• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Инфографика 20 Ақпан, 2023

Қазақстан автопаркі қартайып тұр

371 рет
көрсетілді

2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік автонарық көрсеткіші 2021 жылдың көрсеткішіне жақындай алмады. Былтыр бүкіл әлемде диллерлер 81 млн жаңа автокөлік сатқан, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 0,6 пайызға төмен. Қазір әлемдік автомобиль нарығының лидері атанып тұрған Қытайдың да бұл бағыттағы көрсеткіші мәз емес.

АҚШ-та сатылым – 7,8 пайызға, 13,7 млн автокөлікке, Батыс Еуропада 6,2 пайызға, 11,6 млн көлікке қысқарған. Жа­по­нияда былтыр 1977 жылдан бергі ең тө­мен сатылым көлемі тіркелді: небәрі 4,2 млн автокөлік саудаланыпты. Бұл 2021 жылдан 5,2 пайызға аз. Ал көлік са­тылымының қысқаруы төртінші жыл қатарынан байқалып отыр.

Айтарлықтай құлдырау Шығыс Еу­ро­пада байқалды дейді сарапшылар. Бір жылда 26,8 пайызға, 2,9 млн көлікке төмендеген. Бұған Украинадағы соғыстың әсер еткені анық. Ал Ресейдің өзіндегі сатылым бірден 60 пайызға кері кеткен.

Қазақстанда жаңа жеңіл көліктер мен жеңіл коммерциялық техника саты­лымы 5,3 пайызға өсіп, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында 123,8 мың бірлік техниканы құрады. Ең көп сатылған үлесі Chevrolet (34,3 мың) пен Hyundai (28,9 мың) еншілейді. Былтырмен салыстырғанда Chevrolet сатылымы 17,8 пайызға, Hyundai сатылымы 27 пайызға өскен. ТОП-5 қатарына Kia (14,4 мың), Toyota (9,6 мың) және Lada (7,4 мың) кіреді. Үздік ондық қатарында төрт бірдей қытай көлігі бар, олар – Chery (4,5 мың), Jac (3,4 мың), Exeed (1,9 мың) және Haval (1,5 мың).

«Модель бөлінісі бойынша, сатылым­ның көш басында Chevrolet Cobalt (23,2 мың), Hyundai Tucson (8,9 мың) және Chevrolet Nexia (7,1 мың) тұр. ТОП-10 қатарына Tucson-нан бөлек Hyundai-дың 4 моделі (Elantra, Sonata, Accent және Santa Fe), сондай-ақ Toyota (LC Prado), Kia (Sportage) және Lada-ның (Granta) бір-бір моделі кіреді», деп жазады Energyprom.

2022 жылдың соңғы айында әлемдік сатылым қайтадан өсім көрсеткен. Бұл айда жаһан бойынша 7,4 млн көлік сатылып кеткен. 2021 жылдың жел­тоқ­са­нымен салыстырғанда 0,1 па­йыз­ға артық. Өсім Батыс Еуропада (12,8 па­йыз, 1,1 млн көлік), АҚШ пен Канадада, Латын Америкасы, Жапония және Кореяда да байқалған. Қазақстан да бұл өсімге ілесті. Былтыр желтоқсанда елі­міз­де 13,8 мың көлік сатылымға шы­ға­рылған.

Әрине, жоғарыда жиі сатылым жатыр деген көліктің көбі бізде несие арқылы беріледі. Бұл халық әл-ауқатының аса жоғары емес екенін аңғартса керек.

Қазір отандық автонарықтың жай-күйі көңіл толарлықтай емес. Елдегі автопарк әбден ескірді. 1990-2000 жылдар аралығындағы тозған көліктердің өзі 2 млн теңгеден кем сұрамайды. Са­рап­шылар Қазақстандағы әрбір екінші көліктің жасы 20-дан асып кеткенін айтады. Елімізде тіркелген 3,9 млн автокөліктің 2,8 млн-ы жүрілгеніне 10 жылдан асқан техника құралы болып саналады. Олардың үштен бірі үш өңірге тиесілі – Алматы облысы (406,6 мың дана), Алматы (310,6 мың) және Шығыс Қазақстан облысы (211,8 мың). Бұл ретте өңірлік автопарктегі 10 жылдан асқан автокөліктердің ең көп үлесі Жамбыл (86,7 пайыз), Жетісу (85,9 пайыз) және Алматы (84,1 пайыз) облыстарында.

20 жастан асқан, әдбен ескі көлік­тер­дің саны 2 млн-ға жуықтайды. Олардың жар­тысына жуығы бес облыста екен: Алматы облысында (317,8 мың дана), Ал­матыда (177,2 мың), Қарағанды (157,3 мың), Шығыс Қазақстан (154,9 мың) және Жамбыл (145 мың) облыс­тарында.