• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Маусым, 2023

Новопавловка Құмақсай болып өзгерді

747 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданына қарасты Новопавловка ауылдық округінің атауы Құмақсай болып өзгеріп, тарихи атауын қайтарды.

«Құмақсай» – ХІХ ғасырда Барбастау өзенінің жағалауында бол­ған қазақ ауылы екен. ХХ ғасыр­дың басында бұл жерге­ ішкі Ресейден көшіп келген­ «қара­­­шекпенділер» орналасып,­ жаңа қонысқа өздері туып-өс­кен­ деревняның атауын­ қой­ған. Әрине, тәуелсіздік жыл­да­рындағы демографиялық өз­­­герістер бұл ауылды қайтадан қаза­­қы­ландырып, мән-мазмұнын өзгер­­тіп жіберген. Енді, міне, ауыл­­дың атауы да өзгеріп, тарихи әділет­тілік орнады.

– Соңғы 5 жыл ішінде бір аудан, 36 елді мекен, 932 көше, 40 мектеп ұлттық танымға жақын атауларға өзгертілді, – дейді Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономас­тика және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Ізбасар Жұмағали.

Көп кешікпей Жаңақала ауы­­­лындағы кәсіптік-техни­ка­­лық колледжі – белгілі қо­ғам­ қайраткері Сейітқали Мең­­дешевтің, Карманов орта мек­те­­бі – Дінмұхамед Қонаев­тың, Бәйтерек ауданындағы Чебо­тарев орта мектебі – күйші Құр­манғазы Сағырбайұлының есімін иеленуі мүмкін. Сондай-ақ Бөрлі ауданындағы Александров орта мектебі – Достық, Бәйтерек ауданындағы Киров және Подхоз мек­тептері – Болашақ және Жа­лын­ негізгі орта мектебі деп атал­мақ. Бұл ұсыныстар Батыс Қазақ­стан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 31 мамырдағы №124 қаулысы және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 31 мамырдағы №3-4 ше­ші­міне сәйкес республикалық оно­мас­тикалық комиссияның қара­уына жолданған.

Өңірдегі жер-су атаулары саласында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу мақсатында қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен «Ономастика – мем­ле­­кеттік идеологияның негізі» тақырыбында кешенді кездесулер, «Мен тұратын көшенің тарихы» акциясы, «Ономастика – ел айнасы» кешенді іс-шаралар жүйелі өтіп тұрады. Көрнекі ақпараттарды рәсімдеуде әдістемелік көмек көрсету үшін «Tilge qurmet» қоғамдық тіл инспекциясы да өз жұмысын нәтижелі атқарып жүр. Мәселен, қазірге дейін 400-ге жуық білім ұйымы мен кәсіпкерлік нысанына «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңының 21-бабы түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетіліп, заң бұзушылық жойылған.

Дегенмен, Батыс Қазақстан облысында идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан әлі де 67 елді мекен, 600-ге­­ жуық көше, 48 мектеп бар екен. Сондықтан өңірдегі ономастикалық жұмыстар жалғасады.

 

Батыс Қазақстан облысы