Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс», деді.
Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі отандық тауар өндірушілерді қуантып тастағаны даусыз. Алайда мүдделі мемлекеттік органдар Президент тапсырмасын орындауға онша асықпайтын тәрізді. Жоғары лауазымды шенеуніктер құдды ертегідегі Шық бермес Шығайбайша: «Піс, қазаным, бес ай!..», дескендей болып, маңызды істі әдейі созбаққа салып отырғандай әсер қалдырады. Бірақ оларды Алдар көсеше он ай омала отырып күтуге отандық кәсіпкерлердің жүйкелері шыдағанымен, шаруалары қожырап, жағдайлары қиындап тұр. Сол себепті жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов Үкіметке депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болды.
«Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында отандық өндірісті дамыту, бизнестің айналым қаржысын қамтамасыз ету, өнім шығарушының қазақстандық ұстанымға ұмтылысын қорғау көзделген. Сондықтан мемлекеттік сатып алу шартын, Дүниежүзілік сауда ұйымының халықаралық сауда ережелерін сақтай отырып, ішкі өнімді өндірудің ұтымды жақтарын қарастыру басты назарда болуы қажет. Менің депутаттық сауалым мал жүнінен сапалы жамылғыларды дайындайтын отандық кәсіпкердің өнімін қорғауға қатысты. Мысалы, Атырау қаласында италиялық технологиямен 300 тонна қойдың, 100 тонна түйенің жүнін тазалап, бояп, иіріп, дүниежүзілік стандартқа сәйкес жамылғы шығаратын тамаша өндіріс айналым қаржысының жетпеуінен қиындық көріп тұр. Себебі теміржол, балабақша, аурухана, мектеп-интернаттар, демалыс орындары бағасы төменірек синтетикалық жамылғыларды сатып алады. Ол жамылғылар шетелдерден келеді. Бұл жерде коррупциялық қызығушылық та жоқ емес. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік сатып алу кезінде айқындаушы көрсеткіш – баға емес, оның сапасы болуы керек екені айтылған. Сатып алу шартында денсаулыққа пайдалы табиғи материалдан жасалған жамылғы болуы керек екені қарастырылса, тапсырыс берушілер жергілікті тауар өндірушілердің сапалы өнімдерін ғана сатып алған болар еді. Оның үстіне, елімізде мал жүнін пайдалану мәселесі де аса маңызды екенін ескеріп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде ішкі өнімді қолдайтын осындай ұсыныстарды ескеруді сұраймын», деді мәжілісмен.
Атыраудағы жүн өңдеу фабрикасында осыдан бірнеше жыл бұрын біз де болып, көп ауылда кәдеге аспай жатқан қой мен түйе жүнінен тамаша өнімдер шығарылып жатқанын өз көзімізбен көріп, тәнті болғанбыз. Кейбір меймандардың қызыққандығы сондай, түйе жүнінен жасалған жамылғының 5-10 данасын бір-ақ сатып алып жатты. Сол жолы аталған кәсіпорынның келешегі жарқын болатынына үлкен үміт артып аттанған едік. Өкінішке қарай, Бақтықожа Ізмұхамбетовтің депутаттық сауалынан оның қазіргі жағдайы мәз емес екені аңғарылып тұр.
Депутаттық сауалға Үкіметтің қайтарған жауабында: «Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі бағасынан сапаның, сондай-ақ жергілікті қамтудың басым болуын көздейтін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңды әзірлеу жұмысын жүргізуде. Осылайша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасының реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында отандық тауар өндірушілерді қолдау, сондай-ақ сапалы тауарларды сатып алу мақсатында тапсырыс берушіге отандық өнім берушілер өндіретін бірнеше тауардың фирмалық атауларын көрсетуге мүмкіндік беру көзделген. Қазіргі кезде аталған заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде», делінген.
Мемлекет басшысы аталған заңды әзірлеу қажеттігін өз Жолдауында айтқаннан бері сегіз айдан астам уақыт өтті. Алайда заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына әлі түскен жоқ. Осы орайда Президенттің биылғы 19 сәуірде еліміздің әлеуметтікэкономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс», дегені еріксіз еске түседі.
Пайымдап қарасақ, депутат Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Үкіметке жолдаған депутаттық сауалындағы: «Бұл жерде коррупциялық қызығушылық та жоқ емес», деген сөзі де бекерден-бекер айтылмаса керек. Себебі отандық өндірісті отыз жыл бойы өрге бастырмай келген басты фактор – сыбайлас жемқорлық болғаны белгілі. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, жосықсыз кәсіпкерлермен ым-жымы бір кей шенеуніктер ескі жүйенің «бармақ басты, көз қыстысына» әбден үйренген әдеттерінен енді «тоқпақтың күштілігінен» ғана әрең арылып жатқан сияқты...