Жетімін жылатпаған ел едік. Өкінішке қарай, кеңес заманында коммунистік идеологияның ықпалымен сол ата дәстүріміз ұмытылуға айналғанының және індеттей жайылған маскүнемдіктің кесірінен ата-анасынан тірідей айырылған жетімдер мен оларды панасына алған Балалар үйлері тым көбейіп кетті. Тек тәуелсіздік таңы атып, халқымыз ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге қайтадан бет бұрған кезде тағдыр тақсіретін тартқан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санын азайту мәселесін мемлекет пен қоғам бірлесіп шеше бастады.
Нәтижесінде, еліміздегі жетімдер саны жылдан-жылға кеміп келеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2016 жылы 28419 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тіркелген болса, осы көрсеткіш 2021 жылы 22692-ге дейін азайған. Сондай-ақ аталған кезеңде патронаттық отбасылардың қамқоршылығына берілген жетім балалар қатары көбейіп, Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің саны 7236-дан 4076-ға дейін кеміген. Мұның өзі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы 140 Балалар үйінің 51-ін жабуға мүмкіндік туғызған. Бұл оң үрдіс жалғасын табу үстінде.
Ата заңымызға сәйкес жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың бәрі мемлекеттің қорғауына алынып, олардың арнайы квота арқылы тегін білім алуына және тұрмыста мұқтаждық көрмей өсуіне мүмкіндігінше жағдай жасалып отыр. Балалар үйлерінің түлектері үшін басты мәселе баспана екендігі ескеріліп, оларға «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 74-бабына сәйкес Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен және көпбалалы отбасылармен қатар, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан немесе жергiлiктi атқарушы орган жалдаған жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды бірінші кезекте алу құқығы берілді. Бұған қоса, жетім балаларға жаңадан салынған коммуналдық тұрғын үйлердің немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған пәтерлердің кемінде жиырма пайызын бөлу қарастырылды. Алайда осы заң талаптарының орындалу барысы сын көтермейді.
Нақты айтсақ, кейінгі он жылда еліміз бойынша 8458 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаға мемлекеттік тұрғынжай бөлінген. Соның ішінде өткен жылы небәрі 673 жетім ғана баспанаға қол жеткізген. Ал биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша тұрғынжай кезегінде 62501 жетім тұрғанын ескерсек, оларды былтырғыдай баяу қарқынмен баспанамен түгел қамтамасыз ету үшін 90 жылдан астам уақыт қажет екен. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, бүгінде өздері жұмыс істейтін ұйымдар ғимараттарының бір қуысын, көппәтерлі үйлердің жертөлелерін, жылу желілерін, вокзалдар мен тастанды үйлерді және басқа орындарды паналап жан сауғалап, жылап-сықтап жүрген жетімдер саны қанша екені бір Аллаға аян.
«Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді» демекші, мемлекеттік шенеуніктер жетімдердің баспана мәселесінің өзектілігін біліп, қажетті шешімдер қабылдап жатқанымен, олардың орындалуын мұқият қадағалап, шынайы жанашырлық танытып отырғандары шамалы сияқты. Мәселен, барлық өңірде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспары әзірленіп, онда жетімдерге бюджеттен тыс қаражат пен демеушілер есебінен тұрғынжай сатып әперу көзделген. 2016-2022 жылдары демеушілердің қолдауымен Отбасы Банк арқылы Ақтөбе облысында – 65, Шығыс Қазақстанда – 43, Павлодар облысында – 15, Солтүстік Қазақстанда – 4 пәтер, Абай және Қостанай облыстарында 1 пәтерден сатып алыныпты. Өзге өңірлер «демеуші табылмады» деп, ауыздарын қу шөппен сүртіп отырған сыңайлы.
Бұл ретте бір ескерерлік жайт – өңірлердің мемлекеттік тұрғынжай салу мүмкіндігі бірдей еместігі. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр коммуналдық меншікке Түркістан облысында – 311 983 шаршы метр, Шымкент қаласында – 162 531 шаршы метр, Жамбыл облысында – 146 618 шаршы метр, Павлодар облысында – 139 388 шаршы метр жаңа тұрғынжай берілген болса, бұл көрсеткіш Маңғыстау облысында небәрі 5 638 шаршы метр, Алматы қаласында 13 294 шаршы метр, Астанада – 18 262 шаршы метр, Ақмола облысында 17 665 шаршы метр, Ұлытау облысында 17 870 шаршы метр, Жетісу облысында 19 277 шаршы метр, Алматы облысында 23 060 шаршы метр болған. Ал Атырау облысында өткен жылы мемлекеттік тұрғынжай мүлдем салынбаған. Жоғарыда келтірілген цифрларға қарап-ақ қай өңірде жетім балаларға қанша баспана бұйырғанын шамалауға болады. Шынтуайтында, олардың тұрғынжай мәселесінің шешілуі жаңадан салынып, мемлекеттік меншікке берілген тұрғын үйлердің санына тәуелді болуы әділдікке жата қояр ма екен?
