• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Медицина 06 Наурыз, 2023

Дәрілік заттарды таңбалау басталады

293 рет
көрсетілді

Елімізде 2024 жылдан бастап дәрілік заттарды таңбалау үдерісі басталады. Бұл туралы Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен өткен дәрілік заттар­ды таңбалау және қадағалау мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды. Отырысқа Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Сауда және интегра­ция министрлігінің, Қаржы министрлігінің өкілдері және Денсаулық сақтау ми­­нистр­лігінің құрылымдық бөлімшелері мен дербес департаменттерінің бас­шылары, сондай-ақ Цифрлық таңбалау және қадағалау бірыңғай опера­то­ры­ның өкілдері қатысты.

Отырыста дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жобасын енгізуге  қатысты бірқатар мәсе­ле талқыланды. Спикерлер жү­йе­нің мүмкіндіктерін ашып айтты – өндірушінің зауытынан бастап соң­ғы тұтынушыға сатуға дейін та­уар тура­лы ақпарат толықтай көрсетілді. Тауар­­лар­ды таңбалау мен қадағалаудың отан­дық жүйесінде қолданылатын шет мем­­лекеттердің тәжірибесі мен үздік ше­шім­де­рі ұсынылды.

Сондай-ақ отырыста спикерлер тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың цифрлық архитектурасын талқылады және Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерін (ПОВ және ДЛО) бірыңғай оператордың таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесімен біріктіру бойынша алдын ала жоспарлар әзірледі.

Қатысушылар дәрі-дәрмек өнді­ру­­ші­лердің шығындарын өтеу бөлі­гін­де отандық өңделген тауарларды, жұ­мыстар мен қызметтерді ішкі на­рық­қа жылжытуға бағытталған саланы мемлекеттік ынталандыру қажеттілігін талқылады. Оған қоса, отырыста облыс­тар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне облыстар мен рес­публикалық маңызы бар қалалардың ме­дициналық ұйымдарын таңбаланған дә­рілік заттармен жұмыс істеуге қажетті құ­рал-жабдықтармен қам­тамасыз етуді тапсыру туралы шешім қабылданды.

Кездесу нәтижесінде тараптар 2024 жыл­дың 1 шілдесіне дейін дәрілік заттарды 100 пайыз таңбалау және қадағалауды іс­ке қосу туралы келісімге қол жеткізді.

Бірыңғай оператордың мәліметінше, Қазақстанда міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 69,1 мың табиғи жүннен жасалған бұйым, 3,3 млрд темекі өнімі, 102,4 млн аяқкиім тауа­ры таңбаланған. Сарапшылар жобаның жү­зеге асу үдерісін тежейтін бірқатар маңызды тұстар да бар екенін айтады. Олар негізінен ақпараттық таңбалау жү­йе­сінің техникалық проблемалары мен кем­шіліктері. Бұған қарамастан, отандық аяқкиім өндірушілерінің өкілдері та­уар­ларды міндетті түрде таңбалауды биз­нес­тің мүдделеріне сай деп санайды.

«Отандық бизнес өкілдері ретінде біз тауар­ларды міндетті түрде таңбалауды қол­даймыз, өйткені бұл отандық өндіру­ші­нің мүдделерін қолдайды, бәсекелестік үшін тең жағдай жасайды. Егер тех­ни­калық проблемалар болса, оларды шешу керек. Біз таңбалау жүйесін енгізу үдерісіне қатысуға дайынбыз», дейді «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орын­дарының ұлттық бірлестігінің өкілі Анар Қайыржанова.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, тауарларды таңбалау жобасын енгізудің негізгі міндеті – тауарлардың еркін және заңды айна­лымын, ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл ретте салалық ведомство мүдделі қа­ты­­су­шылармен әрбір тауар тобы бо­йын­ша барлық мәселені талқылап, қарас­ты­­руға дайын.

Айта кетелік, елімізде көлеңкелі на­рық­қа қарсы күрес құралы ретінде та­уар­­ларды цифрлық таңбалау және қа­да­­ғалау 2018 жылы басталды. 2022 жылғы 4 қазандағы жағдай бойынша 4 та­уар тобы бойынша міндетті таңба­лау ен­гі­зілді: үлбір мен темекі бұйым­дары, аяқкиім және дәрілік заттар. Құра­мын­да қанты бар қапталған сусындар мен зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асырылып жатыр.