• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 18 Сәуір, 2023

Көтеріп өкшеңді, көріп кет Көкшемді!

220 рет
көрсетілді

Жадырап жаз келісімен Бура­байдың баурайы, Зерен­дінің зерлі аймағы келімді-кетімді кісіден бір босамайды. Біздің өңір туризм саласын дамытуға мейлінше қолайлы.

Аймақтағы туристік салаға соны серпін беріп, жарты әлемді жалғыз қауызға сыйдырып жіберген жаман тұмаудан кейін қайтадан өрістетіп, бағзы қалпына келтіруге, тіпті одан да жақсартуға талпыныс жасалып жатыр. Бүгінде бұл тарапта 600-ден аса әртүрлі кәсіпорын жұмыс істейді. Қарымын таразы басына тартсаңыз, ел бойынша екінші орында. Шынтуайтында, әлі де кәдеге аспай жатқан мол мүмкіндік бар. Мәселен, бүгінгі туриске көркі көз қуантатын табиғат та, қол қусырған күтуші де, үлде мен бүлдеге орайтын күтім де таңсық емес. Өркениет көші алға озған сайын рухани дүниеге сусағандар, тарихтан тағзым алғысы келетіндер жыртылып айырылады. Көненің көмбесін ақтарып көріп, алты Алаштың таста таңбаланған тарихын зерделегісі келгендерге Бурабайдың баурайында көзайым қылып көрсетер дүние аз емес. Бәлкім осы бағытта тиімді жұмыс істеуіміз керек шығар. «Бурабай», «Бұйратау», «Көкшетау» мемлекет­тік ұлттық табиғи парктерімен бірге «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында 900-ден аса тарихи және мәдени ескерткіш орналасқан. Қай-қайсының болсын қасына барып, уақыт шымылдығымен тұмшалан­ған шілтерді серпіп тастап, қазыналы сырдың қойнауына сүңгіген адам көл-көсір олжаға жолығар еді. Ол олжа – рухани байлық.

Туған елдің тарихын әйгілейтін, тұмса табиғаттың ғажайып сұлулығын құштар көңілдің терезесіне дейін мөлдіретіп әкелетін 73 туристік ба­ғыт жұмыс істейді. Әр бағыттың алуан-алуан сыры бар, ет жүрегіңді елжірететін жыры бар. Соншама мелдектей тұнған, сиқырымен арбап, ­сырымен баурап, тарих тұңғиығы­ның жеті қат тереңдігіне жетелей жүретін туристік бағыттар Көкшетау, Бура­бай, Зеренді, Қорғалжын, Ерейментау, Біржан сал аудандарының аумағында құс жолындай сайрап жатыр. Бар асылы бойында тананың көзіндей жайнап жатыр. Сан ғасырдың тарихымен бірге Алаш жұрты қасиеттіге балап, киеліге санап, көзінің қарашығындай сақта­ған жұмыр жердің жұмағы да осында. Бәлкім содан да болар, ат басын бұрушылар дүмей түсуде. 2022 жылы көрікті өңірге бір миллионнан аса адам келіпті. 2020 жылмен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Ол жылы 795,3 мың адам келген болатын. Ал 2021 жылдың тоғыз айында 950,6 мың адам аруақ қонып, нар шөккен Көкше топырағын басып, көркімен танысып, жұпар ауасын жұтып, құр атқа мінгендей қунап кеткен.

Өткен жылы шетелдік қонақтар­дың күрт көбейгені байқалады. «Еqonaq» ақпараттық жүйесінің дерек­теріне қарағанда, әлемнің 94 елі­нен 22,9 мың адам келген. Оның 15 мыңнан астамы – ТМД елдерінен. Бурабай баурайы мен Зеренді көлінің жағасынан АҚШ, Канада, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Франция елдерінің адамдарын кездестіруге болады. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмір­лігі, Сауд Арабиясы, Египет, Оңтүстік Африка Республикасы, Кения, Аустралия, Шығыс Азия мен Тынық мұхиты елдерінен де тынығып қайтуға тілек білдірушілердің қарасы көбейе түскен. Ит арқасы қияндағы осыншама елдің туристері Көкшетауға келетін болса, бұл өлкенің де бағасы асып тұрғаны ғой.

Туризмді әсте бизнеспен белсен­ді байланыстырмай өрістету мүмкін емес. Бүгінде мемлекет елдің туристік инфрақұрылымын дамытуға инвес­тиция салатын кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетуде. Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілері өтінім беріп, өз жобасын ұсынуы керек. Осы жылы 10 кәсіпкерлік субъектіге 104,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шаралары мақұлданды. Осы арада тұмса табиғатқа, жалпақ жұрттың мақтанышына айналған Бурабай мен Зеренді аймағын күтіп ұстауға мемлекет тарапынан жанды қамқор­лық көрсетіліп отырғанын айта кетсек артықтығы жоқ. Сол қамқорлықтың нәтижесінде курортты өңір қанатын жая түсуде. Шетелдік туристердің кірпияз көңілінің талабынан шығатын инфрақұрылым түзілуде. Олардың назарын аударатын мейлінше қызықты орындар да аз емес. Айталық, «Ботай-Бурабай» этнокешені. Қазақ даласында жылқыны ең алғаш қолға үйретудің ежелгі тарихын сипаттайтын кешенге келушілер легі артып жатыр. Әлемде теңдесі жоқ «Бурабай» халықара­лық трамплині де демалушылардың назарын аударуда. «Абылай хан» экспозициялық кешені туристерді өзі­не шақырып-ақ тұрады. Мұндай әдемі де әсерлі орындар аз емес.

