• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Тұлға 05 Наурыз, 2023

Көркемсөз бен көсемсөздің дүлдүлі

462 рет
көрсетілді

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапха­насында көркемсөз бен көсемсөздің кемеңгері, түркі әлеміне танымал тұлға, заңғар жазушы Мархабат Байғұтты еске алу кеші өтті. Шығармашылық кешке жазушының өмірдегі үзеңгілес серіктері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Даңқты қаламгер Шерхан Мұртаза сонау 1999 жылы «Киік­отын көксеу» атты толғауында Мархабат Байғұт жайлы былай жазған екен: «Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Қазір жазушымын деп шіренгендердің көбінің тілінде уыз кемшін. Уызға жарымай, Көк базардан көп шалап ішкендер. Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине, бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі – көкірегінде. Ол маңдай­ға біт­кен екі көзден басқа-а-а. Жазу­шы сонысымен суреткер». Шерхан Мұртазаның берген баға­сы көп жайтты аңғартады. Қос жазушының арасында тек шығармашылық емес, аға-інілік үлкен құрмет, сыйластық байланыс болды. Осыдан төрт жылдай бұрын Махаңның идеясымен «Таупістелі тағылымы» халықаралық бас­қосуы «Шерхан мен Насыр бауын­да» тақырыбына арналған болатын. Мемлекет және қоғам қай­раткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын Тараздан бөлек, Түркістан облысында да атап өту – Мархабат көкеміздің бастамасы еді. Осы іс-шараны өткізудің мән-жайын ақылдасу үшін Піс­теліге барғанымызда өзінің ден­саулығы нашарлап тұрса да, сценарийін жазып, «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қол­басшысы» деген тақырыбына де­йін ойластырғанынан куә болған едік. Өкінішке қарай, Шерағаң­ның 90 жылдығына арналған іс-шараның басы-қасында Махаңның өзі жүрсе, келелі жиында отырып естеліктерін айтса деген ойымыз арман болып қалды.

Мархабаттанушы, кітапхана директоры Ақмарал Асанқызы­ның ұйымдастыруымен өткен текті тұлға, бекзат болмысты жа­зу­шы­ны еске алуға арналған іс-ша­раға қатысқан қаламгер­дің сынып­тастары, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері Жеңісбек Мәу­лен­құлов, Бекет Тұрғараев, Шәріпбек Жамалбек, жазушы Шойбек Орынбай, ақын Дәурен Айманбет естеліктерімен бөлісті. Жазушының қызы Ақлима іс-шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғысын білдірді. Ал қа­ламгердің сүйікті немересі, баласы Дулаттың қызы Айкөркем Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен атасының өмірін өрнектеп жет­кізгендей болды. Кітапхана қыз­меткерлері қаламгер Мархабат Байғұттың шығармашылығы­нан үзінділер оқыды, сахналық қойлымдар көрсетті, арнайы фильм дайындапты. Мұрағаттан Мархабат көкем шырқаған «Ақ­толғай» әнін үлкен әсермен тың­дадық. Іс-шараға облыстағы кітапханалардан келген өкілдерге Мархабат Байғұт бұрыштарын ашуға және пайдалануға қаламгер тұтынған жәдігерлер тапсырылды. Жазушының жары Қыздаркүлге қатысты қызықты хикаяттар тілге тиек етіліп, өзі де көпшіліктің ортасында толқып отырды. Барлығы да Мархабат Байғұтпен қандай байланыстары барын мақтанышпен айтты. Ал біз ше?..

Өмір теңіз, ал уақыт қайығың,

Жаралғанбыз біздер

ескек есуге,

Аз-көп ғұмыр кешу емес

айыбың

Сол ғұмырды қалай, қайтып

кешуде, –

деппіз бір кездері жазған өле­ңі­мізде. Иә, мен үшін қалай, қайтіп ғұмыр кешудің жарқын үлгісін көрсете білген, өмірі өнегелі жан Мархабат Байғұт деп айтар едім. Бүгінде Мархабат ағамызбен бірге болған әр сәтімізді сағынышпен еске аламын. Мархабат көкемнің жанына жақын жүрген бауырлас, қаламдас інісінің бірі ретінде «Мархабат музасы» атты жинақ­ты шығаруға атсалысқанымыз­ды, Махаңның авторлық жобасы – «Таупістелі тағылымы», «Боза­рықтан Бозторғайға дейін» деген іс-шараларда қасынан та­былғанымызды, ал 75 жасқа толған мерейтойында тұтас бір мәдени-тарихи институт атқаратын жүкті, жауапкершілікті арқалап жалғыз өзі жанкештілікпен жазып шыққан «Түркілер төрі Түркістан» атты аса құнды кітаптың тұсаукесері­не арналған, оған Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркиядан әдебиет­шілер, ғалымдар қатысқан халық­аралық жиынның тізгінін ұс­тау­ды, ұйымдастыруды біздей пақы­­рыңызға тапсырғанын мақ­таныш­пен, сағынышпен еске аламыз.

Қазақ әдебиеті бар кезде жа­зушы Мархабат Байғұттың шығар­малары, «Мархабат мақамдары», жазушының әдебиеттегі ешкімге ұқсамайтын, өзіндік өрнегі бар соқпағы өлмейді. Мархабат биігі аласармайды.

 

Түркістан облысы