Табиғаттың таңғажайыбын тамашалап, киелі мекендер тарихымен танысуға асығатын туристердің дені Атыраудағы ортағасырлық Сарайшық қалашығына бет бұрады. Бұған қоса «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, Нарын құмы, Индер ауданындағы Махамбет кесенесі мен тұзды көл, Қиғаш өзенінде гүлдейтін лотос алқабы мен Ақкегершін борлы тау сілемдері саяхатшылар назарына жиі ілігеді. Тіпті Жылыой ауданында орналасқан Құлшан ата жерасты мешіті мен Бекет атаның кіндік қаны тамған Ақмешіт, «Алтын адам» табылған Аралтөбе қорымы, Иманқара үңгірі назардан тыс қалған емес.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, бұрнағы жылдың 9 айында мұнайлы өңірге саяхаттауды жаны қалайтын 30,5 мың турист табан тіреген екен. Ал былтырғы осындай кезеңде келушілер саны 108 158 адамды құрап отыр. Оның ішінде келу туризмі санатына жататындар – 13,7 адам. Ішкі туризммен 94,3 мың адамның келгені тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есеге көп.
– Шетелдік туристердің басым бөлігі ТМД құрамына кірмейтін елдердің тұрғындары болып отыр. Бұл – 5 407 адам. Ал алыстағы АҚШ-тан – 1 359, Біріккен корольдіктен – 532, Нидерландтан – 298, Қытайдан 159 турист мұнайлы өңірге келетіндердің қатарын толықтырды. Махамбет ауданындағы Сарайшық музей-қорығының тарихымен танысуға алдыңғы жылы 12 мың, былтыр 18,5 мыңнан аса адам келді, дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Жаннат Сабырғалиева.
Оның айтуынша, 2025 жылға дейін туризмді дамыту үшін 10,8 млрд теңгенің 9 инвестициялық жобасы іске асырылады. Бұл жобаларда 338 жаңа жұмыс орны ашылады. Мәселен, «Сарайшық» визит орталығын салуға бюджеттен қаржы бөлінген. Ал 8 жоба жеке инвестиция есебінен салынатыны деп жоспарланып отыр. Қазір 4 жоба іске қосылған. Бұлар – «Нұрлы тал» этно-паркі, Құрманғазы ауданындағы екі туристік-демалыс базасы мен Мақат ауданындағы кемпинг. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабының танымалдылығын арттыру үшін видеоролик әзірлеу, Индер көлінің құқықтық мәртебесін айқындау мақсатында сараптамалық зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Өткен жылы 6 туристік нысанға QR код орнатылған. Осылайша, туристер 5 тілде ақпарат алып, 3D тур жасау мүмкіндігіне ие болған.
Мұнайлы өңірдің батыс қиырындағы Құрманғазы ауданында Қиғаш деген өзен бар. Бұл өзен Ресей Федерациясының Астрахань өңірімен арадағы шекараны қақ жара ағады. Жыл сайын шілденің ортасынан тамыздың соңына дейін өзен сағасында лотос гүлдейді. Оны тамашалау үшін «Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолмен ғана жетуге болады. Арақашықтық – 300 шақырымға жуық.
Су бетінде гүлдеп тұрған лотостың әдемілігін тек көзбен көру керек. Хош иісі мұрныңды жарады. Лотостың түсі – қызғылт, биіктігі 150 сантиметрге дейін жетеді. Бір қызығы, су ортасында өсетін лотос таңертең қауызын ашып, кешке қайта жабады. Таңертең су бетінде қауызын ашқанда құрғақ болып тұрады. Бұл гүлді үндістер мен вьетнамдықтар тазалықтың символы ретінде бағалайды. Тіпті оның емдік қасиеті бар деп есептеледі. Тұқымындағы ақуыз бүйрек пен көкбауыр, жүрек ауруы мен ұйқысыздықты емдеуге қолданылады екен. Алайда лотос гүлін жұлуға болмайды. Себебі бұл еліміздегі сирек кездесетін өсімдіктердің тізіміне енгізілген.
Мәселен, былтыр екі ел шарасындағы су айдынында гүлдеген лотосты көруге күніне 50 турист келген. Сондай турист Екатерина Хабибуллина – Мәскеу қаласында арнайы келген туристердің бірі. Шетелдік турист былтыр лотос алқабын алғаш рет көрген екен.
– Табиғат осындай сұлулығымен қымбат қой. Лотос алқабы тамаша екен. Өте керемет әсер алдым. Бұл жерден тек лотосты ғана емес, аққу, аққұтан сынды құстарды да тамашаладық, – деген еді Е.Хабибуллина.
Атырау облысындағы Құрманғазы ауданы – лотос өсетін жалғыз аймақ. Лотос алқабын көруге келушілерге арнайы нұсқаулық көмек көрсететін кәсіпкерлік нысандар бар.
«Біз бірнеше туристік компаниямен келіссөз жүргіздік. Келісімшартқа сәйкес ауданға келген туристерді жазда қайықпен лотос алқабына апарып-әкелеміз. Туристер орналасатын арнайы базада тынығатын орын дайындадық. Біздің мақсатымыз – туристердің қауіпсіздігін, суда жүрудің техникалық талабын қатаң сақтау», дейді «West Motors service» ЖШС-ның өкілі Жәнібек Ақтананов.
Атырау облысы