• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 19 Ақпан, 2023

Намыстан жаралған

656 рет
көрсетілді

2003 жылдың 18 ақпанында, осыдан тура 20 жыл бұрын Мәлік Мұқановтың күрескер жүрегі қалт тоқтаған еді. «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген, бір жылдай айналдырған бейдауа кесел ақыры оны 59 жасында арамыздан алып кетті...

«Бір-бі­рімізге тасада тұрып тас атпасақ, өз сыбаға­мызды басқаға асатпаймыз» дегенді жиі айтатын, жерлестерінің бетке ұстаса беделі бар, арқаға ұстаса панасы болар азамат еді»

Мәлік Мұқанов қаламы өткір, ойы ұшқыр, білімі ұшан-теңіз журналист еді. Ол үнемі ізденіс үстінде жүретін. Қысыр кеңес, бөгде әңгіме дегенді ке­рек қыл­майтын. Шыншылдықты шұ­рай­­лылықпен жеткізе алатын шын шеберге тән өнері зор еді. Қолына газет не­месе кітап ұстап жұрттан шеттеп, өзімен өзі ойға шомып отыратын. Сондайда оны үнемі намыс буып, ұлтының қамына қарадай қамығып отыратынын сезетінбіз. Әсіресе ел тоналып, дүниенің бәрі жекешеленіп, бай­лықтың бәрі дүниенің құлағын ұстап отырғандардың қамсауында кеткеніне күйінетін...

Мәкеңді еске алғанда алдымен оның күрескерлігі ойға оралады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиямпұрыс әрекеттерді қазір ұмыта бастадық. Се­пара­тистік пиғылдың от қойса лап ете қалатындай көрініс бергенін естен шы­ғардық. Ұлт республикаларының жеке мемлекет болып, өз алдына ту тігіп, ірге­сін бүтіндей бастағаны ақыл-ойы, санасы империалистік, шовинистік саясатпен уланған жандарға жарадай көрінді. Қолындағы ұшы-қиырсыз жерді ұқсата алмай жатса да, өзгелерден жер қамтып қалу дегенді арғы ата-бабасынан бері бастарына сіңіргендер қолтықтан кетіп, ел болып жатқан республикалардан тым болмаса бір қомақты кесекті алып қалуға жанталасты... Олардың Қазақстанның да бойынан біраз жерін сылып алмақ ойлары болғанын жасыруға болмайды. Сол пиғылын ХХІ ғасырда да жалғастырып келе жатқанын көріп отырмыз. Сыртқы күштер ішкі сепаратистерді қолдап, олар­дың газеттерін шығарып беріп, ауыз­дарына келгенін айтқанын құптап, түр­лі шығындарын мойындарына алып, арандату шаралары ағыл-тегіл жүрді. Супрунюк деген бір сұмпайының сөзі мәскеулік жәдігөй Жириновскийдің сөзінен аумайтын...

Сол кездегі Қазақстан билігі қанша жерден арандатушылар мол болға­нымен, текетіреске ерік бермей, Ресей басшылы­ғымен барынша келісімді саясат ұстағаны елдің тұтастығын сақтады. Осы орайда жергілікті шовинистердің әрекеттерін әшкерелеген, олардың не көздейтінін көрсетіп, халықтың көзін ашқан бір топ күрескер азаматтың да еңбегі орасан болды. Сол күрестің басында қазақ, орыс тілдеріне жүйрік, біліктілікпен айта да, жаза да білетін Мәлік Мұқанов ағамыз жүрді. Қал­ғанымыз соның төңірегіне жиналып, қолымыздан келгенінше се­па­ратистердің жүген-құрықсыз жосуы­на тосқауыл болуға тырыстық. Респуб­ликалық, облыстық БАҚ-тар арқылы жал­пақ елімізге біздегі әрекеттер толық жетіп жатты. Жаңатастан екі вагон жас­тың Қызылжарға жетуі де сол тұс, М­ә­кеңнің казактардың «кругын» өт­кі­зу­ге қарсы шығып, іліп қойған туларын жұ­лып алып, жерге тастағаны да осы кез...

