• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Сәуір, 2023

Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат ресми сапармен Ресейге барды

225 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат ресми сапармен Ресей Федерациясына барды, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында Палата Спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті. Сондай-ақ Спикерлер ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы отырысының ашылуына қатысты. Отырыста Палата басшылары 2023-2025 жылдарға арналған ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастықты дамыту жөніндегі «Жол картасына» қол қойды.

Кездесуде сөйлеген сөзінде Мәулен Әшімбаев депутаттар парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыруға септігін тигізе алатын басым бағыттарды атап өтті. Бұл бағыттағы негізгі міндеттер трансшекаралық өзендердің экожүйелерін сақтау, есірткінің заңсыз айналымымен бірлесіп күресу және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мәселелері болып белгіленді.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас табысты және тиімді екіжақты өзара іс-қимылдың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Екі елдің ынтымақтастығы берік достық пен тату көршілікке, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланыстарға, мемлекеттеріміздің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына құрметпен қарауға негізделген», деді М. Әшімбаев.

Өз кезегінде Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко екі мемлекеттің өзара іс-қимылының жоғары деңгейіне ерекше назар аударды. Бұл ретте Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия осындай байланыстың маңызды тетігі болып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Валентина Матвиенко ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан кең ауқымды саяси және экономикалық реформалардың өзектілігін тілге тиек етіп, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дәйекті түрде дамытудың маңызды екенін айтты.

«Ресей мен Қазақстан – шын мәнінде тең құқылы одақтас мемлекеттер. Бізді көп нәрсе байланыстырады. Біз Қазақстанның даму барысына үнемі назар аударып отырамыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саяси және экономикалық реформалар жоғары құрметке лайық. Олардың кәсіби, демократиялық және халықпен диалог негізінде жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенімізді жеткізгім келеді», деді Валентина Матвиенко.

Сонымен қатар кездесуде қазіргі заманғы қалаларды дамыту саласында екі Палатаның өзара іс-қимылының өзектілігі сөз болды. Осыған орай Мәулен Әшімбаев былтыр Қазақстанда «Агломерацияларды дамыту туралы» заң қабылданғанын, соған байланысты бұл бағытта инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Парламентаралық Ынтымақтастықты дамыту жөніндегі арнайы жол картасы да өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тың серпін беруге тиіс. Құжат алдағы 3 жылға есептелген. Оның басты міндеті – қызметтің нақты нәтижелеріне мән бере отырып, Парламенттер ынтымақтастығының қолданбалы құрамдас бөлігін күшейту.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев пен Валентина Матвиенко Парламент Сенаты мен Федерация Кеңесінің Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының отырысына қатысты. Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Ресей сенаторларының кездесуі 12 сәуір – Ғарышкерлер күнінде өтіп отырғанына назар аударып, осыдан 62 жыл бұрын қазақ жерінен Юрий Гагарин адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа ұшқанын айтты. Сенат Төрағасы қазіргі таңда екі елді бұл бағытта Байқоңыр ғарыш айлағы біріктіретінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бүгінде біздің елдеріміз арасында осындай деңгейдегі жемісті өзара іс-қимыл көптеген бағыт бойынша дамып келеді.

Мәулен Әшімбаев шекара маңы ынтымақтастығын нығайту қажеттігіне және трансшекаралық су нысандарына қатысты өзекті мәселелерді шешудің маңыздылығына да ерекше тоқталды.

«Трансшекаралық өзендердің экожүйелерін сақтау – маңызды мәселелердің бірі. Біздің еліміздің бірқатар өңірі үшін бұл әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәнге ие. Сондықтан қазақстандық қоғам осы бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр. Соған байланысты Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның келесі отырысын осы жылдың күзінде трансшекаралық өзендер ағып жатқан Қазақстанның шекаралас облыстарының бірінде өткізуді ұсынғымыз келеді. Бұл мақсатта Орал қаласын қарастыруды ұсынамыз. Осылайша, сенаторлар жергілікті жерде мәселенің мән-жайымен жақын танысып, тиісті мемлекеттік органдарды тыңдап, бірлескен ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік алады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге Қазақстан Парламенті Сенатының делегациясы Мәскеу Соборлық мешітіне барды. Сенаторлар мешіт басшылығымен кездесіп, қазіргі қоғамда жоғары рухани-адамгершілік құндылықтарды ілгерілетудегі діни көшбасшылардың рөлін талқылады. Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің дінаралық диалогты дамытуға, халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі де әңгімеге арқау болды.

Ресми сапардың алғашқы күнінде қазақстандық сенаторлар «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.