• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 28 Наурыз, 2023

Дифференциалды салық машина жасау саласын бәсекеге қабілетті етеді

238 рет
көрсетілді

Пандемиядан кейін экономиканың басқа салалары сияқты машина жасау өндірісі де біраз тоқырауға тап болды. Шындап келгенде, ол тоқырау әлі аяқталған жоқ. Соған қарамастан, жаһандық экономиканың қалпына келу фонында көлік жасау және құрастыру секторы бұрынғы деңгейін бағындыру үшін жанталасып жатыр. Қазақстан да машина жасау саласына айрықша ден қояды. Осы орайда Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевпен әңгімелескен едік.

– Машина жасау саласының қанат жаюы ел экономикасына қалай әсер етеді?

– Әлемде машина жасау  инновация әрі экономиканы әртараптандыру және технология драйвері болып саналады. Отандық машина жасау саласында тек автокөлік өндірісі ғана емес, кешенді және сараланған 37 сала бар. Соның ішінде электр жабдықтарын, теміржол техникасын, тау-кен-шахта, мұнай өндірісінің жабдықтары, ауыл шаруа­шылығы техникасын қам­тиды. Бүкіл әлемде 100-ден аса мамандандырылған салалар мен машина жасау және металл өңдеу өндірістері бар. Бізді қоршаған әлемнің барлығы дерлік – машиналар мен олардың өндірісінің нәтижесі: тұрмыстық техникадан ғарыш аппараттарына дейін.

Ал бұл саланың дамуы экономика құрылымын күрделі ете түседі. Мате­риал­дық өнді­ріс, өндірістік емес сала, қор­ғаныс және халықтың әл-ауқа­тын қамтамасыз етеді. Тех­ноло­гия­лық прогресс деңгейі, еңбек өнім­ділігі мен адамдардың өмір сүру сапасы машина жасау саласына байланысты.

– Қазақстанның бұл са­ла­дағы жетістігін дамыған ел­дер­­мен салыстыруға келмес. Де­генмен, қай деңгейде келе жат­­қанымызды байыптау үшін нақты деректерді айтып өті­ңіз­ші.

– Өнеркәсібі дамыған елдерде бұл салаға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіледі. Қазақстан да әлемдік өнеркәсіптен тысқары қалмай, табысты даму жолына түсу үшін іргелі істер атқарып жатыр. Жа­һан­дық аренадан өз орнын алуы үшін отандық машина жасау саласы бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Бүгінде Қазақстан өнеркәсібіндегі көлік жасау саласының үлесі – 6 па­йыз­ды құраса, ІЖӨ-дегі үлесі – 3 пайыз деңгейінде. Салыстыру үшін дамыған елдерде машина жасау саласы өнеркәсіп өнімінің орта есеппен 30-50 пайызын құрайды. Мәселен, Германияда бұл көрсеткіш – 54, Жапонияда – 51, Италияда – 36, Қытайда – 35 пайыз. Қазақстандық машина жасау саласы жүйелі және қарқынды дамып жатыр деп бағалауға болады. Бұған мемлекеттің қолдауы да, отандық тауар өндірушілердің де өз күші ықпал етіп отыр. 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысы машина жасау мәселе­ле­рін жеке бақылауына алды. Өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылданды. Өнеркәсіпті дамыту қоры, Мұнай және газ машина жасау ха­лық­ара­лық орталығы құрылды. Отан­дық машина жасаушылар­ды қолжетімді шикізатпен қам­та­масыз ету жұмыстары жүр­гізілуде.

– Орта мерзімді перспек­ти­вадағы негізгі міндеттер қан­дай?

– Машина жасауды дамыту­дың 2019-2024 жылдарға ар­нал­ған Жол картасы аясында 2024 жылдың соңына дейін өндіріс көлемін 2,6 трлн тең­геге дейін жеткізу міндеті қо­йылып отыр. 2022 жылдың қо­рытындысы бойынша бұл көлем 3,1 трлн теңгені құрап, нақты көлем индексі 9,4 пайызға өсті. Жол картасы тек машина жасау кәсіпорындарын ғана емес, сонымен қатар өңдеу­ші кәсіпорындардың кең ауқымын тиімді дамытуды көз­дейді. Қа­зіргі уақытта машина жасау саласының өңдеу өнер­кәсі­бі­не қосқан үлесі 15 па­йызға жетті. 2022 жылы 3,8 мил­лиард дол­лар­дың машина жасау өнім­де­рі экспортталды. Маши­на жасау және металл өңдеу өнер­кә­сібінің негізгі капиталына са­лын­ған ин­вес­тиция көлемі 119 млрд теңге болды.

Қазақстанның машина жасаушылары жұмыс тиімділігін арт­тыруға бел буып отыр. Әрта­рап­­тандырылған және тех­но­ло­гия­лық тұрғыдан дамыған ұлттық эко­но­­ми­каның қалыптасуына ықпал ету көзделген. Бүгінде елімізде машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібінде 3000-нан астам кәсіпорын бар, оларда 120 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

– Жетістіктер әрине, қуан­та­ды. Бірақ салада шешімін таппай тұрған түйткілдер де бар ғой. Соларға тоқталсақ?

– Әрине, біз салада күрмеуі шешілмеген проблемалар бар еке­нін жоққа шығармаймыз. Әсі­ресе қолжетімді қаржы мәсе­лесі өткір тұр. Машина жасау саласы капиталды көп қажет етеді, рентабельділігі 7-10 пайызды құ­райды. Бүгінде екінші деңгейлі банк­терден несие алу мүмкін емес. Несиелеудің 20 пайыздан жоғары мөлшерлемелері, кепіл базасына қойылатын шектен тыс талаптар өндірістің толыққанды дамуына мүмкіндік бермей тұр­ға­ны жасырын емес. Сондай-ақ салалық кәсіпорындарды ши­кі­­затпен қамтамасыз ету мәсе­ле­сі де алдымыздан жиі шығады, бұл олардың өнді­рістік қуатын пайдалану дең­гейіне теріс әсер етеді.