Елімізге танымал талай тұлға, қайрат­кер де Мәкеңнің күрескерлік қырларына тәнті болғанын айтып, еске алып отырады. Бірде, сенатор қызметінде жүрген Қуаныш Сұлтанов та өзінің сондай бір әңгімесін айтып еді. «Петропавлдағы сепаратистік өрекпу толқып тұрған күн­дердің бірінде Ақпарат министрі ретінде мені де облыстың белсенділерімен кездесуге жіберді. Экономикалық дағда­рысты сылтау қылғандар шу дегеннен Қазақстанның болашағы жоқ деген сарында сайрап берді. Ешбір қарсы пікір, дәлелді құлаққа ілгісі жоқ. Біз жоғары жер­ден келген адамдар болған соң олар­дың пиғылына дейін төменшіктеп, сөз таластыра алмадық. Сол кезде Мә­кең аналардың дәлелдерін тас-талқан қылып, шашып тастаған еді», деп риза болғанын ұмыта алмайтынын айтып еді.

«Алуа – менің айдыным» атты Мәкең­ді еске алу кітабы құрастырылғанда қазақ­тың тағы бір қайсар азаматы, сол кезде облыс әкімінің орынбасары болған Қу­ат Есімханов былай деп жазыпты: «Бір-бі­рімізге тасада тұрып тас атпасақ, өз сыбағамызды басқаға асатпаймыз» дегенді жиі айтатын, жерлестерінің бетке ұстаса беделі бар, арқаға ұстаса панасы болар азамат еді».

Мәкең облыстық мәслихаттың депутаты да болған еді, соның мінберін пайдаланып, орыс-қазаққа сепаратистердің қанды қасапқа бастап жүргенін ашық айтып, дәлелін келтіріп, арандатушылыққа ұрынып қалмауға шақыратын. Ал аран­­­да­тушылардың басшыларымен арыс­­­­­тандай арпалысты. Ақыры ол Су­прунюктің се­паратистік сөздері Қа­зақ­стан­ның тұтас­тығын бөлшектеуге ша­қы­ратынын дә­лелдеп сотқа беріп, оны екі жылға бас бос­тандығын айыруға қол жеткізген.

Ол мәслихаттың депутаты болып жүр­генде түрлі саланың басшылары да өздерінің бюджеттік шығыстарын қорғауға қатты дайындалатын. Өйткені Мәкең олардың ақшаны бос шығынға бөлдіретінін бұлтартпай ұстайтын. Сол жылдары Жекешелендіру комитетінде істеп жүрген біз ондайды өзіміздің бас­ты­ғымыздың қылығынан талай рет көргенбіз. Ол басқа депутаттардың бірі­нен де ықпайды, айтатыны тек: «Әлгі Мұқа­нов «придиратся» етіп жүрмесін мы­наған», деп пысықтап жататын еді.

Мәлік Мұқановтың журналистік шеберлігі де ерекше еді. Ол аз сөзбен, нақ­ты дәлелдермен үлкен ойларды, соның ішінде орасан дауларды ше­шетін түйінді сөздерді тауып айтатын. Рес­пуб­ликалық «Халық кеңесі» газе­тінде халыққа әбден танылған ол елдің бас­ты басылымы «Еге­мен Қазақстанның» Сол­түстік Қазақстан облысындағы мен­шікті тілшісі болған жылдары ше­берліктің шыңына жеткен ақмылтық журналистің өзі болды. «Егеменнің» басшылары Мәкеңнің жур­на­листік өнерін басқаларға үнемі үлгі етіп отыратын. Осында ол Журналистер одағының сый­лығын да алды.

