• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Ақпан, 2023

Аймұраттың Уругвайдағы жылдары

3293 рет
көрсетілді

Атырау облысында былтырдан бері «Теңіз» кен орнынан жұмысшылар босатылып жатыр. Себеп – жалпы құны 45 млрд долларды құраған келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобаларын іске асырудың соңғы межесіне жақындауы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдар­ламалар бас­қармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуын­ша, «Теңізден» боса­тылғандардың арасында тек Қа­зақ­станда ғана емес, ше­тел­­дер­дегі компанияларда жұмыс іс­теу­ге ниет білдіргендер бар. Мәселен, 10 адам Ресей Федерациясындағы «Татнефть» компаниясына жұмысқа орналасқан. Ал «Велесстрой» компаниясы білікті мамандарды Ресейге, «Шлюм­берже Лоджелко» жұмыс­шы­лар­ды Өзбекстан Рес­пуб­ли­ка­сына жұ­мыс істеуге жіберген.

Әрине шетелге барып, маман­ды­ғына сәйкес жұмыс табу оңай емес. Десек те, ір­гедегі көршілес елдерге емес, ұшқан құс­тың қанаты талатын алыстағы Уруг­вай­ға кәсібінен нәсіп табуға барған атыраулықтар аз емес. Солардың бірі – Аймұрат Алдоңғарұлы.

Оның мамандығы – оқшаулаушы. Бір қарағанда, бұл қатардағы көп мамандықтың бірі саналады. Бірақ ірі жобаларға осы кәсіпті мең­гер­ген­дер ауадай қажет-ақ. Дәл осы ма­ман­дықты жетік меңгерген Аймұрат Алдоңғарұлы бұрын бірнеше жыл «Теңіз» кен орнында жұмыс істеген. Алайда жобаның аяқталуына байланысты жұмыстан босатылған. Бірақ өз ісінің қыр-сырын білетін маман қол қусырып отырмай, жан-жақтан жұмыс іздей бастаған. Тіпті шетелдегі таныс­тарымен байланыс орнатқан.

– Уругвай еліндегі Дурасно қала­сы­ның маңында жаңа зауыттың құ­ры­лысы жүріп жатыр. Сол зауыт­тың құ­рылысында оқшаулаушы маман­ды­ғы­мен жұмыс істеп жүрген таныстарым бар. Солар арқылы жаңа зауыт құры­лы­сын жүргізіп жатқан компанияға түйіндеме жіберген едім. Көп уақыт өтпей, компаниядан жұмысқа шақырту келді. Мұны өзіме берілген мүмкіндік ретінде қа­рас­тырып, көп ойланбастан, Уруг­вайға баруға жиналдым. Өйткені ком­пания маған сенім артып отыр. Бұған «Теңіз» кен орнында жинаған тәжірибемнің септігі тигенін жасырмаймын. Жол билеті мен құжаттарды реттеуге жұмсалған шығынды компания көтеріп алды, – дейді Аймұрат Алдоңғарұлы.

Қазір онымен бірге литвалықтар, шведтер жұмыс істейді. Шетелдегі жұмысының «Теңіз» кенішіндегі жобадан айырмашылығы көп. Бұрын «Теңізде» түскі үзіліске берілетін уақыт ұзақтау болған. Тіпті арасында шай ішуге рұқсат берілетін. Ал Дурасно қаласындағы зауыт құрылысында талап дәл мұндай емес. Мұнда түскі ас ішу жарты сағатқа ғана созылады.

– Қазақстан мен Уругвайдың климатын салыстыру мүмкін емес. Қазір Дурасно қаласында күн ыстық болып тұр. Соған қарамастан, мұнда күніне 10 сағат жұмыс істеуге тура келеді. Ше­телде жұмыс істегендіктен, жала­қы­да да айырмашылық бар. «Теңіз» кен орнындағы жобада жинаған тә­жіри­бемнің пайдасын, әсіресе еңбек қауіпсіздігі жөнінде алған білімнің жемісін көріп жүрмін, дейді ол.

Үнемі алға ұмтылып, мақсатына жетуді көздеген Аймұрат Алдоңғарұлы алдағы жоспарымен бөлісті. Қазақ­стан­ға наурызда, не мамырда келуді жоспарлап отырған көрінеді.

– Бізде қарапайым мамандықты игерген қыз-жігіттер өте көп. Бірақ сондай мамандық иелерінің көбінде тек өз елімізде, мүмкіндік болса, «Теңіз», «Қашаған» секілді жоба­ларда жұмыс істеу қажет деген түсі­нік қалыптасқан. Шет тілін біл­сең, таңдаған мамандығыңды жетік мең­герсең, өзге елде де жұмыс істеуге болады. Те­гінде, ізденген адам алға қойған мақ­сат-мұратына жетеді. Таң­да­ған мамандығымен жұмыс табады. Сол себептен, шетелге барудан, жұмысқа орналасудан тартынбау керек. Өйткені ел, жер көресің. Сол елдің мәдениетіне, тарихына қанық боласың. Шетелдегі компанияларда жұмыс істесең, тәжіри­бең де толыға түседі. Осының бәрі адамның бір орында тұрақтап қалмай, дүниетанымын кеңейтуіне, алға жылжуына ықпал етеді, – дейді А.Алдоңғарұлы.

 

Атырау облысы