• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 30 Наурыз, 2023

Әлеуметтік әділдік талабы

444 рет
көрсетілді

Еліміздің солтүстік және шығыс өңір­ле­рінде халық саны жылдан-жылға аза­йып бара жатыр. Орынды алаңдау­шы­лық туғызып отырған осы теріс үрдісті тоқта­тып, келеңсіз демографиялық ахуал­ды жақсарту мақсатында Үкімет алты жыл­дан бері жұмыс күші артық өңір­лер­дің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңір­лерге ерікті түрде қоныс аударумен айналысып келеді. Қазір бұл бағдарлама «Қуат­ты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлт­тық жобасы аясында іске асырылып отыр.

Алайда оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аудару, атажұртқа оралған қандастарды квота бо­йынша орналастыру шаралары күткендегідей нәтиже бермей тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, еліміздің халқының саны өткен жылы 261845 адамға көбейіп, 19 765 004-ке жеткенімен, жұмыс күші тапшы өңірлердегі жағдай бұрынғыша нашарлай түскен. Мәселен, демографиялық жағдайы ең күрделі облыс саналатын Солтүстік Қазақстан халқының қатары тағы 3048 адамға кеміп, жыл басында небәрі 534 мың тұрғын қалған. Көші-қон сальдосы Қостанай (-4928 адам), Павлодар (-4708 адам), Шығыс Қазақстан (-3741 адам) облыс­тарында да теріс мәнге ие.

Көршілес Ресей және Қытай мемлекет­терімен шекаралас өңірлерде халық санының азаю үрдісі неге тоқтамай отыр? Осы сауалға жауап іздегенде есімізге Алматы облысынан Қызылжар өңіріне қоныс аударған қоғам белсендісі Бурахан Дақановтың: «Солтүстікке адам көшіруден бұрын, «Солтүстікте адам неге тұрақтамайды?» деген сұрақтың жауабын тауып, салдарын емес, себебін жоюға күш салу қажет. Шындығында, жергілікті жерден көшіп жатқан тек орыстар емес, қазақтар да жетерлік. Сол себепті жағдайды көшіп келіп жатқандарға ғана емес, барлығына бірдей жасау қажет», деген сөзі түсті. Бұл – билік басындағы азаматтарды ойландыруға тиіс сөз.

Себебі жақында Солтүстік Қазақстан облысында болып, қалыптасқан демогра­фиялық жағдай жайлы зиялы қауым өкіл­дерімен және жергілікті тұрғындармен сөйлескенімізде, олар кейбір әлеуметтік бағдарламалар әділетсіздік туғызып отыр­ғанын ашық та ашына айтты. Мыса­лы, көптеген азамат өздері тұрғынжай кезегінде жылдар бойы сарылып тұрғанына қарамастан, оңтүстік өңірлерден қоныс аударып келіп жатқан ағайындарға артық­шылық жасалып, бірден мемлекеттік бюд­жет есебінен жаңа тұрғын үйлер салынып беріп жатқанына ренішті екен. Жалға берілетін пәтерлер де ең алдымен оңтүс­тік өңірлерден келген жас мамандарға ұсыны­лып, жергілікті жастар шетқақпай қалуына келіспейтіндер де бар.

«Серпін» бағдарламасы да сәтті іске асырылып отыр деу қиын. Біріншіден, аталған бағдарламаға қатысушылар қолдарына дип­лом алған соң бәрі бірдей мамандығына сай жұмыс тауып, оқыған өңірлерінде тұрақтап қалып жатқан жоқ. Екіншіден, Ұлттық бірыңғай тестілеуде біршама төмен балл жина­ған серпіндіктер мемлекеттік гранттар алып, олардан салыстырмалы түрде білім­дірек екеніне қарамастан, ақылы негізде оқуға түсіп, өкпелері қара қазандай болып жүр­ген жергілікті студенттер аз емес.

«Бұрынғы Үкіметтің көші-қон саясаты тиісті нәтиже бермегенінің негізгі себебінің бірі – әлеуметтік әділдік жетіспеуінде. Соның салдарынан облысымызға әлеуметтік бағдарламалар бойынша көшіп келушілер санынан басқа жаққа көшіп кетушілер саны әлдеқайда көп. Халықты тұрақтандыру қажет десек, оңтүстіктен қоныс аударушылар­мен және квота бойынша көшіп келген қандас­тармен қатар, жергілікті азаматтарға да қолайлы жағдайлар жасау қажет», дейді солтүс­тік қазақстандықтар.

Әрине, солтүстік және шығыс өңірлер­дегі демографиялық жағдайға теріс әсерін тигізіп отырған басқа факторлар да бар. Солардың ішінде созбаққа салынып, әлі шешілмей тұрған елді мекендерді газдандыру мәселесі өте маңызды. Бұл да – мемлекеттен әділ көзқарасты талап ететін әлеуметтік проблема. Жаңадан сайланған Парламент пен жаңа Үкімет еліміздегі өңірлік даму, демография, көші-қон мәселелеріне жете назар аударып, жан-жақты ойластырылған әрі пәрменді шаралар қолданса құба-құп.