• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Туризм 12 Мамыр, 2023

Таулы аудандағы туристік нысандар табысынан түсетін салық неге аз?

420 рет
көрсетілді

Түркістан облысында нарықтың бүгінгі талаптарына сәйкестендіре кәсіп ашып, туризмнің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар аз емес. Бұл орайда кәсіпкерлер экологиялық туризмнің, яғни таза ауада тыныстап, атқа мініп, табиғи өнімдерді тұтынып, көңіліне қонымды іспен айналысуға жағдай жасайтын глэмпинг желісіне ден қойып жатыр. Ағылшындар осыдан он шақты жыл бұрын глэмпинг деп атап қолданысқа енгізген, жабайы табиғаттың тыныштығы мен әсемдігінен ләззат алғысы келетіндерге мүмкіндік жасалатын туризмнің бұл түрі таулы ауданда бұрыннан бар.

Елді мекендерінің басым бөлігі тау бөктерінде орналасқан Төлеби ауданында таза ауада саумалмен сусындап, тамаша табиғат аясында серуендеп, жайлы да алаңсыз демалуға мүмкіндік жасалған орындар көп. Таулы ауданның әлеуеті негізінен туризм саласын дамытуға қо­лайлы болғандықтан да жүйелі жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдігі­нің дерегінше, бүгінде бұл бағытта 76 нысан жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ, шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, 71 демалыс аймағы, 64 саяжай бар.

«Туризмді негізгі табыс көздерінің бі­ріне айналдыруға мүмкіндік көп. Бұл салада нақты көрсеткіштеріміз де бар. Табиғатымыз, ауданның орналасқан жері ескеріліп, Біркөлік шатқалында, Қасқасу бағытында, Қоғалы ауылдық округінде заманауи туристік нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Ендігі мақсат – соларды халықаралық талаптарға сәйкестен­діру. Дегенмен аудан бюджетінде қазір туризмнің үлесі көп деп мақтана алмай­мыз. Оның бірнеше себебі бар. Мәсе­лен, ауданда туристік нысан салған кәсіп­керлердің біразы Шымкентке немесе бас­қа аудандардың салық органдарына тіркелген. Салықты сонда төлейді. Қазір біз осыған байланысты мемлекеттік кіріс­тер басқармасымен бірлесе жұмыс ат­қарып жатырмыз. Бизнесмен немесе инвестор туристік нысанды Төлебиде сал­­са, осы жерден табыс тапса, онда неге осы жерге тіркеліп, салықты осында тө­лемеске? Ауданда жыл он екі ай турис­тер­дің қарасы үзілмейді. Сырттан келетіні, басқа өңірлерден киелі жерлерге зия­рат етушілер, демалушылар бар. Соған байланысты сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту – басты назарымызда. Жол бойында жергілікті тұрғындар туристерге кішігірім шайхана, дәмхананы жеңіл кон­струкциямен салып, қымыз-көжесін, құрт-майын сатып, өз нәпақаларын тауып­ отыруға мүмкіндік жасалып жатыр», дейді Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев.

Өткен жылдың ресми статистикалық мәліметі бойынша, Төлеби ауданына 47 мың турист келіп кеткен. Бейресми дерек бойынша келушілер бұдан да көп. Табиғат аясында бір-екі күн демалып кете­мін дейтіндер Біркөліктегі демалыс орын­дарына, ал енді тауға шығамыз дей­тіндер Қасқасу бағытына көп барады. Ел назарындағы ауқымды жоба – Қасқасу шаңғы базасына қатысты жұмыстар­дың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Ауқым­ды жобаға 3,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұм­салған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық туризмнің әлеуеті зор әрі көрікті жерлердің көптігін, жұрт­тың әлі де ол жерлерге барып демалуына қолы жете бермейтінін айтқан болатын. «Сондықтан туризм саласына тың серпін беру үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Жал­пы, туризмнің болашағы зор екеніне кәсіп­керлердің көзі жетуге тиіс», деді Президент.

