• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Сәуір, 2023

«Microsoft» мульти аймақтық хаб ашады

270 рет
көрсетілді

«Microsoft» корпорациясымен Қазақстан аума­ғында орналасатын мультиаймақтық хаб ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі мен еліміздің Сан-Фран­циско қаласындағы (АҚШ) бас консулдығының бірлескен жұмысының нәтижесі.

Жағымды жаңалық туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің «Microsoft»-тың еліміздегі бас директоры Сергей Лещенкомен екіжақты кездесуі барысында белгілі болды.

Хаб қызметі Орталық Азия, Әзербайжан, Армения, Грузия, Моңғолия, Пәкістан елдерін қамтиды деп күтіліп отыр.

– «Microsoft» қызметін локализациялау Қазақ­станға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді. Осылайша, хаб «Microsoft» корпорациясы­ның технологиялық даму және инновациялар орталы­ғы бола отырып, шикізаттық емес технологиялық салалардың өнімдерін өндіру мен экспорттауды ынталандыру арқылы адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканы нығайтудың драйвері бола алады, – деді Бағдат Мусин.

Министр өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сес­сиясы аясында Нью-Йоркке жасаған сапары аясын­да «Microsoft» компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша бас директоры Мишель Симмонспен кездесу өткізіп, онда қазақстандық өкіл­дікті аймақтық хабқа айналдыру мәселесі көтеріл­генін жеткізді. Сол кезде ел Президенті Үкіметке осы бастаманы жандандырып, оны жүзеге асыруға қажетті жағдай жасау міндетін жүктеген.

– Осы уақыт ішінде Сыртқы Істер министрлігі­нің және еліміздің Сан-Францискодағы бас консул­дығының, сондай-ақ «Microsoft» корпорациясының қазақстандық өкілдігінің қолдауымен бұл мәселені шешу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді. Крем­ний алқабына сапарым барысында да бұл мәсе­лені ұмыт қалдырған жоқпыз. Енді, міне, бізге қабылданған шешім жөнінде ресми түрде хабарланды, – деді министр.

«Microsoft» компаниясының Қазақстан бойынша бас директоры Сергей Лещенконың айтуынша, елімізде «Microsoft»-тың аймақтық хабының құрылуы маңызға ие. «Қазақстанда тиісті инфрақұрылым бар. Біз бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз», деді ол.

Сондай-ақ кездесуде корпорацияның ChatGPT сияқты көптеген сервистерінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды.