Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің саябағында Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібекке арналған монументті мүсіндік-композиция ашылды. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, сөз сөйледі.
Бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағлымы мол сәулет туындысымен толықты. Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандарға арналған еңселі ескерткіш ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, біздің қазақы, елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі, деді Президент. Тарихқа шолу жасайтын болсақ, Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының туын қалай қадағанын көреміз. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген Қазақ Ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелік етті. Қазіргі Қазақстан Республикасының аумағы тұтасымен сол хандықтың қол астында болды.
Осылай деген Елбасы Керей мен Жәнібек хандарға арналған құрмет Астанада бұрын да жасалып келе жатқанын, соның ішінде сол жағалауда олардың атын иеленген көшелер барын атап көрсетті. Біз өткен тарихымызды ұмытпай, ондағы өрелі істерді ұрпаққа үлгі етіп келеміз. Соның ішінде азаттық жолында он жыл бойы күрес жүргізген Кенесары ханның да ескерткішін Есілдің жағалауына орнаттық. Астананың 10 жылдығына орай елордамыздың бас алаңында зәулім биік “Қазақ елі” монументі тұрғызылды. Астана көшелеріне ұлы тұлғаларымыз бен тарихи қалаларымыздың аттары берілді. Осының бәрі біздің ата-баба аманатына адалдығымыз бен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі, деді Мемлекет басшысы.
Одан әрі Елбасы Керей мен Жәнібек – екі ханға арналған ескерткіштің бірге орнатылған себебі туралы айтты. Тарихта олардың есімдері әрқашанда қатар аталады. Екі ханның еткен еңбегі мен жасаған ерлігі бірдей бағаланады. Сондықтан ұлы тұлғаларды бөліп-жармай, ескерткішті екеуіне бірге қойып отырмыз, деді Президент. Елбасы ескерткіш тұғырының нақ осы жерде тігілуінің символикалық маңызы туралы да айтып өтті. Бұл жер, деді Нұрсұлтан Әбішұлы, тәуелсіз еліміздің бойтұмарына, рәмізіне айналған Астананың алғашқы қадасы қадалған жер. Еліміздің алғашқы ордасы мен маңызды мемлекеттік мекемелер де осы жерде қоныс тепті. Сондықтан біз тұңғыш хандарымыздың тұғырлы белгісін Тұңғыш Президент мұражайы саябағында, Астана қаласы әкімдігі ғимаратының маңында орналастыруды жөн деп таптық. Ескерткішті орнатуға сәулетшілер ғана емес, белгілі тарихшы ғалымдар да үлкен үлес қосты.
Президент ескерткіштің символдық мәндеріне, Сүйінбай ақын айтқандай, “бөрілі байрақ көтерген” қалыптарына тоқталды. Керей мен Жәнібек көтерген сол байрақ жығылған жоқ, ол Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен бірге аспан астында қалықтаған қыран бейнесінде шырқау биікке көтеріле түсті. Сондықтан тәуелсіздіктің көк байрағын берік ұстап, егемендігімізді көзіміздің қарашығындай қорғауға тиіспіз, деді Елбасы.
Бұл ескерткішті орнату идеясын Президент Н.Назарбаев көтерген еді. Жарияланған конкурсқа қазақстандық 10 шебердің жобалары түсті. Оның қорытындысы үстіміздегі жылдың 13 қаңтарында жарияланып, астаналық мүсінші Ринат Әбеновтің жұмысы жеңімпаз деп танылды.
Ескерткіштің түбінен байрақтың ұшар басына дейінгі биіктігі – 12 метр, түрегеліп тұрған Жәнібек ханның бойының биіктігі 5,25 метр, ал отырған Керей ханның биіктігі 4 метр. Мүсіннің барлық элементтері тұтасымен қоладан құйылған. Салмағы 16,2 тонна.
Жақсыбай САМРАТ.