2022 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Жалпы, құрылыс саласының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5,1 пайызды құрап (2021 жылы – 4,3 пайыз), еңбек өнімділігі 4,2 пайызға артқан.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, құрылыс жұмыстары мен қызметтерінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға өсіп, 6,2 трлн теңге болды. Салада 52 мың кәсіпорын және 645 мың жұмысшы мен маман жұмыс істейді. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 17,8 мың пәтер салынып, 10,5 мың жеңілдетілген қарыз берілген. Әрине, тұрғын үй салу қарқыны алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен. Оған пандемия және геосаяси тәуекел себеп болды. Құрылыс қарқынын төмендетіп тұрған тағы бір фактор – үлестік құрылысқа қатысты түйткіл. Елімізде 7 мыңға жуық үлескер үйіне мерзімінде кіре алмай, сенделіп жүр. Мемлекет 45 нысанды проблемалық деп таныған. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, ел аумағында шамамен 2256 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Соның ішінде, үлескердің қаражатын тарта отырып тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру үшін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының талаптарына сәйкес, 312 нысанға рұқсат құжаттары алыныпты. Бұл ретте 1 нысанның бірнеше сатыдан және бірнеше үйден тұратынын да ескеру керек. Бұл орайда әр үй жеке-жеке тапсырылуы мүмкін және әр сатыға бөлек құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлайды. Бұл құлаққағысты біздің сауалымызға жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айтып отыр. Министрліктің мәлімдеуінше, тап қазір ел аумағында пәтер алу мақсатында қаржысын салып тиісті баспанасына уақтылы қол жеткізе алмай отырған 45 проблемалық объектіде шамамен 6,6 мың үлескерлер бар. 45 түйткілді нысанның 16-сы – Астанада, 3-еуі – Алматыда, 4-еуі – Ақмола облысында, 6-ауы – Атырау облысында, 11-і – Ақтөбе облысында және 5-еуі – Маңғыстау облысында орналасқан.
«Бұл ретте аталған проблемалық нысандар үлескердің қаражатын тарта отырып тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру үшін заңның 7-бабының 1-тармағында көзделген тәсілдерді пайдаланбай, жеке және заңды тұлғалармен заңда қарастырылған тәсілдерді айналып өтіп, өзге тәсілдер арқылы мәмілелер жасаған. Алайда осы заңның талаптарын бұза отырып құрылыс үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту жөнінде жүргізілген мәміле жарамсыз деп танылады. Қаражатты мақсатсыз пайдаланудан, бір пәтерге бірнеше тұлғамен мәмілелер жасау және басқа да проблемалар салдарынан қаржылық қиындық туындап, проблемалық нысандар саны көбейіп жатыр», деп мәлімдеді министрлік.
Бұл ретте ведомство облыстар мен қалалар әкімдіктеріне проблемалық объектілерді аяқтау жөніндегі тұжырымдаманы іске асырудың қадамдық алгоритмін жолдаған. Айтуларынша, бұл тетік өңірлерге Астана қаласына ұқсас проблемалық объектілердің құрылысын бірыңғай оператордан алынатын қаражат есебінен қаржыландыруды тарту, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын шығару тәртібімен және бюджеттік кредиттеу шеңберінде аяқтауға мүмкіндік береді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, 2021 жылы әкімдіктер мен Бірыңғай оператор тарапынан үлескерлерді тарта отырып, ауданы 2,1 млн шаршы метр болатын көппәтерлі үй құрылысына рұқсат берілген. Бірақ шын мәнінде 7,5 млн шаршы метр (яғни, 3 есе көп) тұрғын үй салынған. Негізінде құрылысты заңды жолмен жүргізудің анық үш тәсілі бар. Бірыңғай оператордан кепілдік алудан бөлек, екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы және көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдері бар. Қазір министрлік тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бойынша бақылауды күшейту шеңберінде құрылыс салушы мен уәкілетті компанияның (жылжымайтын мүлік агенттіктері, сату бөлімдері, жарнама компаниялары, риэлторлар жатпайды), заңнаманы айналып өтіп, үлестік құрылысты жүзеге асырғаны үшін жауапкершілігін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК, 320-бап, 1, 2, 3, 3-1, 3-2-тармақтар) талаптардың жауапкершілігін күшейту бойынша ұсынылатын түзетулер бизнес-қоғамдастықпен, ҰКП, құрылыс саласындағы уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органдармен талқыланды. Сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдармен ӘҚБтК-ге өзгерістер енгізу мәселелері бойынша жұмыс тобы шеңберінде талқылаулар өткізілді. Бәсекелестікті дамытудың жол картасы шеңберінде бақылау органдарының тұрғын үй құрылысы саласындағы тексерулерді жүзеге асыру мүмкіндігін беру үшін министрлікпен осы жылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы тәуекел дәрежесін бағалаудың тексеру парақтары мен критерийлері (көппәтерлі тұрғын үйлер салу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға байланысты құрылыс қызметінің субъектілеріне қатысты) бекітілетін болады. Бұл азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді», делінген ведомство берген жауапта.
Салалық ведомство тұрғын үйлердегі пәтерлерді заңсыз сату тәуекелдерін жою, соның ішінде қос сатылымды болдырмау бойынша «ҚазРеестр» ақпараттық жүйесінің жұмыс атқарып жатқанын айтады.
Нарық сарапшылары үлестік құрылыс саласындағы заңсыздықтың көбейіп кетуін құрылыс компанияларына қойылып отырған тым жоғары талаптармен байланыстырып қарайды. Осы орайда бизнес-қауымдастық құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды жеңілдету керек (мемлекеттік кепілдікті беру мерзімін қысқарту деген сияқты) деген ой айтады. Сонда үлестік құрылысты «сұр» схемамен жүзеге асыратын заңсыз компаниялар саны азаюы мүмкін екен.
Министрлік өз тарапынан жеңілдету және үлестік қатысудың тартымдылығын арттыру мақсатында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына бірқатар түзету әзірлеген. Нақтылап айтқанда:
Қаражаттың болуы бойынша 15 пайыздан 10 пайызға (Бірыңғай оператордан кепілдік алу;). Тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғандығын күтпестен үлескердің қаражатын пайдалану (екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы); Тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлестік құрылыс кезінде құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды төмендету (60 мың шаршы метрден 36 мың шаршы метрге дейін). Құрылыс салушылардың қосымша валюталық және депозиттік шоттар ашуы, сондай-ақ олардың арасындағы айырбастау мүмкіндігі.Аталған заңға әзірленген түзетулер жүзеге асырылған жағдайда құрылыс алушыларға кепілдік алу біршама жеңіл болмақ. Бірақ бұл жеңілдетулер 2016 жылы қабылданған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңға қайшы келмейді, дейді билік өкілдері. Ведомство пікірінше, талаптар қатаңдағалы бері 7 жыл уақыт ішінде саланы гранд-компаниялар монополиялап алған. Ал талаптарды біршама жұмсарту өзге компаниялардың да нарықта еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, бәсеке тудырады.
«2016 жылға дейін болған жағдай қайталанбайды. Яғни заң қайта қаралған кезде барлық тәсілдер, үлестік құрылыс саласындағы бақылау функциялары да қайта қарастырылды. Олар ең бірінші кезекте үлескерлердің құқығын қорғайды», дейді Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Жақсылық Сәрсембаев.
Нарықты монополистер иеленіп отыр дегенмен келіспейді кей сарапшылар. Мәселен, сарапшы Лев Тетин қазір нарықта монополистер жоқ деп санайды.
«Астананың өзінде 58 құрылыс компаниясы 160 тұрғын үй кешенінде 3,5 млн шаршы метр құрылыспен айналысып жатыр. Мұның бәрі – жаңа үйлер. Ал қайталама нарықта 40 мыңға жуық пәтер бар. Оның көлемі 2,5 млн шаршы метрдей болып қалады. Демек, дәл қазір нарықта 5,5-6 млн шаршы метр көлемінде ұсыныс бар деген сөз. Сонда бұл жерде монополия туралы айтудың қисыны жоқ», дейді сарапшы.
Астана дегеннен шығады, бас қаламыздың өзінде үлестік құрылыс проблемасы күйіп тұр. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек «Алдымызда құрылысы созылып жатқан 30 үйді аяқтау міндеті тұр» дейді. Қазірге дейін шаһар басшысы төрт көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездесті, олар – «Мирный дом», «Тұран Сығанақ», «Территория комфорта-1» (2 кезек), «Хазар». Үлескерлердің жалпы саны 1200-ден астам отбасыдан асады. Олардың салыну ұзақтығы да әртүрлі. Мәселен, «Мирный дом» тұрғын үй кешенінің түйткілді деп танылғанына 10 жылдан асқан. Ал «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешені (2 кезек) апатты жағдайда деп танылып, үйлердің блоктары бұзылған. Тиісінше құрылысы басынан қайта басталыпты. Қазір бұл кешеннің бірінші кезегінің құрылысы тәмам болып, үлескерлерге пәтер кілті табысталды. Енді екінші кезек бойынша қарқынды жұмыс жүріп жатыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов үлестік құрылыс нарығының 28 пайызы ғана заң аясында жұмыс істеп жатыр, дейді. Құрылыс компаниялары көбіне жер теліміне, коммуникацияға рұқсат алғанымен, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды белден баса салғанды жөн көреді. Неліктен?
«Оның екі себебін айта аламыз. Біріншіден, қымбаттығы. Екіншіден, оны ешкім бақылап жатпайды. Үлестік құрылыс туралы заңның нормасы қабылданған сәттен бастап тұрғын үй салу кезінде үлескерлердің қаражатын негізсіз тартқаны үшін бірде-бір құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ. Осы уақытқа дейін тексеру парақтары бекітілмеген, бірде-бір тексеру жүргізілмеген. Әкімдіктер заңсыз жұмыс жүргізген құрылыс компанияларының тізімін жариялап отырумен ғана шектеледі. Негізі сол тізімдегі әр компания жауапкершілікке тартылуға тиіс еді», дейді агенттік басшысының орынбасары.
Қазақстан Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев бизнес-қоғамдастық бірнеше рет құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды азайту, қолданыстағы тәсілдерді жетілдіру, сондай-ақ ақша тартуға рұқсат алудың қосымша механизмдерін енгізуді ұсынған.
«Құрылыс салушылардың 83 пайызы үлестік қатысу туралы заңның талаптарын орындай алмайды. Қазір 17 пайызы ғана үлестік қатысу заңының шеңберінде жұмыс істейді. Оның 6 пайызы «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы, ал 11 пайызы әкімдіктер мен екінші деңгейлі банктердің жобалары арқылы жұмыс істеп жатыр. Үлестік құрылыс туралы заң нормаларының орындалмауына келетін болсақ, басты себеп мынада: мемлекеттің кепілдік беру туралы қарауына негізінен 6-8 ай уақыт кетеді. Осы кезеңде құрылысшыларымыз тұрғын үй кешенін салып жатады», дейді Талғат Ерғалиев.