Солтүстік Қазақстан облысының орталығындағы ат төбеліндей ғана арандатушы топтың «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» дейтін псевдо ұйымды құру туралы жасаған мәлімдемесінің бейнежазбасы өткен бейсенбіде әлеуметтік желілерде таратылып, қоғамды дүр сілкіндірді. Абырой болғанда, осы арандатушылық әрекетке құқық қорғау органдары дереу ден қойып, тиісті шараларды қолға алды.
Келесі күні Бас прокуратураның баспасөз қызметі: «2023 жылғы 30 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігіне сәйкес (Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып адамдар тобының сепаратизмді насихаттауы) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Осы күні облыстық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Іс бойынша үдеріс прокурорлары айқындалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізілуде, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етуге жатпайды. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында», деп ресми түрде хабарлады. Айтпақшы, Қылмыстық кодекстің жоғарыда аталған бабы бойынша кінәлілерге бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бас прокуратураның мәлімдемесі петропавлдық арандатушылардың әрекетін жаппай айыптап, әділ ашу-ыза білдірген республика жұртшылығын біршама тыныштандырған тәрізді. Дегенмен, қоғамда осы келеңсіз оқиғаға байланысты қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар және жекелеген азаматтар тарапынан сыни да сындарлы пікірлер айту, құзыретті мемлекеттік органдарға тиісінше талап қою жалғасып жатыр.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» деп аталатын ұйымның атынан шыққан бір топ адамның арандатушылық мәлімдемесін қатаң түрде айыптайды.
Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығының мызғымастығын және оған ішкі және халықаралық заңнамамен кепілдік берілгенін мәлімдейміз.
Бұл әрекеттерді мемлекетіміздің конституциялық негіздеріне, қауіпсіздігіне, бірлігі мен тұрақтылығына қарсы бағытталған, ел мүддесіне жасалған опасыздық деп бағалаймыз.
Біз біртұтас халық ретінде қазақстандық қоғамда ешкімнің араздық пен сенімсіздік таратуына жол бермейміз!
Мұндай арандатушылықтар аса жауапсыздықтың көрінісі және құзырлы органдар тарапынан қатаң түрде тыйылуы керек. Кінәлілер сот тәртібімен заң аясында жазалануға тиіс.
Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтарды мұндай әрекеттерге бой алдырмауға және мызғымас бірлігіміз бен қоғамдық келісіміміздің негізі – халқымызға тән даналықты, төзімділікті, сенім мен өзара сыйластықты сақтауға шақырады.
Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз және біз – қай жерде болсақ та сүйікті Отанымыздың өкілдеріміз, ал халықаралық қауымдастық бізді біртұтас әрі қуатты ұлт ретінде таниды.
Біз әртүрліміз, бірақ бірлігіміз – әралуандылықта. Бұл қағидадан біз ешқашан ауытқымаймыз», деген мәлімдеме жасады Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Петропавл қаласының зиялы қауымы да өз араларынан шыққан «шұбар жыландарды» қатты сөгіп, оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаға тартуға шақырып отыр.
«Шекараның тұтастығына қол сұғу – елдің Конституциясын ғана емес, халықаралық нормалар мен актілерді де бұзушылық. «Халық кеңесінің» өкілдері Қазақстан қоғамының негіздерін шайқалтып, халық достығына теріс әсер етуге тырысты.
Осы оқиға, Қазақстан Республикасын жеке мемлекет ретінде танымауға қатысты мәлімдеме, «Халық кеңесі» мүшелерінің өздерінің тәуелсіздігі мен егемендігін жариялауы – шектен шығушылық деп білемін.
