Экспорттық мұнайды есептеу формуласындағы Urals бағасы қазақстандық сортты KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) бағасына ауысатын болды. Сонымен қатар ашық түсті мұнай өнімдеріне экспорттық кедендік баж салығын түзету коэффициенті 0,3-тен 1-ге өзгерді. Осылайша, ашық түсті мұнай өнімдерінің ставкасы мұнай баж салығымен теңестіріледі. Қазақстан мұнайының атауы санкцияға ұшыраған ресейлік Urals-тың зардабы тимес үшін ауыстырылып отыр.
Телеграмдағы NRG_monitor каналының жазуынша, 2023 жылдың 18 қаңтарынан бастап америкалық Platts ақпараттық агенттігі KEBCO бағасын ресми жариялауға көшті. Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, біз осыған дейін мұнайымыз Urals па, жоқ па деп шатасып келдік. Кен орнынан зауытқа түскен, одан танкерлерге жеткізілген мұнай «таза қазақ мұнайы» болып сатылмайды. Өйткені ол танкерге тиелемін дегенше де резервуарда басқа мұнаймен, көбіне Urals-пен араласады. Мұның екі бірдей салдары бар.
«Біріншіден, Қазақстанның өз мұнайының болмауы бізге әр кез тиімді бола бермейді. Екіншіден, қазір Urals ресейлік мұнай болғандықтан, үлкен дисконтпен сатылып жатыр. Мейлі, белгілі бір деңгейде басқа маркаға ұқсас болғанына қарамастан, дәл қазір біздің өз мұнайымыздың болуы техникалық тұрғыда өте пайдалы. Мұнайымыздың дербес атауының болуы маркетингтік тұрғыда тиімді», дейді экономист.
Жалпы, былтыр елімізде 84,2 млн тонна мұнай өндірілген. Оның басым бөлігін «ҚазМұнайГаз» өндірсе (22,5 млн тонна), екінші орында 16,6 млн тоннамен Chevron, үштікте 9,4 млн тоннамен ExxonMobil орналасқан. 64,3 млн тонна мұнай экспортталды. Соның 52 млн-ы Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы тасымалданды. КТК-ның былтыр төрт рет ірі тәуекел тудырғанын білеміз. Биыл жыл басталғалы бір рет істен шықты. 19 ақпанда қатты тұрған дауыл салдарынан консорциум құбыр желісі бойынша тасымалды тоқтатқан. Компанияның хабарлауынша, теңіз терминалындағы резервуарлық парк 1 млн тонна мұнайға толып тұр.
«Жүк жөнелтушілердің мұнайы мұнай құбырының желілік бөлігіндегі қалған цистерналарға және терминалдың резервтік паркіне қабылданады. Жүк жіберушілерге бұл жағдай хабарланды», деп мәлімдеді.
Кейінірек ақпарат көздерінде Новороссийск түбінде SEAMARK тасымалдаушысының (гранит және қиыршық тас тасиды) теңізге батып кеткені жарияланды. Алайда 22 ақпан күні ауа райы қалыпқа келіп, терминалда мұнайды ауыстырып тиеу жұмыстары қайта басталды.
«Мұнай өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жағалау сызығынан бес шақырым қашықтықтағы теңіз арқалық қондырғылары арқылы тасымалданады. Теңіз арқалық қондырғыларының конструкциясы дәстүрлі жағалау жүйесі операциялық қызметін тоқтатуға мәжбүр болған қолайсыз ауа райы кезінде мұнайды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ауа райына қатысты шектеу де бар. Мысалы, арқандап байлау операциялары және шлангтарды танкерге көтеру теңіздің 2,5 метрге дейін толқуы және желдің (екпіннің) жылдамдығы 23 м/сек-тен аспайтын кезінде жүргізіледі», деп хабарлады консорциум.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов КТК-дағы жағдайға байланысты елде мұнай өндірісінің тоқтамағанын мәлімдеді. Бұл ретте Қазақстанның мұнай экспорттауды әртараптандыруға күш салып жатқаны белгілі. Соған қарамастан, биыл КТК бойынша тасымал деңгейі артуы мүмкін. Шамамен 8,7 пайызға, 56,5 млн тоннаға дейін. Халықаралық Fitch рейтингтік агенттігі орта мерзімді перспективада Қазақстанның Ресейге шикі мұнайды тасымалдаудағы тәуелділігі өте жоғары деп санайды.
«Мұнай және өзге де көмірсутектер Қазақстанның басты экспорттық тауары саналады. Шикі мұнай экспортының негізгі бөлігін тоқтату кем дегенде қысқа мерзімді перспективада экспорттық кіріс пен макроэкономикалық көрсеткіштерге өте теріс әсер етеді. Экспорттық түсімге айтарлықтай әсер ету үшін КТК жұмысының тоқтап қалуы бірнеше аптадан әріге ұзамауға тиіс. Қазақстанның КТК-ның тоқтап қалуына саяси реакциясы және кез келген осындай келеңсіздіктің ұзақтығы елдің несиелік рейтингіне әсерін анықтауда маңызды факторлар болады», делінеді агенттік мәлімдемесінде.
Қазақстан КТК-дан бөлек ресейлік «Дружба» мұнай құбырына да тәуелді. Ақпан айында осы құбыр арқылы Германияға мұнай жіберуіміз керек болған. Бірақ ол тасымал әлі күнге жүзеге асатын емес. «ҚазТрансОйл» қоғаммен байланыс және ішкі коммуникация департаментінің директоры Шыңғыс Ілиясов «2023 жылдың 21 ақпанындағы жағдай бойынша «Дружба» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды әрі қарай Германияға жіберу мақсатында «Адамова застава» пунктіне жеткізу жүзеге асырылмады», деп хабарлады.
Мұның себебін ешкім де түсіндіріп бере алмай отыр. Бірақ Болат Ақшолақов «Дружба» арқылы 20 мың тонна мұнайды ақпанның соңына дейін Германияға жеткіземіз», дейді. Министрдің айтуынша, жалпы Қазақстан Германияға биыл 1,5 млн тонна мұнай жеткізуді көздеп отыр және алдағы уақытта оны 6-7 млн тоннаға дейін жеткізуге мүдделі.
«ҚазТрансОйл» қаңтар айында Ресей Энергетика министрлігінен «Транснефть» магистралды мұнай құбырлары жүйесі арқылы «Адамова Застава» мұнай жеткізу пункті бағытында тасымалдауға рұқсат алғанын хабарлаған еді. Сондай-ақ компания биыл I тоқсанда Германияға 300 мың тонна мұнай жеткіземіз, деп хабарлады. Кешіктірілудің қазақстандық тараппен байланысты бола қоюы екіталай. Өйткені біздің Энергетика министрлігі қаңтардың соңында ақпаннан бастап 20 мың тонна жеткізуге дайынбыз деп мәлімдеді. 31 қаңтар мен 9 ақпан аралығында БАҚ-та «Дружбаны» Украина тарапы атқылады деген қызық ақпарат тарады. «Транснефть» болса «Дружба» штатты режімде жұмыс істеп жатыр, деп сендірді. Қалай болғанда да Германияға жіберілуге тиіс қазақстандық мұнайдың экспорты тоқтап тұр. Бұған дейін КТК-ның қайта-қайта тоқтауына үйренген болсақ, енді «Дружба» арқылы мұнай тиеудің басталуын да күтуге дағдыланамыз», деп мәлімдейді Tengenomika сарапшылары.