Бүгінгі күні өңірде 52 сүт тауарлы фермасы тынымсыз жұмыс істеп тұр. Ал қуаттылығы 50 бастан 600 басқа дейінгі фермалардағы сауын сиырдың саны 14 мың бастан асып жығылады. Әйткенмен, өңірдегі сүт өндірісінің бүгінгі қарқыны көңіл көншітпейді. Қысқасы, облыста сүт өндірісін 2025 жылға дейін 30 пайызға жеткізу үшін нақты жұмыстар қолға алынып отыр.
Мемлекет тарапынан сүт өндірісін еселеу үшін айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Нәтижесінде, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға артты. Әлбетте, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алдағы уақытта тындыратын тірлік аз емес. Өйткені өңір басшысы Нұржан Нұржігітов сүт өндірісінің аясын кеңейтуге айрықша мән беріп отыр.
Сүт өнімдерін өндіруде Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан «Ali-Ko Sut» шағын сүт цехының да айтарлықтай үлесі бар. Мұратбек Нысанов басқаратын цех жұмысы жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып отыр. Жаңа істің көзін табуға ұмтылған кәсіпкер 2021 жылы шағын цех ашқан.
«Сүт өңдейтін цехқа қажетті аппараттарды Ресей Федерациясынан 25 миллион теңгеге сатып алғанбыз. Мұздатқыш, сүт, қаймақ пастерлеуге арналған аппараттар, сеператор, м а й дайындайтын аппарат және өзге құрылғыларымыз жеткілікті. Цехты ашу үшін шамамен 40 миллиондай қаржы жұмсадық. Әрине, кіріс кіруі үшін алдымен шығындануға тура келеді. Бастысы цех жұмысы бүгінде айтарлықтай нәтиже бере бастағаны көңіл қуантады», дейді М.Нысанов шағын сүт цехын ашу оңайға соқпағанын айтып.
Кәсіпкердің айтуынша, цех жұмысын жүйелеу үшін жергілікті мамандарды жұмысқа тартқан. Олар өз кезегінде ауысыммен еңбек етеді. Ал мұнда өндірілген өнім негізінен ішкі нарықты қамтиды.
«Біз мамандарды таңдауда жергілікті тұрғындарға басымдық бердік. Бүгінгі күні ауылдың жеті бірдей азаматы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айта кеткен ләзім. Олар тиісінше ауысыммен жұмыс істейді. Орта есеппен жалақылары 100 мың теңгеден жоғары. Бір қуаныштысы – жұмысқа қабылданған азаматтардың барлығы өз ісін жетік білетін мамандар. Сондықтан жұмыс барысында айтарлықтай мәселе жоқ.
Цехта технолог, зертханашы, май дайындаушы, сүт қабылдаушы секілді мамандармен бірге әртүрлі жұмыстарды жүзеге асыратын қызметкерлеріміз бар. Олар жұмысқа арналған арнайы киіммен толықтай қамтылған. Бастысы, санитарлық талаптар, техникалық қауіпсіздік секілді ережелер қатаң сақталған. Қызметкерлердің өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтыны қуантады», дейді кәсіпкер.
М.Нысановтың айтуынша, цех қызметкерлері ауданға қарасты ауылдардан тәулігіне 1,5 тонна сүт қабылдайды екен. Цехта өндірілген өнімдер аудан орталығындағы дүкендерге өткізіледі. Сонымен қатар Тараз және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Бүгінде ірімшік, май, қаймақ өндіріп отырған кәсіпкер алдағы уақытта айран мен сыр өндіру жұмыстарын қолға алуға бекініп отыр.
Салада ширек ғасырлық еңбек өтілі бар технолог Татьяна Жуковская өнім өндірудің өзіне тән машақаты мол екенін айтады. Расында да технолог маманнан бастап, білек сыбанып тер төгіп жатқан өзге мамандарды көргенде жұмыс үдерісінің оңай еместігін бірден түсінесің. Сүт қабылдау кезеңінен бастап, сүт өңдеу үдерісінің басы-қасында жүретін мамандардың еңбегі адал.
Иә, цехтың бір бөлігінде құрт, енді бір бөлімінде сүзбе, ірімшік жасап жатқан қызметкерлердің маңайына мойын бұруға мұршасы жоқ екендігі көрініп-ақ тұр. «Адал еңбек бәрін жеңбек» дегеннің мәнін осындайда түсінесің. Жұмысы жолға қойылған шағын цехта басқа да өнімдерді өндіретін күн алыс емес. Оған күмән да жоқ.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы,
Бауыржан Момышұлы ауылы