«Тіл үйрену үшін қажеттілік, не мәжбүрлік емес, шынайы қызығушылықтың болуы маңызды», дейді Рим философы А.Августин. Шет тілдерін үйрену қызықты үрдіс болғанымен, кейде жалықтырып жіберетіні рас. Тіпті мұны жол ортадан тастап кететіндер де кездеседі. Ал қоғамның бір бөлігі шет тілін үйренуге алғашқы қадамдарын мүлде жасап көрмеген де екен. Олар тіл үйренуге қабілетіміз жоқ деп ақталады.
1989 жылы белгілі психолингвист және мәдениеттанушы Дмитрий Спивактың «Полиглот болудың жолдары» деген кітабы жарық көрді. Еңбекте бұрынғы КСРО-дағы полиглоттардан алынған бірнеше сұхбат бар. Респонденттердің көпшілігі жеті ұлттың тілінде еркін сөйлейді. Автор бұл құбылысты «Жеті заң» деп атады. Бұл заңда адамдардың көпшілігі кемінде бестен тоғыз тілге дейін үйрене алады делінген. Бұл бір тілді үйренудің өзін қиындық көріп жүргендердің уәжі жай ғана сылтау екенін түсінуге болады.
Ал біз бүгінгі мақаламызда тіл үйренуді жеңілдететін тиімді жолдарды ұсынамыз. Ең бірінші әдіс – аз-аздан, бірақ үздіксіз. Тілді үнемі жаттықтырып отыру маңызды. Күн сайын аз мөлшерде, бірақ тұрақты түрде, жиі үйренуге әрекет жасасаңыз, тілдік дағды да тезірек қалыптасады. Үлкен мақсаттарға кішкентай қадамдармен жетуге болатынын естен шығармау керек.
Екінші әдіс – тілдік ортаға ену. Айналаны үйреніп жүрген тіліңізбен жан-жақты қоршай бастаған абзал. Мәселен, көретін фильміңіз бен тыңдайтын музыкаңыз, оқитын кітап пен мақалалардың барлығы сол тілде болуы шарт. Бұл іс-әрекеттер арқылы жаңа тілді бойға сіңіру оңай болады.
Үшінші әдіс – технологияларды пайдалану. Тілдерді оқытуға көмектесетін көптеген қолданбалар мен онлайн ресурстармен жұмыс істеу маңызды. Интерактивті сабақтарды көру, тілдік ойындар мен аудио және бейнематериалдарды пайдалану керек. Оқу үдерісін қызықты әрі тиімді ету үшін күнделікті жұмыста осы технологиялардың болғаны дұрыс. Бұлар тіл үйрену барысында жұмысты біраз жеңілдететіні анық.
Төртінші әдіс – оқу үдерісінен ләззат алу. Жоғарыда айтқандай, тіл үйрену жалықтыратын дүниеге айналмауы қажет. Үйреніп жатқан тілдің ұлтымен, мәдениетімен, өркениетімен жақынырақ танысу маңызды. Бірқалыпты үйде отырып оқи бермей, орын ауыстырып табиғат аясына шығып, кітапханаларға, коворкингтерге барып үдерісті барынша қызықты ету қажет.
Бесінші әдіс – түрлі техникамен жұмыс істеу. Қазір небір тиімді технологиялар бар. Әркім өзіне қайсысының ыңғайлы екенін білу үшін тәжірибе жасап тексеріп көруіне болады. Мәселен, «shadowing» техникасы бар. Бұл аудио тыңдау кезінде естігеніңізді үздіксіз қайталап, жаттап алғанға дейін жұмыс істеуді білдіреді.
Алтыншы әдіс – тәртіп. Тілді тұрақты түрде үйреніп отыру үшін темірдей тәртіп керек. Егер жүйелі түрде үйрене алмасаңыз, курстарға жазылу керек. Сонда уақыт өте келе өз бетіңізбен оқи алатын деңгейге де жетесіз. Бұл да белгілі бір тәжірибелер арқылы келетін үрдіс .
Жетінші әдіс – мақсат қою. Тіл үйренудегі ең маңызды тетіктің бірі – дұрыс әрі нақты мақсат қоя білу. Өйткені майданға мақсатсыз шыққан жауынгердің адасуы әп сәтте. Тілді не үшін үйренемін? Оған қанша уақыт бөле аламын? Бұл тілдің қандай маңыздылығы бар? Осындай сұрақтарға жауап іздеп барып жауапты жұмысқа кіріскен абзал.
Күннұр БОЛАТБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті