«Адамды қиындық шыңдайды» деген сөз рас. 81 жастағы Мария Штукар фашистік концлагерьде туып-өссе де әлі тың. Өз құқығын қорғау үшін қайратқа мініп, елорданың талай мәртебелі мекемелерінің есігін қағып, табалдырығын тоздырып жүр.
– Екінші дүниежүзілік соғыс басталарда ата-анам Беларусь Республикасының шекарасындағы Мозер қаласында тұрыпты. Әкем әскери адам ретінде заставада қызмет еткен екен. Фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда шекарашылар күші басым жаумен тоғыз ай бойы шайқасыпты. Содан кейін әкем отбасын үйде қалдырып, өзі майдандағы кеңес әскерлеріне қосылуға аттаныпты. Бізді – әжем, анам және төрт бауырымды немістер тұтқынға алып, Кенигсберг қаласының түбіндегі геттоға апарып тықты. Мен шешемнің құрсағында кеткен екенмін, 1942 жылғы 8 қазанда сол концлагерьде туыппын, – деп еске алады Мария Михайловна.
Соғыс біткен соң Мария Штукардың отбасы бұрын өздері тұрған Беларусьтің Мозер қаласына барып қоныстанған. 1955 жылы әкесі қайтыс болған соң шешесімен бірге Қазақстанның Ақмола қаласына көшіп келген. Ол 25 жасында кәсіптік-техникалық училищені тәмамдап, тоңазытқыш қондырғысының машинисі мамандығын алған. Сол мамандығы бойынша Целиноград облыстық тұтынушылар қоғамының тамақ комбинатында ұзақ жылдар абыроймен еңбек етті. Шаңырақ құрып, үш ұл сүйді. Өкінішке қарай, екі ұлы ер жеткен кездерінде қайғылы қазаға ұшырады. Қазір үшінші топтағы мүгедектігі бар ұлы Михаилмен бірге тұрып жатыр. «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы» және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Жеңілдіктер бойынша соғысқа қатысушылармен теңестірілген.
Сәби шағынан бастап тағдырдың талай тауқыметін басынан өткізіп келе жатса да еш мойымаған Мария Михайловна қазір өз отбасының бір мәселесін шеше алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр. Нақты айтсақ, оның Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы Бестерек көшесінде орналасқан жеке үйі бар. 1946 жылы салынған жалпы алаңы 69,8 шаршы метр тұрғынжайының тозығы жетіп, апаттық жағдайда тұр. Сондықтан да 2004 жылы М.Штукар Астана қаласы әкімдігінің 4 тамыздағы №3-1-1566п қаулысымен өзінің жеке үйі орналасқан жер учаскесі көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысына алынатыны және тұрғынжайы сүруге жататыны туралы хабарлама алғанда қуанып қалған. Одан мемлекет мұқтаждығына алынатын жер учаскесі мен бұзылатын тұрғынжайына ақшалай өтемақы төлету туралы шешімін сол жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімде хабарлау да сұралған еді.
Арада көп уақыт өтпей, М.Штукарға «Ақ кереге» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы келіп жолығып, көппәтерлі тұрғын үй құрылысын бастау үшін ауызша рұқсат сұрап, уәдені үйіп-төккен. Оның сөзіне сенген Мария Михаиловна келісімін берген. Сөйтіп, М.Штукардың үйіне тиіп тұрған жерде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Алайда қалалық әкімдіктің М.Штукардың жер учаскесін мемлекет мұқтаждығына алып, тұрғынжайын сүріп, өтемақы төлеу туралы қаулысы қағаз жүзінде ғана қалған.
Ал көпқабатты тұрғын үйді салу кезінде оның жан-жағына қоршау орнатылмай, қауіпсіздік техникасы сақталмағандықтан, М. Штукардың жеке үйінің аумағына құрылыс қоқыстары түсіп, денсаулығына ұдайы қауіп төндіріп тұрды. Ақыры 2005 жылғы 27 қыркүйекте салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласында жұмыс істеп жүрген экскаватор шөмішінен оның үстіне топырақ түсіп кетіп, сол иығын жаралады. Сол үшін сот шешімімен «Ақ кереге» ЖШС М.Штукарға 30 мың теңге өтемақы төледі.
Бір қайран қаларлығы, М.Штукардың жер учаскесін мемлекет мұқтаждығы үшін алу және тұрғынжайын сүріп, тиісті өтемақы төлеу туралы Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы оған тағы да бір емес, екі рет – 2011 жылғы 12 қазанда және 2014 жылғы 11 наурызда жазбаша хабарлама жіберіпті. Бірақ мәселе нақты шешілмеген күйі қалған.
Осы орайда ерекше назар аударарлық жайт – 2009 жылы М.Штукардың жазбаша сұрауына жауап берген Астана қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті көппәтерлі тұрғын үйді салу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылғандығын ресми мойындаған. Атап айтқанда, көппәтерлі тұрғын үй мен М.Штукардың жеке үйінің шаруашылық құрылыстары арасында өртке қарсы қашықтық сақталмағанын растаған. Өйткені көппәтерлі тұрғын үй М.Штукардың жеке үйінің қорасына тым жақын салынған. Оның тұрғындары балконнан лақтырған қоқыс қора үстіне жиі түседі, ал қатты жел соққанда көппәтерлі үйдің қаптама материалының элементтері ұшып түсіп жатады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» егер М.Штукардың тозығы жеткен ағаш қорасы өртенсе, от көппәтерлі тұрғын үйдің тез тұтанатын алюкобондтан жасалған қаптамасына лезде ауысары анық.
Жуырда Мария Штукар Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің атына өтініш жазып, көп жылдан бері созбаққа салынып келе жатқан мәселесін шешуге көмектесуін сұраған екен. Хаты қала басшысына жетпесе керек, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Серікбаев қол қойған жауапты алып, көңілі алаңдап отыр. Дегенмен оның мемлекеттік органдарды жайлаған бюрократизммен күресте берілгісі жоқ. Енді әділдікті қайдан іздесем екен деп ойланады. Сәби кезінен соғыс тауқыметін көріп, концлагерьде азап шексе де еңсесін түсірмеген жанның көкейкесті мәселесі кешікпей шешілсе деген тілектеміз.