаласы өзгергендігі. Егер мектеп бітіруші бір пәннен 0-3 балл жинаса – “қанағаттанарлықсыз”, 4 және одан да жоғары балл жинаса – онда оңды көрсеткіш болып табылады. Тестің дұрыс жауаптары “Мемлекеттік құпиялар туралы” заңға сәйкес қатаң қадағаланады. Тапсырмаларды бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешу, оқушы­лар­дың құқығын қорғау мақсатында республикалық және ҰБТ-ны өткізу пунктінде апелляциялық комиссия құрылып, жұмыс істейтін болады. Тапсырмалардың мазмұнында не­месе техникалық мәселелер бой­ынша түсінбеушілік болып жатса, үміткерлердің өтініштері тестің қорытындысы шыққаннан кейін, яғни келесі күнгі сағат бірге дейін қабылданатынын айта кетсек дей­міз. Ал ұлттық мектептің бітіруші­ле­рі (ұйғыр, өзбек, тәжік) өз қалау­лары бойынша ҰБТ-ны, не болмаса (мемлекеттік немесе орыс тілінде) сынақ тапсыруларына болады. Оқу­шылардың алған білімін кінаратсыз бағалау жөнінде облыстық, Астана мен Алматы қалалары білім басқармаларының жанынан арнайы бақылау штаб­тары құрылған. Оның жұмысын Білім және ғылым ми­нистрі жа­нындағы республикалық штаб үйлестіріп отырады. Сүлеймен МӘМЕТ. ТҮЙЕТӨБЕДЕГІ ТАҒЗЫМ Ақтөбе қаласынан 15-20 ша­қы­рым жердегі Түйетөбеде қу­ғын-сүргінге ұшыраған талай боз­дақтар ату жазасына кесіліп, мәң­гілікке дамыл тапқан. Кезінде осы жерге жазықсыз жазалан­ған­дар­ға ескерткіш қойылған-ды. Міне, содан бері ақтөбеліктер мен қала қонақтары жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні осы бір азалы орынға келіп, шейіт кет­кен боздақтардың аруағына тағ­зым етуді дәстүрге айнал­дырып келеді. Кеше облыс әкімі Елеусін Са­ғындықов, облыстық мәслихат­тың хатшысы, “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, Ақтө­бе қаласы­ның әкімі Архимед Мұхамбетов Түйе­төбедегі қуғын-сүргін құрбан­дарына орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жазықсыз жазаланғандардың аруағына тәу етті. Бұл шараға сондай-ақ қала­да­ғы мекемелер мен ұйымдар, кәсіп­орындар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, жо­ғары оқу орындары да қатысты. Осы қасиетті орынға туысқан­дары қуғын-сүргінге ұшыраған қалалықтар да адам­гершілік парызын өтеуге көп жиналды. Соңынан марқұмдардың аруақтарына құран бағышталды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. ОТАНДАСТАРЫ ЕСІНДЕ Қарағандының оңтүстік-шы­ғысындағы Ақбұйратадыр ұсақ шоқылы төбелер баурайында бұдан 160 жыл бұрын пайда болған  Спасск мыс қорыту зауы­ты орнын уақыт өте келе Қарлаг бөлімшесі ауыстырды. Екінші жаһандық соғыс алдында мұнда айналасы тікен сыммен қоршалып тасталған лагерь ұлан-байтақ  Арқа даласына дендеп еніп, жайы­лып жатты. Соғыстың орта тұ­сын­да әс­кери тұтқындар мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азамат­тар аталған бөлімшенің  Степной, Луговой, Песчаный лагерьлерін толтыра бастады. Бірнеше мың неміс, румын, поляк, жапон, фин  азапты жылдарды бастан кешірді. Олардың біразы, 5152 шетелдік тұтқын кейінде анықталған дерек бойынша, туған жерлерімен қайта қауыша алмады. Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты тарихтың осы бір ақтаңдақ беті ашылып, қасірет құрбандарына ескерткіштер орна­тыл­ды. Алғашқы мемориал жа­пондық тұтқындар құрметіне арнал­ды. Одан кейін Германия, Венгрия, Литва, Ресей, Украина, Румыния үкіметтері мен қоғамдық ұйымдары отандарына оралмаған  азамат­тарына белгілер қойды. Спасск қорымындағы  Қазақстан­да қаза болған барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарына жеке ескерткіш бұл күнде халықтарға ортақ қасіреттің қайталанбауын еске түсіртеді. Кеше Астанадағы елшіліктер, қоғамдық қозғалыстар, облыстық әкімдік атынан ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, осында жерленген тағдырластар рухына арналып діни рәсімдер жасалды. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.