Қазір оқушылардың көбі мектептен кейін оқу орталығына қосымша сабақтарға барады. «Балам оқысын» деген ата-ана ақшасын аямай курстарға жібереді. Әсіресе, іргелі білім ордалары мен белді жоғары оқу орындарына түсу үшін арнайы даярлайтын орталықтар бар. Қызметі ақылы болса да, баласын қатардан қалдырғысы келмейтін ата-ана көп. Сонда олардың мектептегі білімнен артықшылығы мен айырмашылығы қандай?
Осы тұста 9 жылдан бері түрлі олимпиадалардың жеңімпаздарын, ҰБТ-да жоғары балл жинап жүрген оқушыларды, НИШ, РФМШ, ҚТЛ, Зерде, Дарын, БИЛ секілді мектептерге шәкірттерді даярлап жүрген «Зерделі» оқу орталығының басшысы Рысбек Мәуітке мазалаған сұрағымызды қойып, жауап алдық.
- Мықты білім ордаларына түсу үшін қазір оқушылар міндетті түрде оқу орталықтарында дайындалады. «Зерделі» де нәтижелі жұмыс істеп жатқан оқу орталықтарының бірі. Шәкірттеріңіз түрлі олимпидаларда жүлделі болып жүр. Жалпы «Зерделі» оқу орталығының жұмысы туралы айтып беріңізші? Қандай артықтықшылықтары бар?
- «Зерделі» ақыл-ой орталығы 2014 жылы Астана қаласында ашылған. Қазір республика бойынша 21 филиалы бар. 6 мыңнан астам оқушысы, 500-ден астам қызметкері бар үлкен білім ордасына айналдық. Оның сыртында 4 мектеп аштық. «Зерделінің» басты артықшылығының бірі ол - кадрлар қосыны. Мәселен, республика бойынша ең мықты деген халықаралық мұғалімдер олимпидасынан орын алып жүрген, халықаралық олимпидаларға бала тәрбиелеп, шығарып жүрген 100-ден астам математик бар. Ал «Болашақ» бағдарламасымен оқып келіп, «Зерделіде» жұмыс істеп жатқан он шақты математик бар. Екінші артықшылық - материалдық база. Бізде өзіміздің авторлық кітаптарымыз бен оқулықтарымыз бар. 1-11 сыныптардың математикасы мен ағылшынына дейін бар. Барлығы жоғары деңгейде жазылған. Үшінші артықшылық - біз тек білім берумен айналыспаймыз, авторлық олимпиадаларымыз да бар. Бүкіл респубиликаға Білім және Ғылым министрлігі, Дарын ғылыми-практикалық орталығы және облыстағы білім басқармалары арқылы бірлесіп өткізетін «Алтын сақа», «Алтын түлек», бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» деген олимпидаларымыз бар. Бұл да біздің керемет жұмыстарымыздың бірі деп айтуға болады.
- Оқушыларды тек емтихандардың базасы негізінде дайындайсыздар ма? Қандай жүйе бар жалпы?
- Иә, ҰБТ, НЗМ басқа да емтихандар бойынша дайындаймыз. Олардың өз ерекшеліктері болады. Бірақ бәрібір ол жерде де базалық білім керек. Мысалы, НЗМ-ға дайындау барысында үшінші, төртінші сыныптағы білім негіз болады. Логикалық бағыта да басқаларға қарағанда біздің авторлық әдістемемен жасалған ерекшеліктеріміз бар. ҰБТ-да да емтихан базасымен жұмыс істейміз. Мәселен, емтиханда кездесетін сұрақ, кездеспейтін сұрақ, қамтылатын тақырып, қамтылмайтын тақырып деген болады. Осы жақтарын ескеру керек. Арнайы бағытымыз сол болғаннан кейін осындай тұстарын көбірек зерттейміз. Материалдық базаны жылдағы өзгерістерге байланысты толықтырамыз. Сондықтан біздің нәтижелеріміз жоғары болады. Мысалы НЗМ-ге түскен 3 оқушының екеуі біздің оқушылар деп мақтанышпен айта аламыз. Оны көзіміз көріп жүр. Былтыр бүкіл республика бойынша Назарбаев зиякерлерлік мектебіне 200-ден астам оқушымыз түсті. ҰБТ-дан да нәтиже жоғары. Осы жолы қаңтардағы ҰБТ-дан 138 баллға дейін алғандар болды.