Осы орайда тұмса табиғатымен қан­ша­ма ақынның, қылқалам шеберлерінің қаламына арқау болған Төлеби ауданында инфрақұрылым жүйелерін жаңар­туға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Аудан көлеміндегі демалыс аймақтарына баратын жолдарға асфальт төселіп, аяқ жол салынып, түнгі жарық орнатылу­да. Мәселен, алыс-жақын шетелге танымал «Біркөлік» демалыс аймағына бара­тын жолдар жөнделіп, 8,6 шақырым «Шарапхана – Жаңабазар – Бірінші мамыр» автомобиль жолында орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын­да 14,7 шақырым болатын 18 көше жөн­деуден өтеді. Сондай-ақ «Шымкент – Қас­қасу – Көксәйек – Шымкент» автомобиль жолының 36 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы киелі орындардың, пайда болу тарихын шетелдік туристерге, жас­тарға дәріптеудің де берері мол. Яғни зиярат ету орындары да туризмді дамытуға үлкен үлесін қосып келеді. Мысалы, Төлеби ауданы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелі мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден келушілер өте көп.

«Бұл жерде Алланың құдіретімен жа­ратылған Адам Ата мен Хауа Анадан бас­тап, он сегіз мың ғаламның белгісі бар. Ғайып Ерен Қырық Шілтен дегеніміз – көзге көрінбейтін тылсым дүние. Қазақ­тың батырлар жырында, дастандарында айтылады. Қайбір заманда күтімсіз қалған киелі аумақ 1993 жылдан бері қол­ға алынып, көп жұмыс атқарылды. Көрші Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғыз елінен көп келеді. Кешегі пандемиядан бұрын алыс шетелдерден Қытай, Франция, Аустралиядан да келушілер көп болды. Турист ретінде келушілерге айтып түсіндіреміз, бұл туристік орын емес, зия­рат орны деп. Көбінесе зиярат пен сая­хатты шатастырады. Онысы дұрыс емес. Одан кейін Ата мен Ана белгісінің арасынан өтіп жатқан кезде күнәнің қатысы жайында көп айтады. Өзін сынау үшін келетіндер көп. Күнәм бар ма, жоқ па деп. Бұл жерде күнәнің қатысы жоқ. Иә, денесі ірі кісілер сыймай жатады, өйткені арасы тар, жіңішке кісілер де сыймай жатады, өйткені олар қорқады. Өкпе сығылады, жүрегі қысылады әйтеуір өте алмай қа­лып жатқаны болады. Әйтпесе, ол тұрған дүние қимылдамайды, сізді қыспайды. Шын ниет етсеңіз, емін-еркін өтуге болады», дейді шырақшы Сәкен Бөденеев.

Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің кіре­берісіндегі қасиетті тұт ағашы жеміс-жидек, дән-дақылсыз адамзаттың күн кө­руі мүмкін емес екенін білдіреді екен. Содан кейін жоғары өрлесеңіз, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метр­дей, бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан Ата мен Ана деген екі алып тасқа келесіз. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын бел­гі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын!» деп тілек тілейтін жер. Ананың шарасы, нәрестесі, сүті, қамыры белгілері – бәрі де киелі орынның қасиетін арттырып тұр. Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналмақ. Шырақшы алғаш келген кісі атаның қолтығынан өткені дұрыс екенін айтады. Себебі ата жолы үлкен. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. Келушілердің бәрі де «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін» деп, ниет ететіні анық. Яғни ең бастысы Аллаға сену, иман келтіру, ниет ету, тазалық пен адалдықты, имандылықты санаға сіңіру.

