Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды», деп атап айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бір кезде сенгенінен сүйенгені күшті болғандар заңды белден басып иемденіп алған мемлекеттік мүлікті және елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі қазірдің өзінде елеулі нәтиже бере бастағанымен, тамыры терең сыбайлас жемқорлықпен күрес барысы көңіл көншітерліктей емес. Бір кезде «Шенеуніктердің жалақысы төмен. Оны көтермейінше жемқорлықты азайту қиын» деген уәжді пікір мәртебелі мінберлерден сан мәрте айтылып, айдан анық ақиқаттай көрінген. Нәтижесінде кейінгі жылдары құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері мен барлық мемлекеттік қызметшінің жалақысы айтарлықтай арттырылды. Алайда қазекем «Дәніккеннен құныққан жаман» дегенді біліп айтқан екен – жемқорлардың «тәбеті» тіпті ашыла түскен тәрізді. Бұған Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне назар аударсақ, көзіміз жетеді.
Нақты айтсақ, елімізде 2021 жылы 1451 сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған болса, осы көрсеткіш 2022 жылы 5,4 пайызға ұлғайып, 1530-ға жетіпті. Бұл ретте барлық орталық мемлекеттік орган мен Астана қаласының атқарушы органдары орналасқан елорда «оза шауып», «балық басынан шіритінін» тағы бір аңғартып тұр. Мұнда алдыңғы жылы – 143, былтыр 152 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркеліп, «өсім» 6,3 пайыз болды. Өңірлердің ішінде Шымкент шаһары «бәйге бермей», мұндағы жемқорлық қылмыс саны 2021 жылғы 111-ден 127-ге дейін (14,4 пайыз) көбейген. Үшінші мегаполистің өкшесін басқан Алматы облысында алдыңғы жылы тіркелген 81 жемқорлық дерегі былтыр 124-ке яғни, 53,1 пайызға жеткен. Осы қоғамдық індеттің асқынуы жөнінен Ақтөбе облысы алдына жан салмай, жемқорлық санын алдыңғы жылғы 50-ден былтыр 88-ге дейін, яғни 76 пайызға көбейткен. Қызылорда (69 пайыз), Батыс Қазақстан (53,5 пайыз), Маңғыстау (36,4 пайыз), Қарағанды (26,7 пайыз), Атырау (22,5 пайыз), Қостанай (8,3 пайыз) облыстарында да әшкереленген жемқорлық қылмыстар саны күрт өскен.
Сонау кеңес заманында-ақ нақылға айналып кеткен «Бастыққа бара берме, пара бер» деген сөз маңызын жойып, архаизмге айналар түрі әлі көрінбейді. Алдыңғы жылы – 1053, былтыр – 1050 парақорлық қылмыс ашылғаны – соның айғағы. «Алақандары жиі қышитын» шенеуніктер қатары Астана (114), Шымкент (99), Алматы қаласы (82), Алматы облысы (99), Түркістан (86), Ақтөбе (69), Батыс Қазақстан (60), Қарағанды (54), Солтүстік Қазақстан (50), Маңғыстау (46), Қостанай (38), Жамбыл (36), Шығыс Қазақстан (30) облыстарында қалың болып шықты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жыл басынан бері таратқан ақпаратына қарасақ та, қай салада болсын жең ұшынан жалғасқан шенеуніктердің қылмыстық құқық бұзушылықтары тыйылар түрі жоқ сияқты. Әсіресе елдің ертеңі – өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жауапты білім беру саласындағы былық-шылық бітпей тұрғаны қынжылтады. Жуырда ғана Жетісу облысының Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысы бюджет қаражатын ұрлау деректерін жасырғаны үшін қарамағындағы қызметкерлерден 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілініп, сот санкциясымен тұтқындалды. Пара берушілер де бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау туралы қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушылар ретінде тергеу оқшаулағышына қамалды. Оларға білім беру саласында жұмыс істемейтін, өздерімен үлестес адамдардың шоттарына жалақы түрінде шамамен 2 млрд теңге аударды деген айып тағылған. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» демекші, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Білім бөлімінің басшысы мен бухгалтері де білім беру мекемелерінде қызмет істемейтін адамдардың шоттарына жалақы ретінде ақша аудару арқылы 543 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілініп, істі болып отыр.
Мәдениет саласында басшылық қызмет атқарып, адамдарға рухани тәрбие беру міндетін атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің арасынан да суық қолды сұғанақтар әшкереленіп жатыр. Таяуда ғана Антикор қызметкерлері Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысын бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алды.
