«Жақсыда жаттық жоқ», дейді халқымыз. Жақының болмаса да, жақсы ісімен жан-жүрегіңді баурап, жарқын бейнесі көз алдыңнан өшпейтін ардақты адамдар болады екен өмірде. Қызылжар өңірінде бірнеше жыл бірге қызмет атқарған Қуат Есімханов ағамыз сондай біртуар азамат еді.
...1999 жылы күзде Қажымұрат Нағманов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Көп ұзамай, облыстық әкімдікке жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистерін республикалық газеттер мен телеарналардың меншікті тілшілерін шақыртып, алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Сонда «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі Мәлік Мұқанов өзіне тән турашыл мінезімен: «Бұрынғы облыс әкімі Павлодардан бір вагон ғып өз командасын әкеліп еді. Енді Сіз сырттан неше вагон кадр әкелесіз?» деп түйеден түскендей дүңк еткізді.
Қажымұрат Ыбырайұлы осы сауал қойылатынын болжап, жауабын алдын ала әзірлеп қойса керек, іркілместен: «Мен сырттан бір вагон жігітке татитын бір-ақ азаматты әкелемін. Оны кейін білесіздер», деді.
Арада бірер ай өткен соң Қажымұрат Нағманов облыс активіне өзінің жаңа орынбасары етіп тағайындаған Қуат Есімхановты таныстырды. Тұлғасы да, сөзі де кесек азамат көрінді. Оған әуелі шағын және орта бизнесті, өңдеу өнеркәсібін дамыту, автомобиль жолдарын жөндеу және елді мекендерді көркейту мәселелері тапсырылды. Сәл кейін әлеуметтік мәселелерге жетекшілік жасау да қоса жүктелді.
Бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ұжымшарлар мен кеңшарлар тарап, мал-мүліктері талан-таражға түсіп, жұмыссыз қалған талай ер-азамат екі қолына бір күрек таба алмай, үй маңындағы күйбең тірлікпен айналысып, ал отбасыны асыраудың негізгі салмағы әйелдердің иығына түскен қиын кезең еді. Әйелдер жаздың аптап ыстығына, қыстың қақаған аязына қарамай ертелетіп жолға шығып, бала-шағаларынан артылған май-қаймағын аудан мен облыс орталықтарына, тіпті пойызға отырып, көршілес Ресейдің өндірісті қалаларына апарып сатып, кейде ресейлік санэпидстанса қызметкерлері мен милиционерлер тарапынан қоқан-лоқы көріп, жылап-сықтап жүретін. Сондағы бар мақсаттары – сатқан азық-түлігінен түскен шамалы қаражатқа балаларына киім-кешек, қант-кәмпит алу еді. Осыны ескерген облыс әкімі Қажымұрат Нағманов тұрғындардың өздерінен артылған басы артық өнімдерін қолма-қол ақшаға сатып алып, өңдеу ісін ұйымдастыруды ұйғарды. Бұл игі бастаманы Қуат Есімханұлы тікелей жүзеге асырды. Сөйтіп, облыс аудандарының бәрінде сүт өнімдерін қолма-қол ақшаға сатып алып жинайтын кәсіпкерлер пайда болып, ауыл әйелдері күнкөріс қамымен базар жағалаған бұрынғы сергелдеңнен құтылды.
Қажымұрат Нағманов Қызылжар қазақтарына Петропавл қаласында қазақ драма театрын ашуға уәде берген еді. Оны іске асыруға да Қуат Есімханұлы белсене атсалысты. Сөйтіп, 2000 жылы облыстық қазақ музыкалық драма театры бұрынғы Энергетиктердің мәдениет үйінің ғимаратында ашылып, оған Сәбит Мұқанов есімі берілді. Алматыдан арнайы шақыртылған, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген бір топ жас әртістің бәріне қызметтік тұрғын үй берілді.
