Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тілеуғали Қышқашбайдың «Қазақ өнер әлемі» атты монографиясының тұсаукесері өтті.
Автор өз монографиясында қазақ мәдениетінің интегративті ерекшелік мәселелерін қарастырады. Монографиялық еңбек жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарға, докторанттарға, гуманитарлық сала мамандарына арналған.
Аталған іс-шараға танымал ғалымдар Бүркітбай Аяған, Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов, Ө.Озғанбай, К.Құрманәлиев мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай қатысып, автордың еңбегі жайында ой-пікірлерін ортаға салды.
– Тілеуғали Әшірбекұлын Т.Жүргенов академиясында оқытушы болып жүрген кезімнен бастап танимын. Кейін ғылыми жетекшім болды. Тұңғыш рет эстрада саласына қатысты диссертацияны сәтті қорғап шыққан едік. Сол кезден бастап өзінің ерекше болмысымен, ісіне деген адалдығымен, еңбексүйгіштігімен баршамызға үлгі болды. Тілеуғали ағаны ұстазым ретінде ғана емес, жолымды ашқан мейірбан аға ретінде де құрметтеймін, – деді Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова.
Тілеуғали Қышқашбай – алты монография мен бес оқулықтың, 16 оқу құралы және 50-ге жуық ғылыми мақаланың иесі.
– Кітаптың бірінші тарауы қазақ өнерін зерттеудің негізгі арналарына арналған. Бұдан кейінгі тарауларда қазақ өнерінің мифтік-діни үлгісінің принциптері және парадигмалық мүмкіндіктері, ертедегі көшпелілер өнері синтезінің ерекшеліктері талданды. Кейінгі үш тарауда орта ғасыр дәуіріндегі қазақ өнерінің өзара байланысу парадигмасы, жаңа дәуірдегі төл өнердің трансляциялық түйінділігі мен интеграциясы, сондай-ақ ұлттық өнердің өзара байланысының жаңа типтері қамтылды, – дейді автор.
Күннұр БОЛАТБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың
2-курс студенті