Бізге өз ережелерін тануға ешкімнің құқығы жоқ. Бізде заңдар, таңдау еркіндігі, заңды Президент, Үкімет, Парламент және біртұтас шекарамыз бар. Мен қайығымызды тегіс жерде теңселтіп, жоғарыда аталған ұғымдарға күмән келтіретін арандатушыларды жауапқа тарту керек деп санаймын. Ең дұрысы – қылмыстық жауаптылыққа тарту», деп жазды Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Юлия Пронина әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Халық кеңесі» мүшелерінің ар-намысқа тиетін, мүлдем миға қонбайтын пікірлері жұрттың жағасын ұстатты. Бұл сепаратистердің мәлімдемесі, біріншіден, Қазақстан Республикасының Конституциясына, екіншіден, ақыл-парасатқа қайшы келеді. Елдегі мемлекеттік биліктің беделін түсіру, шекараның тұтастығына қол сұғу, біздің өңірдің және тұтастай алғанда еліміздің азаматтары арасындағы татулықтың негіздерін шайқалту әрекеті көзге ұрып тұр. Менің ұстанымым – болған оқиғаны мұқият тексеріп, осы мәлімдемеге қатысы бар барлық адамды жауапқа тарту қажет!», дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ұлттық олимпиада комитетінің спортшы-нұсқаушысы Ирина Эктова.
«Бұл адамдар қоғамға іріткі салу, алауыздық пен жеккөрушілікті туғызу үшін проблемалық мәселелер мен қиын тақырыптарды әдейі іздейді, тіпті бір қарағанда түкке тұрмайтын нәрселерді де сөз етеді.
Достар, осы келеңсіздікті тезірек ұмытайық! Біздің ортақ та бөлуге жатпайтын үйіміз – Қазақстан Республикасында татулықпен, достықпен, қуанышпен өмір сүрейік!», дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, заңгер Павел Афанасьев.
Жұртшылық талабы орындалып, арандатушылар сот арқылы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаларға тартылады деп сенеміз. Әйтсе де көпшіліктің көкейінде «Олар кімнің айтағына ерді?» деген сұрақ тұрғаны анық.
«Бастысы – арандатушылардың «шамадан тыс еңбегіне» ақыны кім және қандай ақшамен төлегенін анықтау: теңгемен бе, гривнамен бе, рубльмен бе, доллармен бе, еуромен бе?..», дейді петропавлдық қоғам белсендісі, кәсіпкер Александр Казанцев. Құзыретті органдар осы сауалдың жауабын тауып, тасада тұрған тапсырыс берушілерді де жалғанның жарығына шығарып, жазаға тартуға тиіс. Егер бұл арандатушылықты шетелдердің бірінің арнаулы қызметі ұйымдастырғаны әшкереленсе, онда сол мемлекетке наразылық нотасы жолдануы қажет.
Сонымен қатар осы арандатушылық әрекет неге Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылды деген сауалға да жауап іздеген жөн. Осы ретте кейінгі 23 жыл ішінде тұрғындарының саны 179,6 мыңға кеміп, жыл басында небәрі 534 мың адам, қалған халқы ең аз өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, өмір сапасы көңіл көншітпейтіні, мемлекет құрушы қазақ ұлтының үлесі небәрі 37 пайыз екендігі еріксіз ойға оралып, толғандырмай қоймайды. Петропавл қаласында болған келеңсіз оқиғаның себептеріне тиісті мемлекеттік органдар жан-жақты талдау жасап, қорытынды шығарып, сабақ алса, игі.
Мәселен, қазір Қызылжар өңіріндегі ақпараттық-түсіндіру, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жұмыстарын барынша жандандыру қажеттігі туралы орынды пікірлер мен ұсыныстар айтылып жатыр. Осы орайда өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары һәм облыстың бас идеологы қысқартуға іліккені, сондай-ақ Тілдерді дамыту басқармасының жабылғаны қисынға келмейтін негізсіз шешімдер болды десек, артық айтпаспыз. Осындай қателіктерді түзетіп, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңірдегі ұлттық мүддемізді қорғауға бағытталған идеологиялық жұмысқа соны серпін беретін кез жеткені сөзсіз.