Қара сөзге қамшы салдырмай, мақалдатып-мәтелдетіп сөйлегенде арқаланып кететін шешен Қуат ағамыз негізгі мамандығы құрылыс инженері болғанымен, өнерге өте жақын адам екен. Кеңшар директоры кезінде ауылдағы мәдениет пен өнерді дамытуға жасаған жанашырлығы үшін 34 жасында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағын алғанын кейін естіп, қайран қалғанбыз.
Петропавл қаласында осыдан он бес жыл бұрын қалпына келтірілген Абылайдың ақ үйін көрген сайын да есімізге Қуат аға түседі. Себебі ол – осы тарихи маңызды істің басында тұрған азаматтардың бірі.
Әлі есімде, 2002 жылдың көктемінде облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімханов өлкетанушы азаматтарды, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларын жинап, аңызға айналған Абылайдың ақ үйіне арналған кеңес өткізді. Оған түрткі болған – белгілі журналист Жақсыбай Самрат. Бұл кезде «Қызылжарда Абылайдың ақ үйі болды деген сөз – құр аңыз ғана...» деген пікір басым түсіп тұрған еді. Жергілікті өлкетанушылар сол пікірді қолдайтындықтарын білдірді. Бірақ Жақсыбай өз көзқарасынан танбай: «Қызылжарда Абылайдың ақ үйі болғаны анық, тек ол туралы тарихи құжаттарды Ресей мұрағаттарына әдейілеп барып, іздестіру керек», деп қасқайып тұрып алды. Қуат Есімханұлы қорытынды сөзінде Жақсыбайды қолдап, оған: «Сен өз пікіріңде қалсаң, онда Мәскеу мен Санкт-Петербургтің мұрағаттарына іссапарға барып қайт. Сол жақтан бір дерек табылып қалар. Қасыңа облыстық мұрағаттың директорын қосып жіберейін. Жолақыларыңды өзім тауып беремін», деді. Көп кешікпей Жақсыбайлар Ресейге сапар шекті. Осылайша, Абылайдың ақ үйіне қатысты ресми құжаттарды іздестіру жұмысы басталды. Кейін оған Қуат Есімханұлының өзі араласып, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің жауапты қызметкерлерінің көмегімен Мәскеудегі Ресей Сыртқы істер министрлігінің жертөлесіне тасталған мұрағатты қарауға мүмкіндік алады. Оның ішінен II Екатерина патшайымның Абылай ханға Ақ орда салып беру туралы 1755-1756 жылдары шығарған жарлықтарын, сызбалық бас жобаны, құрылысқа қажетті қаржының көлемі жазылған құжаттарды тауып, көшірмелерін алып, елге әкеліп, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетовтің көмекшісіне тапсырады. Нәтижесінде, Петропавлдағы Абылайдың ақ үйін қалпына келтіру «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына енгізіледі.
Қуат аға облыс әкімінің орынбасары кезінде Петропавлда Ғабит Мүсіреповке ескерткіш орнатуға, Жамбыл ауданындағы Қожаберген жыраудың зиратын көтеруге, Есеней би мен Ғабеңнің атасы Мүсірептің қабірлері басына белгітастар қоюға ұйытқы болды. Ресейдің Омбы қаласына әдейілеп барып, ондағы Мағжан Жұмабаев оқыған педагогикалық училищенің қабырғасына ұлы ақынға арнап мемориалдық тақта қоюға бастамашылық етті. Осы қалада ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов ескерткішін орнатуға да аянбай атсалысты.
Қуат Есімханұлы – қазақ тілінің нағыз жанашыры еді. Аудандарды аралаған сапарларында әртүрлі ұйымдардың маңдайшаларындағы мемлекеттік тілде жазылған атауларынан қате көрсе-ақ, қабағы қарс түйіліп, дереу түзеткізетінін жұрт әлі күнге ризашылықпен әңгіме қылып отырады. Облыстың барлық мекемесінде апта сайын бір күн – Қазақ тілі күні болып белгіленіп, сол күні жұрттың бәрі мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысатын жаңа дәстүр пайда болған еді...
Қуат аға өз шешесін де, әжесін де «аналарым» деп атайтын. Бала кезінде жетімдік көріп өссе де ешқашан сыр бермеуге тырысып, намысы мен жігерін шар болаттай шыңдап өскен қайсар азамат өз бойына небір асыл қасиеттерді ақ сүтімен дарытқан қос анасын жиі есіне алып, аруақтарына тағзым етіп отырушы еді. Сонысын білген соң бірде оған өтініш айтып, өз аналарына деген перзенттік сүйіспеншілігі мен сағынышына толы, тебіреністі әңгімесін бейнекамераға жазып алып, телеэфирге шығардық. Сол шағын хабарды аналар туралы ақ өлең десе де болады. Көріп, тыңдап отырып, «Қазақтың бар асыл қасиетін бойларына жиған киелі аналарының тәрбиесін көрген ұл ғана осындай текті азамат болып өсетін болар» деген ой түйгенбіз.
Облысқа Тайыр Мансұров әкім болып тағайындалғаннан кейін шамалы уақыт өткенде Қуат аға әкімдікке бір шаруаммен келген мені көріп, кабинетіне шақырды. «Кетуге бел будым. Айғайласпай, жұлқыспай, абыроймен кетуді жөн көрдім», деді. Бұл мінезі бірбеткей, ұстанымы берік, ешкімнің алдында еңкейіп, иіліп-бүгілмейтін өр тұлғалы азаматтың түпкілікті шешімі еді. Келесі күні қызметтес жолдастар жиналып, «бір вагон жігітке тұратын азаматқа» ризашылық лебізімізді білдіріп, қимай қоштасып, Астанаға шығарып салдық.
Елордада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындарын басқарған Қуат ағамыз қолы тигенде меценаттықпен айналысып, Түркістан қаласында – Мағжан Жұмабаевқа, Павлодар қаласында – Майра Уәлиқызына, Алматы облысының Малайсары ауылында – Малайсары батырға, Павлодар облысының Құркөл ауылында – Сәбит Дөнентаевқа, Астана қаласының №52 мектебінің ауласында Баян батырға, Ақмола облысында – Қанай биге ескерткіштер орнатуға, басқа да игі істерге ұйытқы болғанын естіп, сыртынан сүйініп жүрдік. Әсіресе Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аянның Көкшетау қаласындағы қабірін іздеп тауып, басына белгітас қойғызғаны Қуат Есімханұлы сынды иманды да парасатты азаматтың ғана қолынан келген сауапты іс болғаны хақ.
...2008 жылы Петропавлдағы Абылайдың ақ үйі салтанатпен ашылды. Алайда оған жиналған қалың қауымның ішінен Қуат ағаны көре алмадық... Кейін өзі Астанадан арнайы келіп көрді. Қасына еріп жүрген маған: «Менің Тайыр Мансұровты мақтайтын жөнім жоқ шығар. Бірақ Абылайдың ақ үйін тамаша етіп қалпына келтірген еңбегін бағаламауға болмайды», деді шынайы ризашылықпен. Ішіндегі өкпесін әділдікке жеңгізе білген үлкен жүрек иесі ғана айта алатын сөз еді бұл.
...2020 жылы коронавирус пандемиясы елге жаудай тиіп, жағадан алып тұрған кез. Зейнет демалысында жүрген Қуат аға бір күні телефон соғып: «Мынау қиын-қыстау уақытта халқымыздың ертеңгі жағдайын ойлау керек. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзім танитын аудан әкімдерімен хабарласып, «Ауылдардағы әлжуаз отбасылар қиналып қалмауы үшін оларға бұзау, тауық балапандарын әперіңдер, өсіріп нәпақа қылсын», деп кеңес бердім. Өзім де хал-қадерімше ауылдағы ағайындарға көмектесіп жатырмын. Ауызың жеткен әкімдерге сен де осыны айт», деді.
Иә, Қуат ағадай есіл ердің жүрегі елім деп соқты бұл пәни дүниедегі дәм-тұзы таусылғанша.