Биыл туристер легі тіптен көбеюі мүмкін деген болжам да айтылуда. Міне, осыған байланысты бұрын­ғы кемшіліктерді тез жойып, алдағы уақытта мүмкіндігінше қайталанбауын қадағалау қажет. Ол алдымен тұмса табиғаттың тазалығын сақтауға байланысты. Бұл арада, біздіңше, жалғыз үгіт-насихат, ұғындыру, түсіндіру жұ­мыстары жеткіліксіз. Кімнің болсын көкірегінде ай нұрлы, ару сипатты өлкенің өңіне қылдай қиянат жасамайыншы деген перзенттік пейіл қалыптасуы қажет. Тақырыпты сәл таратып айтуға тура келеді. 2020-2023 жылдары «Бурабай» ұлттық паркі аумағынан 6 550 текше метр қоқыс шығарылған. Оқырманның көз ал­дына елестету үшін мұнша қоқыс­тың ­1 100 жүк машинаға жүк бола­ты­нын айта кетелік. Демек, біз миллион­­да­ған туристі қабылдау үшін дайын ­бо­луымыз керек. Жыл сайын бұл мә­се­ле ауық-ауық көтеріліп келе жатыр. Әйт­се де әлі оңтайлы шешімін тап­қан жоқ.

Бурабай көлі жағалаудан шегініп бара жатыр. Көнекөз қариялар бұл көлдің ертеректе суы ғажайып мөлдір болғанын аңыз қылып айтады. Бүгінгі тыңдаған адам ертегі іспетті қабылдар еді. Көл суы неге тартылды? Бұл – өте күрделі сауал. Жергілікті экологтер күн райының күрт құбылуынан деседі. Кейінгі үш жылда көл суы бір метрге азайған. Байыптап қара­саңыз, адам қолынан жасалған қия­нат деуге де болар. Мәселен, бір кезде күркірей ағатын Күркіреуік, Сары­бұлақ өзендерінің тартылуы. Оның үстіне Бурабайдың жоталарынан бұлқынып аққан бұлақтардың да көзі жабылған. Ғимараттарды таби­ғаттың өз заңдылығын ескермей жа­ға­лауға жақындатып салғандықтан, су жолын бөгеу көбейген. Көктемгі еріген су да көлге жетпей сіңеді. Мі­не, осының бәрі судың молаюына мүмкіндік бермей тұр. Табиғи су жол­дары жабылғаннан кейін ылғал ағаш­тарды шірітіп жатыр. Осы арада тың және тыңайған жерлерді иге­ру кезеңінде бұрынғы Көкшетау облы­сының аумағындағы 1 515 көлдің құрғап кеткенін айта отырып, Бурабай баурайындағы табиғаттың тартуын көздің қарашығындай сақтауымыз керек деп аттандауға әбден болады. Әне бір кезде Шортанды көлі Щучье қаласының су алатын негізгі су қорына айналды. Қаланы жерасты суымен қамтамасыз ететін үш бірдей су көзі табылғанымен, көлге қиянат жасау ұзаққа созылды. Міне, осы кезде тығы­рықтан жол іздегендер Бурабай бау­райындағы көлдерді Сергеев су қой­масынан тартылған құбыр ар­қылы толықтыру керек деген де ұсы­ныс айтты. Бірақ құрамы әртүрлі болған­дықтан бұлай жасауға болмайды екен.

Әрине, Бурабай кенті абаттандырылып, санитарлық тазалық қолға алынуда. Бурабай мен Зеренді аудан­дарында ұлттың парктердің, туризм са­ласындағы ұйымдар мен қо­ғам­дық бірлестіктердің, жергілікті атқару­шы органдардың өкілдері бір­лескен жұмыс тобын құрып отыр. Оның алғашқы отырысы осы жылдың 4 сә­уірінде өткізілді. Курортты өңір­дің осы салаға қатысы бар қызметі бел­сенді дайындықты бастап та кетті. Облыстық бюджеттен Бурабай курорт­ты аймағын абаттандыруға 33 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Жаз­ғы мау­сымның басында Бурабай кен­тін­дегі орталық алаңды, Ұлы Отан со­ғысы ардагерлеріне арналған ес­к­ерт­кішті жаңғырту қолға алынуда. Сон­дай-ақ көрсеткіш белгілер пы­сық­­­талып, ақпараттық жүйе толық­ты­­­ры­лып жатыр. Кенттің орталық кө­ше­­лерінде қызықты муралдар пайда болды.

Биыл Щучье-Бурабай курорттық аймағының көлік инфрақұрылымы­ның жобаларын жүзеге асыруға 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Зеренді аймағын дамыту барысында 31 ин­фра­құрылымдық жоба кезең-кезе­ңі­мен жүзеге асырылады. Бюджет қара­жаты есебінен Зеренді курорттық айма­ғының аумағында бірнеше автобус аял­дамасын орнату жоспарланып отыр.

Көрікті Көкшенің бар байлығы осы екі жерде ғана бөгіп тұрған жоқ. Кейінгі үш жылда Ақкөл, Аршалы, Целиноград аудандарында да осы салаға серпін берілмек. Биыл Аршалы ауданында екі демалыс аймағы, Ақкөл ауданында сауықтыру-емдеу орталығы салынатын болды.

 

Ақмола облысы