• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экспорт 15 Наурыз, 2023

Фермерлер: экспортқа шектеу жойылсын

160 рет
көрсетілді

Пияз өндірумен айналысатын қазақстандық фермерлер аталған өнім түріне қойылған экспорттық шектеуді алып тастауды сұрап отыр. Олар осындай өтінішпен «Атамекен» ҰКП-қа жүгінген. Айтуларынша, ішкі нарықтағы пияз көлемі жеткілікті, тіпті артығы шіріп жатыр. «Үкімет тез арада сыртқы нарыққа жөнелтілетін өнім көлемін есептеп, экспорттауға рұқсат берсе» дейді олар.

«Алтай» ЖШС басшысы Нұр­лан Нұрбековтің айтуынша, көктемгі егіс науқаны жақындап қалды, алайда былтырғы пияз әлі түгел сатылмағандықтан тұ­қым алуға қаржы жоқ. Оның үсті­не пияз ұзаққа шыдамайтын өнім – бұзылса, шығынын ешкім өтемейді.

«Қазір біз алыпсатарларға 1 кило пиязды 150 теңгеден жеткізуіміз керек. Ал олар оны 300 теңгеден артық бағамен сатады. Сонда алыпсатарлар, тіпті логистикалық шығынды шегеріп тастағанның өзінде, 1 килодан 120-130 теңгеден пайда көреді. Ал пиязды өсіретіндерге егінге дайындалуға және келесі маусымға тұқым алуға ақша қал­майды», дейді Нұрлан Нұрбеков.

Кәсіпкерлердің айтуынша, ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің қызметі іс жүзін­де ірі бөлшек саудагерлердің мүдделеріне жұмсалады. Ал нарыққа өнім жеткізу мен бағаны ұстап тұрудың ауырлығы тек өндірушіге түседі.

Егер жағдай реттелмейтін болса, онда фермерлер пияз өсіру­­ді тоқтатуы да мүмкін. Пияз­дың әлеуметтік маңызы зор тауарға жататынын ескерсек, онда жақын келешекте отан­дық нарыққа қатер төнуі әбден мүмкін.

«Біз онсыз да жыл сайын биліктің «ығына жығылып» тауар­дың бір бөлігін төмен баға­мен сатамыз. Дәл осылай жал­ғасса, тыйым алынбаса, к­елесі жылға пияз еге алмай­мыз. Қырғызстан тыйымды біз­ден кейін қойды. Бірақ қазір алып тас­тады. Пиязды сонша уа­қыт сақ­тай алмайтынын, одан ди­қан­дар зардап шегетінін түсініп отыр», деп базынасын айтады шаруалар.

«Атамекен» осы мәселеге орай Сауда және интеграция министрлігіне ресми хат жолдап қойған. Қазір жауабын күтіп отыр.

Еске салайық, уәкілетті мемлекеттік органдар 2023 жылдың қаңтарында пиязды шетелге шығаруға тыйым салған болатын. Бұған Орталық Азия­ның кейбір елдеріндегі пияз тап­шылығы себеп болды. Ішкі на­рық­ты пиязбен қамти алмай қа­ламыз деп қауіптенген ел билігі пияз экспортына шектеу енгізуге мәжбүр болған еді.

Экспорттық шектеу, енді одан кейінгі шіріп кету қаупіне қара­мастан, пияз бағасы әлі қым­бат күйінде қалып тұр. Экспортқа тыйым салынғаннан кейін қаңтар ішінде пияз бағасы 16,7 пайызға, ақпанда 28,5 пайызға өсті.

2022 жылы Қазақстан сырт елдерге 85,6 мың тонна пияз сатып, 6,5 млн доллар табыс түсірді. Ал биыл қаңтарда ЕАЭО-ға кірмейтін елдерге 3,4 млн дол­ларға 54,2 мың тонна пияз экспорттаған.