Енді елімізге кемі бір жылға дейін SOS батырмасы орнатылмаған автокөліктер әкеліне береді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде шешім қабылданды. Мұндай шешімнің қабылдануына Қазақстан тарапы бастамашылық еткен. Осылайша, жеке автокөлікті SOS батырмасымен міндетті жарақтандыруды қолданысқа енгізу мерзімі 1 жылға ұзарды.
ЕАЭО елдерінің аумағына әкелінетін N және M (жүк және жолаушы) санатындағы жеке автокөлікті шұғыл және жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен (SOS батырмасымен) жарақтандыру жөніндегі талаптар Кеден одағының техникалық регламентінде айқындалған. 2024 жылғы 1 ақпанға дейін ЕАЭО елдерінің осы санаттағы көлік құралдарының ресми импорттаушылары мен өндірушілері осы міндеттемелерден босатылған болатын.
Автокөлік иелерінің қондырғының қымбаттығына (шығарылған жылына байланысты кедендік тазарту құнының шамамен 25%-ы), микросхемалардың тапшылығына және SOS түймелерін дайындауға арналған жиынтықтауыштардың болмауына қатысты өтініштері назарға алынып, қазақстандық тарап міндетті жарақтандыру мерзімін бір жылға ұзарту мәселесін көтерген. ЕЭК Кеңесінің мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Енді ЕАЭО елдерінің аумағына өз қажеттіліктері үшін әкелінетін M және N санаттағы көлік құралдары 2024 жылғы 1 ақпанға дейін шұғыл және жедел қызметтерді шақыру жүйелерімен міндетті жарақтандыру талабынан босатылады. Яғни Қазақстанда SOS батырмасы жоқ көлікті 2024 жылғы 1 ақпанға дейін тіркей беруге болады.
«Сонымен қатар өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техниканың қағаз паспорттарын электрондық түріне ауыстыру үшін тағы бір ұзарту жасалды. ЕЭК Кеңесінің 2023 жылғы 25 қаңтардағы тапсырмасы бойынша І жартыжылдықта электрондық паспорттар жүйелерінің жаңа архитектурасын және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер жүйелері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет. Ал 2022 жылы белгіленген өтпелі кезең мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталады. Осылайша, бұрын қабылданған шешімдер ЕАЭО аумағында өздігінен жүретін және басқа да техниканың айналыс еркіндігіне әсер етпеуі үшін ЕЭК Кеңесі 2023 жылғы 30 маусымға дейін электрондық паспорттарды ресімдеу бойынша өтпелі кезеңнің аяқталу мерзімін ауыстыру туралы шешім қабылдады», делінген Үкімет сайтындағы хабарламада.
Мемлекет алғаш рет жеке тұлғаларға өзі пайдалану үшін SOS батырмасы жоқ машина әкелуге 2022 жылы рұқсат еткен болатын. Оның мерзімін 2023 жылғы 1 ақпанға дейін деп белгіледі. Алайда жеңілдік енді тағы ұзарып отыр. Өндірушілер мен диллерлерге мұндай рұқсат одан бұрын берілді.
Дабыл батырмасы шұғыл жағдайларда қажет болады. Оператор спутник жүйесінің көмегімен автокөліктің орналасқан жері туралы, сондай-ақ оның маркасы, моделі, бірегей нөмірі, отын түрі, класы туралы ақпарат алады. Мұның бәрі шұғыл қызмет өкілдерінің оқиға орнына жедел жетуі үшін керек.