Келмеске кеткен кеңес заманында елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Солтүстік Қазақстан облысында коммунистік ұлтсыздандыру һәм орыстандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізіліп, тіпті кілең қазақтар тұратын ауылдардағы қазақ мектептерінің көбі жабылып, орыс тілінде оқытуға көшірілген еді. Бұл теріс үрдіс тек тәуелсіздік таңы атқанда ғана тыйылып, ана тіліміз бен ата салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуға бетбұрыс басталды.
Жергілікті тіл жанашырларының жұртшылық арасында белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуінің және жергілікті билік органдарынан табандылықпен талап етуінің нәтижесінде өткен отыз жыл ішінде жаңадан 29 қазақ мектебі салынды. Облыс орталығы – Петропавл қаласында бұрын қазақ тілінде оқытатын жалғыз облыстық мектеп-интернат бар еді. Тәуелсіздік жылдары мұнда сегіз қазақ мектебі ашылды. Қазіргі кезде Қызылжар өңіріндегі 461 мектептің 112-сі – қазақ тілінде, 92-сі – аралас, яғни қазақ және орыс тілдерінде, 257-сі орыс тілінде білім береді.
Әйткенмен, балаларын ана тіліндегі мектепке бермей, орысша оқытуды құп көретін ұлты қазақ ата-аналар қатары әлі де қалың. Соның салдарынан өткен оқу жылында Қызылжар өңіріндегі мектептерде білім алған ұлты қазақ 31534 баланың 18650-і ғана ана тілінде оқыған. Орыс тілінде тәлім-тәрбие алғандар саны – 12884, яғни қазақ балаларының 40 пайыздан астамы ата-аналарының шешімімен өздерінің ұлы жерлесі, «Мен жастарға сенемін!» деп жырлаған Мағжан ақынның тілінде емес, Пушкиннің тілінде білім алып жүр.
Бұл келеңсіз құбылыстың тамыры мектепке дейінгі білім беру жүйесінде жатыр. Себебі бүгінде өңірде жұмыс істеп тұрған 472 балабақша мен шағын орталықтың қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретіндерінің саны – 131 ғана, ал аралас тілдегілері – 62, орыс тіліндегілері – 279. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы барлық 18180 тәрбиеленушінің 5595-і ғана қазақ тілінде тәрбиеленіп жүр.
Балаларын орысша оқытуды жөн көрген ата-аналардың және мұғалімдер мен тіл жанашырларының айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қалалар мен үлкен ауылдарда қазақ тілінде оқытатын мектептер мен балабақшалар әлі де жетіспейді. Мәселен, Петропавл қаласының Солнечный, Борки шағын аудандарында және Ұлттық ұланның Әскери академиясының маңайында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Ал 19 және 20-шағын аудандарда бір-бір мектептен ғана бар. Қаланың орталығында С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиядан басқа қазақ мектебі жоқ. Аталған маңдарда тұратын ұлты қазақ ата-аналардың көбінің балаларын жақын жердегі орыс мектептеріне беретін себебінің бастысы осы.
Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласының тұрғындары да осындағы жалғыз қазақ мектебі аздық етіп отырғанын, ана тіліміздегі жаңа білім ордасын салатын кез жеткенін айтты.
Демек, алдағы уақытта Қызылжар өңірінде тек қазақ мектептері мен қазақ балабақшалары салынуға тиіс. Орыстілді ағайындар бұған түсіністікпен қарайтыны анық. Мысалы, кейінгі үш жылда Петропавлда үш қазақ мектебінің салынғандығы жергілікті жұртшылықтың тарапынан еш наразылық туғызған жоқ. Өйткені, қаладағы орыс тілінде оқытатын мектептердегі шәкірттер саны көп емес. Ал қазақ мектептеріне оқушылар сыймай, екі ауысыммен оқуға мәжбүр.
Қазіргі уақытта облыстағы қазақ мектептерінде ұлты басқа 259 бала мемлекеттік тілде білім алып жүргендігі – Қызылжар өңіріндегі этносаралық келісім мен татулықтың белгісі. Петропавлда бертінде ашылған 320 орындық «Алтын бесік» қазақ балабақшасына ұлты басқа 75 сәбиді ата-аналары өз еріктерімен әкеліп бергендігі де соның айғағы. Бұл ретте әділдікке қиянат болмас үшін айта кететін жайт – облысты 2003-2007 жылдары басқарған белгілі мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровтың барлық балабақшаны қазақ және орыс тілдеріне көшіру, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстаздарына жергілікті бюджет есебінен гранттар беру жөніндегі бастамаларын да жергілікті жұртшылық түсіністікпен қабылдаған еді. Аталған бастамаларды тек кейінгі облыс әкімдері қолдамай, олардың кем-кетігі болса түзетіп, сабақтастықпен жалғастырудың орнына, жарты жолда тоқтатып тастағаны өкінішті, әрине.
Екіншіден, көптеген ата-ана ұлты қазақ болғанымен, өз ана тілінен мақұрым қалғандықтан, балаларының қазақша оқуына көмектесе алмайтындығы себепті оларды орысша оқытуға беруге мәжбүр екен. Мұндай ата-аналар – қазақ тілінде білім беретін ұйымдар саусақпен санарлықтай ғана болған бұрынғы кеңес заманында және еліміздің тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында амалсыздан орыс мектебінде оқыған ағайындарымыз. Оларды әртүрлі жиын мен әлеуметтік желіде тілмен шағып, ұлттық намыстарын оятуға тырысу әрекеттерінен шыққан нәтиже шамалы. Сондықтан да орыстілді қазақ ата-аналардың өздері ұсыныс етіп айтып жатқанындай, ең бастысы – олардың балаларының өз ана тілінде сапалы білім алуына қолайлы жағдай туғызу қажет. Айталық, облыстың Білім басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл бiрiншi сыныпқа баратын 3569 баланың жаңа бiлiм беру жағдайларына сәттi бейiмделуi, оқуға психологиялық дайындығын қалыптастыру үшiн жазғы кезеңде 318 мектептің базасында қысқамерзiмдi дайындық курстары ұйымдастырылмақшы. Бұл жұмысқа 509 мұғалім қатыстырылады екен. Жөн-ақ. Дегенмен осы орайда қазақ тілін білмей өскен қазақ балаларын қазақша оқытуға айрықша назар аударылса, құба-құп болар еді. Бұған қоса оларға көмектесуді тек бірінші сыныппен шектемей, одан кейінгі және жоғары сыныптарда да күрделі пәндерден қосымша сабақ беру мәселесін шешу қажет. Әлбетте, бұған бюджеттен қосымша қаржы бөлу де талап етілетіні түсінікті. Бұл ретте қазір облыстың жаңа басшылығы алдағы оқу жылынан бастап тегін ыстық тамақты бұрынғыша тек аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ғана бермей, 1-4 сынып оқушыларының бәріне беру туралы бастама көтеріп отырғанын ескерсек, егер қазақ тілін дамытуға да осындай шынайы жанашырлық болса, қажетті қаржыны қайткенде де іздеп табуға болатын сияқты.