«Ғайып Ерен Қырық Шілтен» қа­йырым­­дылық қорының төрағасы Мах­муд Нақыпбаевтың бұл мәселеде өзіндік көзқарасы бар. Ол – зиярат пен саяхатты шатастырмау, бұл араға тазаланып шын ниет етіп келу қажеттігін айтады. Шырақшының әңгімесіне құлақ түрсек, әулиенің төменгі жағындағы қасиетті бұлақ суының бірі – көз, екінші көзі – ентікпе, өңеш, жұтқыншақ, асқазан, үшін­шісі жүйке ауруларына емдік қасиеті бар екен. Үш бұлақ суының дәмі бір-бірі­не ұқсамайды. Ғайып Ерен Қырық Шіл­тен әулие жатқан жердің алды қазір абаттанып, көрік­теніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. Қымыз, шұбат ішіп, тынығып отыратын жаздық асхана бар. Қоғамдық қор төрағасының айтуынша, алдағы уақытта намаз оқитын арнайы орын, кітапхана ашылмақ. Шағын медресе ашу да – ертеңгі күнге жоспарланған көп істің бірі. Киелі мекенде өткізген бір сағатқа жуық уақытта мұнда еліміздің түк­пір-түкпірінен зиярат етушілер мен турист­ердің ағылып келіп жатқанына куә бол­дық. Жолаушы тасымалдайтын үл­кен автобустардың бірінде Батыс Қазақ­станнан келген зияратшылар, енді бірінде көрші Өзбекстан елінен келген зияратшылар болды.

Аудан аумағында көпшілік арнайы барып, мөлдір суын ішіп әрі өзімен бірге ала кететін әулиелі бұлақтар көп. Соның бірі – Кемеқалған ауылдық округі Ұйымшыл ауылындағы Мейрам ана әулиелі орны. Ауыл тұрғындары жер астынан қыз-қыз қайнап шығып жатқан бұлақ аумағын ­тастармен қалап, шағын тоған жасап, бұ­лақ басын ластамауға шақыратын сөз­дер жазып іліпті. Ана кесенесіне көбіне­се перзент сүймеген келіншектер тәу етіп ке­леді екен. Ал Ақбастау ауылында орна­ласқан Көзді ата киелі орны жайында аңыздарда бағзы замандарда Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендегені айтылады. Ол емші көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті. Бір ғажабы бұлақ суы­нан ішіп, беті-қолын жуған, шын ниеті­мен емделуге келген сырқаттардың бар­лы­ғы көз ауруынан құлантаза айығатын болыпты. Сөйтіп, халық бұл бастауды «Көз ата бұлағы» деп атап кеткен екен.

Суы шипалы әулиелі орынның тағы бірі – Жылақ ата жартасынан ағатын тамшылар көз ауруы, бүйрек және бауыр, асқазан, жүрек дерттерінен сауықтырар шипалы бұлақ көзі болып саналады. «Күндердің күнінде шапқыншылық болып, ер-азаматтар соғысқа кетеді. Жас балалар, әйелдер қалған. Бірде ұл-қыздар осында ойнауға келгенде жаудың жандайшаптары қуалап түсіп, бәрін өлтірген. Сол себепті де халық арасында бұл жер Жылақ ата әулиесі атанып кеткен. Суының емдік қасиеті бар, ниет етіп келгендерге шипасы тиіп жатады. Жылақ ата суының тағы бір ерекшелігі – күндіз де, түнде де кемпірқосақ секілді түстермен сәулесін шашып тұрады. Алдағы уақытта осы ара­ға түсуді жеңілдететін текпішек салып, тасжол төсесек деген жоспарымыз бар», дейді он жылдан аса уақыт бойы осында шырақшы болып жүрген Жанболат Тәліпбаев.

Ал Қаратөбе ауыл әкімшілігіне қарас­ты Майбұлақ ауылында орналасқан «Нұр ата қорымы» сағанасы түбінен емдік қасиеті бар 12 бұлақ көзі ағып жатыр. Яғни бұлақ көздері – адамның 12 мүшесіне ем. Осындай емдік қасиеттерімен танымал болған бұлақ көздері көп және арнайы іздеп келетіндер де аз емес.

