«2022 жыл несімен есте қалды?» дегенде, көз шығарардай сойдиып тұрған – Ресей мен Украина қақтығысын, іле-шала өзімізде басталған теңге бағамының ыршып кетуін, қазақ мұнайының басына төнген қатерді (КТК-ның тоқтап қалуын) айтамыз. Бір қызығы, қатер төндіру жағынан осылардан бір мысқал кем түспейтін қант тапшылығын да аттап өте алмас едік. Сауда дүкендерінен қанттың бір-ақ сәтте жым-жылас жоғалуы нарықта алапат дүрбелең тудырды. Бұл жағымсыз ахуал елдегі қант өндірісінің қанатын жая алмай тұрғанын, өнімнің тап осы түрі бойынша импортқа тым тәуелді ел екенімізді тағы да есімізге салып өтті.
Қазақстан жеке қант өндірісі арқылы ішкі тұтынудың тек 40 пайызын жаба алады. Бұл тұрғыда Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Қанат Жауымбаев Үкіметтің 33 тармақтан тұратын қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар қабылдағанын айтты.
«Кешенді жоспар шеңберінде егіс алқаптарын ұлғайту жөніндегі іс-шаралар көзделген. 2024 жылға қарай қант қызылшасына арналған егіс алқаптары 25 мың гектарға дейін ұлғайтылады деп жоспарлануда. Биыл 10,1 мыңнан 16,1 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Сондай-ақ қант құрағын әкелу кезінде биыл импорттық бажды нөлге теңеу көзделген. Қазір бұл мәселені ЕЭК отырысына шығаруды жоспарлап отырмыз. Қант қызылшасын қант зауыттарына килограмы үшін 15 теңгеден 25 теңгеге дейін тапсыруға арналған нормативтер мен субсидиялар тартылды. Жол картасы аясында қант зауыттарын айналым схемасы бойынша қаржыландыру шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, облыс әкімдіктерінен қант зауыттарын қаржыландыруға 25 млрд теңге бөлінбек. Қазір соның 14 млрд теңгесі бөлінді», деді Қанат Жауымбаев.
«Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айжан Наурызғалиева жоғарыдағы ұсынысты қолдап, қант қызылшасына арналған егіс алқаптарының ұлғаюы аса қажет екенін жеткізді. Айтуынша, 2020 жылдан бастап егіс алқаптары қысқарып келеді. 2020 жылы егіс алқабы 15,2 мың гектар болса, 2022 жылы небәрі 9 мың гектар болып қалған. Бұл өте аз, тиісінше аз өнім алынды дейді. Ол сумен, газбен қамтамасыз ету және «Ақсу Қант» қант зауытына теміржол салу сияқты проблемаларды да атап өтті. Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, жаңғырту үшін шамамен 13 млрд теңге қажет. Жаңа қымбат жабдықтарды сатып алуға жеңілдікті несиелер бөлу деген сияқты мемлекеттік қолдау шаралары жетіспей тұр дейді.
Шенділер 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес, қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын айтады. Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, өңірде биыл 8 100 гектарға қант қызылшасы себілді. Аудандармен жұмыстар жүргізіліп, нақты шаруашылықтар анықталып, оларға 5 мың гектар жерге минералды тыңайтқыштар берілді. Нәтижесінде, 283,5 мың тонна өнім жиналады деген жоспар бар. Шаруашылықты тұқыммен қамту бойынша тікелей Көксу қант зауытымен жұмыс жүргізілмек. Бүгінде жаңа келісімшарт жасалып, қажетті тұқым қоры қамтамасыз етіліп жатқан көрінеді. Кәсіпорын форвардтық негізде шаруашылықтарға көктемгі дала жұмыстарына 700 млн теңге көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отыр екен.
«Көксу қант зауыты биыл 50 мың тонна қамыс құрағын өңдеп жатыр. 8 100 гектардан 283 мың тонна қант қызылшасы өндірілсе, оның барлығы Көксу зауытына жіберіліп, өңделеді. Ақсу қант зауыты былтыр жұмыс істеген жоқ. Себебі қамыс құрағын өңдеу үшін қосымша қондырғылар орнатылды. Бүгінде жұмыстардың 97%-ы аяқталды. Қамыс құрағымен қамтамасыз ету жөнінде швейцариялық компаниямен 3 мың тоннаға келісімшарт жасалды, ол 18 ақпанға дейін жеткізілмек. Зауытты наурыз айының басында іске қосу жоспарланып отыр», деді Нұрдәулет Кененбаев.
