• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2010

Съезд делегаттарын таныстырамыз

552 рет
көрсетілді

БҰЛ – ҚАЖЕТТІ ҚҰРЫЛЫМ дейді Қостанай облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Балбөпе ЕРТАЕВА Өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы тығырыққа тіреліп, экономика әлсіреген 90-шы жылдары кәсіподақтың маңызы кемігендей болған. Бірақ нарықтық қатынастардың орнығуы мен одан  кейінгі экономиканың көтерілу жылдары  кәсіподақтар жұмысы жаңа мазмұнға ие болды. Себебі,  экономикаға мемлекеттік мен­шікпен қатар, жеке меншік келді. Жаңа қоғамда да еңбекшілер мүддесін  кәсіподақтың қорғауы қажеттілікке айналды. Республика Кәсіподақтары  федерациясы  Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің алдына қадау-қадау мәселелер қойып және оған биліктің көзін жеткізіп, бірлесе нәтиже шығарып келеді. Басқасын айтпағанда, жақында ғана бюд­жеттік мекемелер қызмет­кер­лерінің айлық жалақысы 25 пайызға өсті. –Айлық жалақысы көтерілген негізінен мұғалімдер ғой. Олар, міне, жаз айларында каникулға шығады,  демалыс күндері ден­саулықтарын түзейді.  Отбасындағы жоспарлаған жұмыстарын бітіреді. Осының барлығына  қаржы керек емес пе? Президентіміздің  мұ­ға­лімдер жалақысын өсіруді сәуір айына жылжытқаны қандай  тиімді болды,–дейді  облыстық  кәсіп­одақ­тар кеңесінің төрайымы Бал­бөпе Ертаева. Балбөпе Ғалымжанқызы  көп жылдардан бері осы салада қызмет істеп келе жатқандықтан, кәсіподақ жұмысының  қыр-сырын да, оның  еңбек адамы үшін маңызын да жақсы біледі. Сондықтан қиын жылдардың өзінде кәсіпорындарда ұжымдық шарттың жасалуын облыс кәсіподақтары жіті қадағалады. –Алдымен  жұмысы ауыр әрі жұ­мысшылары көп  ірі кәсіп­ор­ындарда  ұжымдық шарттың жа­салуын көздедік. Бұл жұмыс­шы­лар­ға әлеуметтік кепілдіктер беретін болғандықтан, оны  еңбек адам­дары­ның өздеріне де түсіндіру артық бол­мады. Осы орайда  асбест өндіретін “Қостанай мине­рал­дары”, атақты “Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі”  акционерлік қо­ғам­дарында игі істі бірден бастап кетті. Бұл кен орындарында мың­даған  адамдар еңбек етеді,–дейді Балбөпе Ғалымжанқызы. Қазір облыстағы  15 салалақ кәсіподақта 1342 ұйым жұмыс істейді. Олардың 125 мыңнан аса  мүшесі бар. Облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде  осы кезге дейін 1724 ұжымдық шарт қабылданса, соның 1502-сі кәсіподақтар ық­палымен жүзеге асты. 2008 жылы Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаев респуб­ликадағы  кәсіпкерлермен кездесіп, бизнестің әлеуметтік  жауап­кер­шілігі туралы айтқан болатын. Осы кездесуде  Нұр­сұлтан Әбішұлы әр  кәсіпорын мен шаруашылықтарда ұжымдық шарт жасалсын дегенді де қадап айтты. – Ел тәуелсіздігін алған 20 жылдың ішінде кәсіподақтардың қол жеткізген жетістігі аз емес. 2007 жылы Еңбек кодексі қабыл­данды. Осы заңдағы  баптардың 80 пайызы кәсіпорындар мен ме­ке­мелерде кәсіподақтармен санасуды талап етеді, – дейді Б.Ер­таева. Кәсіподақтар қазір тек өндіріс кәсіпорындарында ғана емес, мем­лекеттік бюджеттік  меке­мелерде де өте ықпалды болып отыр. Мысалы, оған мектептер мен ауруханалар ұжымдарындағы  қол жеткен  жеңіл­діктер  жарқын мысал бола алады. –Кәсіподақтардың 22 съезін еліміздегі барлық еңбек ұжымдары күтіп отыр. Себебі, онда  еңбек­ақы­ны көтеру  мен бағаны төмендету мәселесі міндетті түрде көтеріледі. Ал бұл – тұрмыс би­леген адамдар өміріндегі  өзекті мә­селе. Кәсіп­одақтың  бүгінгі қо­ғам­дағы қажет­тілік екені де сон­дықтан,–дейді Балбөпе Ғалым­жанқызы. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ. КҮШТІ КӘСІПОДАҚ – ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ТІРЕГІ Кәсіподақтар әлеуметтік ша­ра­лардың жүзеге асырылуына өзі­нің бақылаушы рөлінде емес, аза­маттық қоғамның маңызды инс­титуттарының бірі ретінде, бір кісідей атсалысып, өз үлестерін қосып келеді, дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов. Елімізде, оның ішінде біздің Оңтүстік Қазақстан облысында да кәсіподақтардың белсенді атса­лысуымен атқарылып жатқан игі істер аз емес. Елбасының был­тырғы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жол­дауы мен Үкімет бекіткен “100 мектеп, 100 аурухана” және “Жол картасы” бағдарламалары бойынша Оң­түстік Қазақстан облысында жұмыс жүргізіліп, 25,7 млрд. теңге игерілді, 750 ин­вес­тициялық жоба жүзеге асы­рылды. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық ба­ғыты бойынша – 324, әлеу­меттік салада 285 нысан жөн­деуден өткізілген. Осыған үлес қосып отырған біздің кәсіподақ мүшелері, кә­сіп­одақ ұйымдары, ал осы өткен кезеңде біздің кәсіп­одақ­тардың ұйымдық жағынан нығайып, қоғамдағы алып отырған орны биіктей түсті. Қазіргі таңда облыс кәсіподақтары республикадағы ірі кәсіподақ ұйымы болып са­налады. Оңтүстік Қазақстан кәсіподақтары облыстық ке­ңе­сінде 178 мың кәсіподақ мүшесі бар. 1955 бастауыш кәсіподақ ұйы­мынан, 199 цехтық, 1059 кәсіподақ топтарынан тұратын 13 салалық кәсіподақ ұйымдарын біріктіріп, олардың жұмысын үйлестіреді. Д.Шерімқұлов келесі ке­зекте 2005 жылғы сәуірде кә­сіподақтардың облыстық одақ­ара­лық XXІV кон­фе­ренция­сында облыстық кеңес жұмы­сының 2005-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары бекітілгенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, сол бо­йынша жұмыстарын жүйелеп келеді екен. Облыстық кәсіп­одақтар кеңесі әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қа­тынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия жұмысына белсенді түрде катысуда. Комиссия отырыс­тарында, жұмыс жоспарына сәйкес мәселелер зерделеніп, тал­қылауға енгізіліп, облыстық келісімнің жүзеге асыры­луына, үш жақты комиссия қа­был­даған шешімдердің орын­далуын бақылауға үлес қосып келеді. Үш жақты комиссияның отырыстарында “Кедейшілік пен жұмыссыздықты төмен­дету”; “Әлеуметтік әріптестікті дамыту”; “Ұжымдық шарттар туралы”;  аудандардағы кәсіп­орындар мен меке­мелерде еңбек қауіпсіздігі мен са­лауатты еңбек жағдайын қам­тамасыз ету сияқты ма­ңызды мәселелер қаралып келеді. “Ұжымдық шарт түзіңіздер!” жалпыр­ес­пуб­ли­калық акция өткізу барысында салалық кәсіподақ ұйымдарының ал­дына жаңа бастауыш кәсіп­одақ ұйымдарын құру жөнінде мүмкіндікті мейлінше мо­лынан пайдалану мақсаты қойылған болатын. Мұның өзі оңды нәтижесін берді. Акция барысында 78 бастауыш кә­сіподақ ұйымдары құрылды. Облыс әкімдігі мен жұмыс берушілер және жұмыскерлер бірлестіктері арасында дағ­дарыс кезеңіңде жұмыс­кер­лердің еңбек құқықтары мен кепіл­діктерінің сақталуы жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Бұл жұмыс орын­дарының сақталуына және жаппай жұ­мыстан шығарудың алдын алуға мүмкіндік береді. Облыста  бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі  шеңберінде 2008 жылы 254 меморандум жасалып, өткен жылы әлемдік дағ­дарысқа байланысты 408 меморандумға қол қойылды. Онда, негізінен, азаматтардың құқығын қорғау, халықты тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмек бағаларын тұрақ­тандыру, студенттерді әлеумет­тік қорғау жөнінде келісілді. Д.Шерімқұловтың ай­ту­ынша, облыстық кәсіподақ ұйымдары халықтың жұмыспен қамтылуын, жұмыстан боса­тыл­ғандардың және мәжбүрлі демалысқа жіберілген еңбек­кер­лердің санын, жалақының берілмеуін немесе кешік­ті­рілуін анықтау мақсатында мо­ни­торингтер жүргізе бастапты. Бұл жақсы нәтижесін берді. Соңғы бес жылда Қазақстан  Кәсіподақтары федерациясы және оның құрамдас бөлігі Оңтүстік Қа­зақстан облыстық кәсіп­одақтары егемен елімізде жаңа демократиялық, аза­маттық қоғам құрудың белсенді қатысушысы бола білді. Бақтияр ТАЙЖАН. ШЫМКЕНТ.