Тағы бір қиындық – импортқа деген тәуелділіктің жоғары болып тұрғандығы. 2022 жылы Қазақ­станда өңделген тауарлар импортының жалпы көлемі 50 млрд долларды құрады, оның 20 млрд доллары немесе 40 пайызы – машина жасау өнімдері. Біздің отандық машина жасау нарығы 70 пайыздан астам импорттық өнімге тәуелді.

Өнеркәсіптің негізгі өндірістік қорлары жаңартуды өте қажет етеді. Жабдықтардың тозуы орта есеппен 60-70 пайызды құрайды. Жаңғырту жұмыстарына екінші деңгейлі банктердің несиелік пайызының жоғары болуы да кедергі келтіруде. Сонымен бірге салық жүйесін де жетілдіру керек деп айтар едік. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыр­күйек­тегі Жолдауында жаңа Са­лық кодексін әзірлеу аясында 2023-2025 жылдар аралығында әртүрлі салаларда сараланған салық мөлшерлемелерін енгізуді тапсырды. ЕО елдерінде сала­лық салықтар секторларға, техноло­гия­лар­ға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарға байланысты сарала­нады. Егер ол жерде жалпы көрсеткіш 20-25 пайыз болса, онда машина жасау үшін 8 пайыз болып бекітіледі. Қы­тай­да экспортқа қосымша құн салығының сараланған мөл­шер­ле­месі – 0-ден 16 пайызға дейін. Ол экспортқа шығарылатын өнімді өңдеу дәрежесіне байланысты белгіленеді.

Біздің қосылған құны жоғары тауар өндірушілеріміз шикізат өндірушілермен бірдей ҚҚС төлейді. Дифференциалды са­лық жүйесін енгізетін болсақ, бұл жоғары технологиялық сала­ларға серпін береді. Олар капи­­талды көп қажет етеді, техно­ло­гия­лық жағынан күрделі және нәти­же­сін­де көбірек салық әкеледі.

– Осы түйткілдерді тарқату үшін мемлекеттің қолында қан­дай құрал бар? Ол құралдар қан­шалықты өтімді әрі пайда­лы?

– Қазір Мемлекет басшысының тап­сырмасымен саланы дамыту­дың 5 жылға арналған Кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Ол салаға жаңа серпін беріп, бәсекеге қабі­лет­тілікті арттыруға және отан­дық өндірушілерді қолдауға ынталандырады деген сенім бар. Кешенді жоспардың жобасы машина жасауды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды. Олар – мұнай-газ, тау-кен металлургия, ауыл шаруашылығы, электртехника, теміржол, автомобиль, қорғаныс және авиа­ция өнеркәсібі. Кешенді жос­пардың негізгі мақсаты – им­портқа тәуелділікті азайту, са­тып алудағы ішкі құнды арттыру, инвестиция тарту, өндіріс пен экспорт мүмкіндіктерін дамыту, отандық өнімді өткізу на­рық­­тарын кеңейту, ішкі на­рық­ты қорғау (тех­никалық реттеу), білікті ма­ман­­дар даярлау жүйесін жетіл­діру, салаға арналған кадрлар және тағы басқалар. Бұл шара­лар­дың барлығы өндіріс пен экспортты айтарлықтай арттыруға мүм­кіндік береді. Са­ла­дағы отан­дық кәсiп­орын­дардың өндi­рiс көлемiн және экс­порт­тық түсiмiн ұлғайту ар­қы­лы салық салынатын база­ның өсуiн қамтамасыз етеді.

Отандық машина жасаудың бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасау – ел саясатында ір­гелі басымдыққа ие. Тек осылай ғана біз бүкіл саланың дамуын ын­талан­дыра аламыз. Басқа ба­ла­­ма жоқ. Үкіметке эко­но­миканы әртараптандыру, өңдеу өнер­кәсібінің өнімін арттыру, кәсіп­орындардың бәсекеге қабі­лет­­тілігін арттыру бойынша нақ­ты тапсырмалар берілді. Ма­­шина жасаушылар жоғары бә­се­­келестік жағдайында жұмыс істеп, ел экономикасының да­­­­муы­на үлес қосуға дайын.

– Жыл сайын дәстүрлі Ма­ши­на жасаушылар форумы өтеді. Форумның қоры­тын­дысы бойынша қандай нәти­же­­­лерге қол жеткізіліп жатыр?

– Форумның қорытындысы бойынша Үкіметке ұсыныстар береміз. Форум өзін пікірталас ала­ңы ретінде көрсетті. Сала­лық кәсіп­орындардың алдында тұрған міндеттердің кең ауқы­мы шешімін тауып жатыр. Эко­­номиканы әртараптандыру механизмдері, импортты алмас­тыру және жаңа экономикалық сая­сат мәселелері кеңінен тал­қы­ланады. Іс-шара ашық және жүйелі диалог аясында өтіп, машина жасауды және тұтастай алғанда өңдеуші өнеркәсіпті дамыту стратегиясы әзірленеді. Биыл бұл шара 11-12 мамыр күн­дері өтеді. Форумға және онымен қоса-қабат өтетін «Kazakhstan Machinery Fair» халықаралық көрмесіне 20-дан астам елдің өкілдері келіп, жалпы 1500-ге жуық адам қаты­са­ды деп күтілуде. Көрмеге 200-ден аса отандық және шетелдік жетекші кә­сіпорындардың өнімдері қойы­ла­ды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық оқырманды іс-шараға қатысуға шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»