Имансыз шенеуніктер тіпті мүгедектігі бар адамдарды да сүлікше сорып жүр екен. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің №4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы мүгедектігі бар адамдардан мүгедектік мерзімін белгілеу және ұзарту үшін бірнеше рет жалпы сомасы 1,2 млн теңге пара алды деген күдікке ілініп отыр.
Елімізде заңның үстемдігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында да жемқорлық дертін жұқтырғандар бірінен соң бірі құрықталып жатыр. Антикор жақында әшкерелеген, Астана қаласының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы ұйымдасқан қылмыстық топтың 4 мүшесі – полиция қызметкерлері болып шықты. Бұл топ мемлекетке 1,4 млрд теңге залал келтірген. Ал Ақмола облысы Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі мен патрульдік полиция ротасының аға инженері 100 млн теңгенің жанармай талондарын бірлесіп жымқырғандығы үшін сот үкімімен 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының төрағасы 1 млн теңге пара алғаны үшін 3 жылға сотталды. Алматы облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы 2 кәсіпорынды банкрот деп тану туралы шешім шығарып бергені үшін Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерінің делдалдығымен пара алды деген күдікке ілінді.
Жалпы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша ғана емес, «Transparency International» халықаралық ұйымының бағалауы бойынша да еліміз сыбайлас жемқорлықпен күресте мардымды нәтижеге жете алмай отыр. Халықаралық ұйым дайындаған рейтингке қарағанда, Қазақстанға 2021 жылдың қорытындысы бойынша 37 балл берілген болса, былтыр одан 1 балл кем беріліп, 180 мемлекеттің ішінде 101-орын бұйырыпты. «Біреуге қарап – бүкірмін, біреуге қарап – шүкірмін» демекші, бұрынғы КСРО құрамында бірге болып, тәуелсіз даму жолына біздің елден бірнеше ай ғана бұрын шыққан Эстония сыбайлас жемқорлықпен күресті пәрменді жүргізіп, 74 балл алып, 14-орынға көтерілген. Литва 62 балмен 33, Латвия 59 балмен 39, Грузия 56 балмен 42-орынды иемденген. ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында Армения 46 балмен 63, Беларусь пен Молдова 39 балмен 91-92, Өзбекстан 31 балмен 129, Ресей 28 балмен 139, Қырғызстан 27 балмен 140, Тәжікстан 24 балмен 156, Әзербайжан 23 балмен 157, Түрікменстан 19 балмен 170-орындарды еншілепті.
Қоғамда «Жемқорлықты жеңу үшін Қытайдағыша заңды қатайту қажет» деген пікір жиі айтылады. Ал «Transparency International» халықаралық ұйымы жасаған рейтингте ҚХР 45 балмен 65-орынды місе тұтқанын ескерсек, мәселе заңды қатайтуда ғана емес екені аңғарылады. Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткеніндей, осы келеңсіз құбылыспен тек құқық қорғау органдары емес, бүкіл қоғам болып күрескенде ғана елімізді іштен жеген індетті жеңе алатынымыз анық. Бұған мемлекет те мүдделілік танытып отыр. Мәселен, былтыр Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарының жемқорлығын әшкерелеуге көмектескен азамат 12,2 млн теңге сыйақы алған. Бұл сома – шенеуніктің құлқынынан өтпей қалған параның 10 пайызы. Ел бойынша өткен жылы 1424 нөмірі арқылы Антикордың Call-орталығына жемқорлық құқық бұзушылық деректері жайлы 233 хабарлама түскен. Оның 37-сі қылмыстық іс қозғауға негіз болған. Сөйтіп, өткен жыл қорытындысы бойынша 134 азамат 40,6 млн теңгеге көтермеленген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің құпиялығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Мемлекет басшысы биылғы 3 қаңтарда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес оларды куәгерлер ретінде қорғау бағдарламасын да іске асыра бастады. Бұған қоса, жемқорлық деректері туралы хабарлаған адам тәртіптік комиссияның немесе өзге алқалы органның ұсынымынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартылмайтын, лауазымынан босатылмайтын немесе басқа лауазымға ауыстырылмайтын болды. Сондай-ақ мұндай адамдар туралы құпия ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық та енгізілді. Осының бәрі қоғамды құныққандардан құтылтуға бағытталған дәйекті қадам деп санаймыз.