Спорт әлемінде футболдан кейін жанкүйері ең көп спорт түрінің бірі саналатын әуесқой бокс алдағы Париж Олимпиадасының бағдарламасында қалуы мүмкін. Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) атқарушы комитеті боксты Олимпия ойындарының бағдарламасында қалдыруды ұсынып отыр.
Атқарушы комитеттің бұл ұсынысы 22 маусымға жоспарланған Халықаралық Олимпиада комитетінің кезектен тыс отырысында қаралады. Сонымен қатар ХОК 2024 жылы Парижде өтетін Олимпия ойындарына боксшылардың қатысу тәртібі мен Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) ХОК құрамында қалдыру-қалдырмау мәселесін де қарайды.
Кейінгі бірнеше жылдан бері Халықаралық бокс қауымдастығы мен Халықаралық Олимпиада комитетінің арасы салқындап кеткені белгілі. Тіпті жағдайдың ушыққаны сонша, ХОК 2019 жылы IBA-ға 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу жарыстарын, Олимпиада кезіндегі бокс бәсекелерін ұйымдастыруға шектеу қойған болатын.
ХОК Халықаралық бокс қауымдастығын «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жиі баратынын, төрешілердің сыбайлас жемқорлыққа жол беретінін, сондай-ақ ұйымның қаржылық қызметінде ашықтық жоқ екенін алға тартып, айыптап келеді. Тіпті федерация президенттігіне ресейлік Умар Кремлевтің келуі, «Газпром» компаниясының ұйымға демеуші болуы да ХОК пен IBA арасындағы қарым-қатынасты одан бетер қиындатып жіберді.
Ал Ресейдің Украинаға басып кіруі екі ұйым арасындағы шиеленісті мүлдем тығырыққа тіреді. Мәселен, 2022 жылдың көктемінде ХОК Халықаралық спорт федерацияларына Ресей мен Беларусь спортшыларының жарысқа өз тулары және әнұраны астында қатысуына шектеу қоюды ұсынған болатын. Барлық федерация ХОК-тың бұл ұсынысын бұлжытпай орындап келеді. IBA да алғашында ХОК үкіміне мойынсұнғанымен, 2022 жылдың күзінде ХОК салған тыйымды алып тастап, Ресей және Беларусь спортшыларына биыл өткен ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарында өз туының астында өнер көрсетуге рұқсат берді. IBA-ның бұл шешімінен кейін әуесқой бокста жетекші рөл атқаратын АҚШ, Ұлыбритания және тағы 17 елдің бокс федерациялары Ташкенттегі әлем чемпионатына қатысудан бас тартып, бойкот жариялаған еді. Сөйтіп, олар Халықаралық бокс қауымдастығының мүшелігінен шығып, Дүниежүзілік бокс федерациясы (World Boxing) атты жаңа ұйым құрды.
Өз кезегінде, IBA әлемдік бокс ұйымын сақтап қалуға және ХОК-пен ара-қатынасын жақсартуға барынша тырысып-ақ жатыр. Жақында Халықаралық бокс қауымдастығы ХОК тарапынан өз құқықтарын қалпына келтіруге қойылатын барлық талапты орындағанын мәлімдеді. Оның ішінде ең негізгісі – ұйымды басқарудағы, қаржы мәселесіндегі ашықтық, сондай-ақ төрешілердің әділетті шешім қабылдауына жағдай жасау. Сонымен қатар IBA «Газпроммен» 2022 жылы аяқталған келісімшартты әрі қарай ұзартпағанын, кіріс көздерінің ашық мәліметтерін ұсынды.
Егер ХОК-тың алдағы кезектен тыс сессиясында Халықаралық бокс қауымдастығын ұйым мүшелігінен шығаратын болса, оның орнын биыл сәуір айында құрылған «World Boxing» федерациясы иеленіп, 2024 жылғы Олимпиадада бокс бәсекелерін аталған федерация өкілдері ұйымдастыруы мүмкін.
Осылайша, екі ұйым арасындағы «жекпе-жектің» екінші раундында Халықаралық Олимпиада комитеті қарсыластарын ауыр соққымен бір мәрте есеңгіретіп алды. Мұның алдындағы бірінші раундта «боксшылардың» күштері тең түскен болатын. Екінші раундтан кейін ХОК-тың басымдығы байқала бастады. Дегенмен «жекпе-жек» әлі де жалғасады. Алда үшінші раунд бар.