Ақсу зауытының қуаттылығы шамамен 40-50 мың тонна қамыс қант шығаруға мүмкіндік береді екен.
Жалпы, мамандар шағын өндірушілердің шикізатқа қолжетімділігі, қаржыландыру, агротехнология, техника, өнімді өткізу тұрғысынан бірқатар проблемаларға тап болуы мүмкін екенін айтады. Бұл ретте көмекке қант кластері келуге тиіс.
«Бізде 4 қант зауыты бар. Соның негізінде жақсы кластер дайындауға болады. Қант кластері шаруаларды инфрақұрылыммен ғана қамтамасыз етпейді, бұл – қаржыландыру, агротехнологияларды сақтау, техникалық және технологиялық қамтамасыз ету, сондай-ақ өткізу мәселелері. Кластердің өзегі болып саналатын қант зауыты арқылы кепілдендірілген сату қамтамасыз етіледі. Сондықтан біз Жол картасын сәл кеңейтіп, 4 зауыт негізінде қант кластерлерін дамыту бойынша ұсыныстар енгіземіз. Әрбір зауыт кластердің өзегі болады», дейді Қанат Жауымбаев.
Бастаманы «Бәйтерек» ҰБХ» қолдауға дайын. Холдинг қант зауыттарына жабдықтарын жаңартуға жеңілдетілген несиелер бере алады. Несие серіктестіктері арқылы қант қызылшасын өсіретін фермерлердің айналым қаражатын да қаржыландырады. Осылайша, қант кластерін құру «Бәйтеректің» қаржылық ұсынысымен табысты кооперациялануы мүмкін.
Елдегі қант проблемасын шешу үшін кешенді бастаманың қолға алынуы әсте тегін емес. Өйткені бір қант өндірісі үшін ондаған, жүздеген шаруаның басын қайырмаса болмайын деп тұр. Бұл ретте логистика, шикізат пен дайын өнімді тасымалдау шығындарын азайту, мазутты арзандату, газдандыру, қант зауыттарын дамыту үшін теміржол құрылысын қаржыландыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелер санатында.
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Шу қаласында қант зауытын салу жоспарланып отыр.
«Тағы бір қант зауытын салу мәселесі ұзақ талқыланды. Инвестор табылған сияқты, Шуда Konya түрік компаниясымен бірге зауыт салынатын болды. Қазір жоба қаралып жатыр. Қант саласын дамыту жөніндегі бағдарлама 2025 жылға дейін қант өндірісін 270 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», дейді ол.
Оның айтуынша, 2022 жылы Қазақстанда 306 мың тонна құрақ қанты және қант қызылшасынан 50 мың тонна өнім өндірілген – бұл өте жоғары нәтиже. Бұрын өндіріс жылына 100 мың тоннадан аспайтын. Аталған өнімнің өзіндік құнының төмен болуына байланысты нарыққа шетелден арзан қант әкелініп, қазақстандық зауыттар өндірісті тоқтатуға мәжбүр болған. Министрдің айтуынша, биыл қант бағасына қатысты дау-дамай туындамауға тиіс. Меморандумдарда ең жоғары баға 460 теңге деп көрсетілген.
Егер ойға алған жоспарлар өз деңгейінде орындалса отандық өндірістің үлесі 7%-дан 43%-ға дейін артуға тиіс дейді министрлік өкілдері. Субсидиялау нормативін 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтудың арқасында қызылша өсірушілер өз өнімінің бір тоннасын 40 мың теңгеге сататын болады. Сонда қант қызылшасының рентабельділігі басқа дақылдар деңгейіне жеткізілмек.
Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Салық кодексіне қант өндіруге және қамыс шикізатын әкелуге салықтық преференциялар беру бөлігінде түзетулер енгізілді.
Саланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2026 жылға қарай қант қызылшасының егістік алқаптары 60 мың гектарға жетуге тиіс, бұл қант импортына тәуелділікті төмендетуге және отандық нарықты өз өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.