Мәкең сан қырлы дарын иесі еді. Оның сыршыл, психологиялық пор­трет­тері айқын, жұтынған, жұп-жұмыр, көр­кем әңгімелері «Жалын», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналда­рына жиі шығып тұрды. Мысалы, айы­рылысқан жастардың арасындағы бала тағдыры, оның психологиялық қа­лыпты дамуы ауыр соққыдан қалай бұзы­луын лирикалық көркемдікпен бере біл­ген «Жанат пен көкесі» атты әңгімесі «Мә­дениет және тұрмыс» журналына басылып, республиканың түкпір-түкпірінен өкінішке толы хаттар алғанын айтушы еді. Бұдан басқа «Қоңыр бұзау», «Көршілер», «Үш тал гүл», «Демалыс», «Ескі домбыра» және т.б. әңгімелері – эстетикалық-талғамдық қуаты жоғары, адам жанының терең, психологиялық қырларына бойлайтын көркемдік шеберліктің үлгілері.

«Бұлт өтті көлеңкесі көлең етіп,

Көңілім бір сілкінді елең етіп.

Самал жел маңдайыңнан сипағанда

Лебіне қала берді белдер елтіп.

Күн зергер көк майсаға гүлін екті,

Ақ бұлақ тал түбінде күбір етті.

Аспанда қиқу салған тырна даусы

Жердегі жүректерді дүбірлетті».

Көз алдыңызға көктем суреті айна-қатесіз келіп, көңіл күйіңіз бір көтеріліп қалмай ма? Бұл Мәкеңнің «Көктем» деген өлеңінен үзінді. Оның осындай лирикалық жырлары көп. Егер соңына түссе, ол ірі ақын болары даусыз еді. Бірақ Мәкең қоғам мен адамға пайдасы көбірек тиетін публицистиканы, өмірдің бүгінгі күресін қалап, үлкен поэзияға бармаған.

Мәкеңнің деректі көркем әдебиет­тегі образын да жасауға тырысқанбыз. «Өзгеленді бұл ғалам» атты романы­мыз­­дағы Батыр Мұқанов деген кейіп­кердің про­­тотипі Мәлік Мұқанов екенін жұрт­ жақсы біледі. Жергілікті ақын-жазушы­лардың бәрі оған арнап өлең, естелік жазды. Мәселен, Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі, ақын Зейнолла Әкім­жанов марқұм:

«Заманға талайлар жүр қолын сермеп,

Жан едің ойың – отты, көңілің сергек.

Арманың: «Шың басынан

көрінсем тек,

Ұлтым үшін құрбан боп көмілсем тек!»

деп жырлаған-ды.

Осы жолдар Мәкеңнің өмірлік кредосын айқын көрсетіп тұрғандай. «Асқар, Алтай – алтын ана есте жоқ, Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!» деп Мағжан айтпақшы, Мәлік Мұқановтың есімі де жылдан-жылға ұмытылып барады. 2019 жылдан бері «Егеменнің» Солтүстік Қазақстандағы меншікті тіл­шісі бола жүріп, Мәкеңнің атына бір көше атын беру керектігін айтпаған, жаз­баған жері­міз жоқ. Бәрі де жүре тыңдап, салғырт қа­райды. Тә­уелсіздіктің нығаюы­на жергілікті жерде Мәкеңнен ар­тық еңбек сіңірген кімің бар десең, ұққысы кел­мейді. Шенеуніктерге тек орден-медалі көп, қызметі жоғары, түр­лі атақ алған адамдар ғана керек. Бас­қаларды білгісі жоқ. Әйтеуір, биыл өңірімізге Мәкеңнің еңбегінен хабары мол Айдарбек Сапаров әкім болып келді. Ол кісіні келмей жатып кеңірдектен ала алмадық... Енді сайлау науқаны өткен соң, тірі болса биыл 80 жасқа толатын асыл ағамыздың атына бір көше берер­міз деген ойдамыз.