- Қандай тәсілдермен оқытасыздар? Мектептегі оқыту жүйесінен айырмашылығы қандай сонда?
- Осындай жақсы нәтиже болуына бірінші себеп мұғалімдердің қосыны. Себебі мықты мұғалім балаға өте жақсы түсіндіріп жеткізе алады, нәтиже көрсете алады. Екіншісі, материалдық базаның арқасы. Басқаларға қарағанда ерекше тәсілдер пайдаланудың арқасында үлкен нәтижелер болады. Үшіншісі, осы бағытта жұмыс істегеннен кейін емтиханның жүйесі зерттеледі. Төртіншіден, қай емтиханда болсын баланың логикасы өте маңызды. Біз төменгі сыныптардан бастап, сол нәрсеге қатты мән береміз. Сондықтан да біздегі балалардың нәтижесі тез көрінеді деп айтуға болады.
Ал мектептегі айырмашылық бізде енді қосымша білім болғаннан кейін «баламды оқытайын» деген ата-ана келеді. Ақшасын салып, төлегеннен кейін ол жерде жауапкершілік болады.
Мектепте жетіспеушілік деген мәселе бар. Мәселен, бір сыныпта 30-дан аса бала отыратын жағдайлар болады. Мұғалім барлық балаға үлгермейді. Бізде бір топта ең көп дегенде 12 бала отырады.
Содан кейін айтылып жүрген бағдарлама мәселесі, оқулықтың қиындық деңгейі деген сияқты көп мәселе бар. Осы оқулық жасау процесіне өзім де қатысып жүрмін. Сондықтан мектептегі оқытудан осы жақтарынан айырмашылық бар. Одан кейін оқу орталығында деңгей бойынша бөлінеді. Мысалы, оқушының деңгейі төмен болса, өзінің деңгейінде оқыту өте маңызды. Біреуі тез игеріп кетіп, біреуі игере алмай жатуға болмайды. Яғни екі бөлек деңгейді бірге оқытуға болмайды.
- Ал орталықтың қызметіне ата-аналар тарапынан сұраныс көп пе? Жылына шамамен қанша оқушыны дайындап шығасыздар?
- Орталықтың қызметіне ата-аналар тарапынан сұраныс өте жоғары. 2014 жылы кішігірім жертөледе жұмыс істеген болсақ, қазіргі таңда бүкіл республикада 21 филиал бар. 6 мыңнан астам оқушысы бар үлкен білім ордасына айналу – сұраныстың жоғарылауына байланысты болып отыр. Қазір біз бүкіл республиканың 11 облысы мен қаласынан «Зерделіні» аштық. Бірақ басқа облыстардан да сұрап жатыр. Ата-аналар тарапынан сұраныс өте көп. Өйткені келген балалардан нәтиже көрініп жатыр. Бізде дайындалып, НЗМ-ға түскен, ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсеткен балалардың ата-аналарынан басқалары естіп жатады. Біздің маркетинг сол ата-аналар деп айтсақ та болады. Осындай үлкен білім ошағына айналуымыз ата-аналардың ризашылығының арқасында деп айта аламыз.
- Балалар мектепте оқып, білім алады. Онымен қоса, ата-аналар баласын қосымша курстарға береді. Бұл балаға ауыр болып кетуі мүмкін ғой. Жалпы орталықтағы оқушылардың өз ынтасы мен қызығушылығы қалай?
- Иә, қазір баласын қосымша математика, ағылшын басқа да спорттық үйірмелерге апаратын ата-аналар көп деп айтуға болады. Оқушы түске дейін мектепте оқыса, түстен кейін қосымша курстарға келеді. Бұл ауырлық етпейді деп ойлаймын. Себебі қосымшаға келген бала мектептегі сияқты 5-6 сағат бойы оқымайды. Мысалы математика мен ағылшынға бір-бір сағаттан келген бала күніне 2 сағат қана аптасына 3 рет келіп кетеді. Одан бос уақыттарында басқа да курстарға қатысып жатады. Балаға құйған инвестицияға сай нәтиже шығып жатқанын біз көзбен көріп жүрміз. Ал балалар керісінше біздің орталықтарға сондай қызығушылықпен келеді. Бұл мектептен басқа орта әрі оқыту тәсілі бөлек. Сондықтан лайықты көмегі тиіп жатыр деп ойлаймыз.