Талай жетім баланың тұрғынжайды ұзақ уақыт ала алмауының тағы бір субъективті себебі бар, ол – Балалар үйлеріне алынған жетімдердің пәтер кезегіне уақтылы қойылмауы. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 71-бабында: «Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру ұйымына, медициналық немесе басқа да ұйымға келіп түскен күннен бастап немесе осындай балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленген күннен бастап не патронат тәрбиешімен шарт жасасқан күннен бастап үш ай ішінде баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қоюға міндетті» деп көрсетілген. Егер жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары және баланың заңды өкілдері тұрғын үйге мұқтаж жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке қою жөніндегі міндеттерін орындамаса немесе белгіленген мерзімді бұза отырып орындаса, онда оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 129-бабына сәйкес 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынуға тиіс. Прокуратура органдары жүргізген тексерістердің нәтижесінде осындай жазаға тартылғандар да бар. Ал әділіне келсек, аталған заң нормалары жетімдерге жасалған қиянатты толық түзетуге мүмкіндік бермейді.
Мысалы, Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы Балалар үйінің директоры осы мекемеде 1995 жылдан бастап тәрбиеленген жетімді пәтер кезегіне қою туралы өтінішін арада аттай он жыл өткен соң, дәл айтсақ 2005 жылғы 18 сәуірде ғана Астана қаласы әкімінің атына хатпен жолдапты. «Бір қызымнан бір қызым сорақы», дегендей, сол өтінішті елорда әкімдігі тоғыз жарым жылдан астам уақыт өткеннен кейін, 2014 жылғы 26 желтоқсанда әрең қарап, жетім баланың Астанада тұрақты тіркелуі туралы мәлімет ұсынбауы себепті оны пәтер кезегіне қоюдан бас тартқан. Өйткені жетім бала бір кезде елордада тұрақты тұрғанымен, Астана әкіміне өтініш жолдаған күні оның уақытша тіркелген мекенжайы болған екен. Әділдік іздеген жетім Жоғарғы сотқа дейін жүгініп, ақыры Астана қаласы әкімдігінің оны тұрғын үй алуға мұқтаж жандардың кезегіне қоюдан бас тарту туралы шешімі заңсыз деп танылды. Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жауапкерді өзі жол берген бұзушылықты жоюға және талапкерді 2014 жылғы 26 желтоқсаннан бастап пәтер кезегіне қоюға міндеттеді. Бірақ жетімнің өзін 2005 жылдан бастап пәтер кезегіне қою туралы талабын орындаудан бас тартып, оны кезекке қою күнін Астана әкімдігі Балалар үйінің директорына жазбаша жауап берген 2014 жылғы 26 желтоқсан деп белгілеген жөн деп шешті. Себебі 2005 жылы Балалар үйінен елорда әкімдігіне жолданған хаттар табылмапты-мыс. Сөйтіп, жетім бала Балалар үйіне түскен 1995 жылдан бастап санағанда 20 жылға таяу кезекте тұру уақытын жоғалтуға мәжбүр болды. Міне, осындай жетімдердің тұрғынжай алу құқығын бюрократтық бөгесіндермен шектеуге жол бермеу мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары қазір өздері талқылап жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына баспанасы жоқ жетімдер тиісті өтінішті жергілікті атқарушы органдарға қай кезде бергеніне қарамастан, оларды Балалар үйіне түскен күнінен бастап тұрғынжай кезегіне қоюға қатысты түзету енгізсе, құба-құп.
Айтпақшы, бүгінде баспанаға зәру болып жүрген жетімдер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешумен айналысады деген сөзіне және елден заңсыз шығарылған қаржының Қазақстанға қайтарылып жатқанына байланысты алдағы уақытта мемлекет тарапынан өздерінің тұрғынжай проблемасын түбегейлі шешу шарасы қабылдануын үлкен үмітпен күтіп жүр.