Киелі орындарға зиярат етушілер сапарын таулы аймақтың тамаша та­би­ға­тын­да серуендеп, демалумен жал­ғастыра­ды. Бұл орайда Қасқасу ауыл­дық округін­де 17 демалыс орны келу­шілерге қызмет көр­сетуде. «Ауыл округ аумағындағы ­де­м­алыс орын­дары да жыл­дан-жылға кө­бе­йіп ке­леді. Біздің қыз­меттеріміздің бірі – қор­шаған ортаны қорғау, тазалықтың сақта­луын бақылау және қамтамасыз ету. Дем­алушылар арасында өздерінен кейін қоқыс қалдырып кететіндер, өкінішке қа­рай, бар. Міне, сол қоқыстарды жинап, оны шығару үшін көлік ұйымдастырамыз. Демалыс орындарынан әкімдікке келер пайда да көп болса екен дейміз. Әзір­ге олай болмай тұр. Өйткені демалыс орын­дардың арасында біздің ауданға тір­келмегендері де жетерлік. Олар тек жер са­лығын тө­лей­ді, басқалай түсім жоқ. Осы орайда ауыл ақсақалдарымен кеңесіп, демалыс орын­дарының иелерімен кездесіп, ашық әңгіме өткізу жоспарымызда бар. Аудан жерін, табиғатын, суын және басқа да мүмкіндіктерін пайдаланып отырған соң тиісті салықтардың осында түсіп, ол ауыл­дарды абаттандыруға, көріктендіруге жұмсалғанын қалаймыз. Салық түсімі ұлғайса, ауыл бюджеті де көбейеді. Сон­дай-ақ туризмді дамытуда құрылысы қол­ға алына бастаған «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені жобасының да алар орны ерекше. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы­ның өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50 нысанның тізіміне, сондай-ақ Түркістан облысы­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы­­ның кешенді жоспарына енгізілген. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреация­лық орталығын» салу жобасының бірін­ші кезеңін іске асыру бойынша жұ­мыс жүргізілуде. Жоба жүзеге асырылған жағдайда жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады», дей­ді Қасқасу ауылдық округі әкімі Мейіржан Ермаханбетов. Айта кетелік, жобаны жүзеге асыру мақсатында өт­кен жылы инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 50 млн теңге қаржы қарастырылған еді.

Аудан шипалы суымен ғана емес, бал татыған қымызымен де елге танымал. Мысалы, тұрғындардың 80 пайыздан астамы қымыз өндірісімен айналысатын Диқанкөл ауылының азаматтары үй іргесінен саумалмен сауықтыру орта­лықтарын ашып жатыр. Бүгінде халық табиғи өнімдермен емделуге ден қойған. Яғни бабалардан қалған «ауру астан» деген мағынасы терең сөзге мән беріліп, табиғи өнімдерді таңдаушылар қатары көбейді. Осы орайда сауықтыру туризміне ден қойылды. Қымызбен емдеу орталықтары – иммунитетін нығайтқысы келетіндер үшін таптырмайтын дүние. Ауыл халқы қымызды тек пайдаланушыларға жеткізіп қана қоймай, бүгінде пайдасы мол сусынды негізгі рационға ала отырып, емдеу мақсатында сауықтыру орталы­ғын іске қосуда. Мысалы, жеке кәсіпкер Эльмира Еспенбетова ашқан сауықтыру орта­лығында ем қабылдаушылар үшін үш мезгіл тамақ пен төрт мезгіл саумал және жатын орын ұсынылады. Елімізде саумал терапиясын қарқынды дамытуға үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің тағы бірі Нұрболат Абилдаев 23 адамға арналған емдеу-сауықтыру орталығын іске қосқан. Қымызбен емдеудің бір курсы он күнді құраса, әрбір адам күніне бір литр саумал ішуге тиіс екен.

Экотуризмнің глэмпинг желісі бо­йын­­ша келтірерлік мысал көп. Ал эко­туризм мақсаттарының бірі – киелі және мәдени ошақтармен, тамаша таби­ғат­пен, жергілікті елді мекеннің дәс­түрлі өмірімен танысу. Осы орайда ауыл­дар­дағы инфрақұрылымның жақсаруы, тұр­ғындардың қолайлы ортада өмір сүруі де туризмнің дамуына оң ықпал етері анық. Онымен тұрмай алыс-жақын шетел­ден келген туристер ауылына қарап, мем­ле­кетінің экономикалық ахуалын баға­лайтыны заңдылық.

 

Түркістан облысы