Шайбалы хоккейден биылғы әлем чемпионатында ел құрамасы кейінгі 25 жылда алғаш рет шетелдік легионерлерсіз ойнап, жергілікті жас хоккейшілермен тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Біздің жігіттер жоспарланған жеті ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, өкінішке қарай, төрт ойында қарсыластарына жол берді. Алты ұпаймен өз тобында алтыншы орын алған жерлестеріміз келесі жылы да әлемдік доданың элиталы кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды.
Финляндияның Тампере мен Латвияның Рига қалаларындағы мұзайдындарда өткен әлем чемпионатында ел намысын 18-19 жастағы Максим Мухаметов, Батырлан Мұратов, Максим Мусоров, Мәди Диханбек, Данил Бутенко, Әлихан Өмірбеков, Артем Королев, Абай Маңғысбаев, Тамирлан Гайтамиров, Дінмұхамед Қайыржан секілді жас жігіттер қорғап, баршаға қазақтар да хоккей ойнай алатынын дәлелдеді. Ал бұл жігіттердің басым бөлігі елордалық «Барыс» жүйесінің тәрбиеленушілері екені белгілі.
Осы әлем чемпионатында олар нәтижелі ойындарының арқасында «Барыстағы» легионерлерді командадан ығыстырып, Құрлықтық хоккей лигасының алдағы маусымында ойнай алатындарына баршаның көзін жеткізді. Алайда «Барыс» басшылығы бұл жігіттерден оп-оңай бас тартып жатыр. Мәселен, әлем чемпионатынан кейін астаналық командадан қақпашы Максим Павленко, қорғаушылар Данил Бутенко, Артём Королёв, шабуылшылар Максим Мухаметов пен Никита Михайлис кетті. Бұл – әлі тек басы ғана.
Никита Михайлистің командадан кетуі түсінікті. Ол бұған дейін де команда ауыстырғысы, жаңа ұжымда бақ сынап көргісі келетінін айтып жүрген болатын. Ал болашағынан үлкен үміт күттіретін жас шабуылшы Максим Мухаметовті «Барыс» басшылығы не үшін өздерінде сақтап қалмағаны мүлде түсініксіз. Тіпті, оған командада қалу туралы ұсыныс та жасалмаған екен. Мухаметов әлем чемпионатында үш мәрте мергендігімен көзге түсіп, Қазақстан құрамасының ең үздік шабуылшысы атанған болатын. Енді шабуылшы алдағы бір маусым Магнитогорскінің «Металлург» командасында өнер көрсетеді.
Шайба.kz интернет басылымының мәліметі бойынша, ел намысын Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) қорғайтын «Барыс» клубының басшылығы биылғы әлем чемпионатында ойнаған бірнеше хоккейшіге айлық жалақысы 250-300 мың теңге көлеміндегі келісімшарт ұсынған екен. Ал оған дейін бұл хоккейшілерге жоғары жалақы төлеуге дайын шетелдік командалардан ұсыныс түскен. Бірақ отандастарымыз өздерін тәрбиелеп шығарған команданың ұсынысын күткенімен, көңілдегі жалақы ұсынылмаған.
Егер «Барыс» клубының басшылығы алдағы уақытта жас хоккейшілерге сенім артатынын, ҚХЛ ойындарында өздерін көрсетуге мүмкіндік беретінін айтып, олардан командада қалуын сұрағанда, аталған хоккейшілер қарсылық танытпас еді. Тіпті, оларды өздерінде ұстап қалу үшін аса көп көлемдегі қаражат та қажет емес. Мәселен, ҚХЛ-дың былтырғы маусымында елордалық ұжым сапында мұзайдынға шығып, бірде-бір шайба соға алмаған ресейлік хоккейші Кирилл Максимовке бір жылда 75 миллион теңге жалақы төленген. Ал командада небәрі үш-ақ ай өнер көрсеткен 28 жастағы канадалық қорғаушы Кристофер Биграске «Барыс» 122 миллион теңге шығындаған. Яғни Кирилл ай сайын 6 миллионнан аса айлық алып отырса, Кристоферге 40 миллион теңге көлемінде жалақы төленген. Шетелдік ойыншыға жалақы төлегенде миллиондап шығындалуға дайын «Барыс» өз шәкірттеріне келгенде жылына солардың бір айдағы жалақысын төлеуге сараңдық танытып отыр.
Сонымен қатар жастардың «Барыстан» кетуіне жалақы мәселесінен бөлек, команданың қазіргі бас бапкері Андрей Скабелканың да әсері бар екені айтылып жатыр. Себебі, Беларусь маманы Қазақстан хоккей мектебінің түлектеріне көп сенім арта бермейді. Негізінен ол легионерлермен ойнағанды құп көреді. ҚХЛ-дың былтырғы маусымында Скабелка биылғы әлем чемпионатында жасындай жарқылдап, буллиттер сериясында мықтылық танытқан қақпашы Андрей Шутовты «Номад» клубына жіберіп, орнына жылына 140 миллион теңге жалақы алатын словакиялық Юлиус Гудачекті шақыртқан болатын. Ал Шутовтың жалақысы жылына 5-6 миллион шамасында. Сонымен қатар Андрей Скабелка Батырлан Мұратовқа да ҚХЛ-да өзін көрсетуге мүмкіндік берген жоқ.
Осылайша, басшылықтан және бапкерлер құрамынан қолдау таппаған жас хоккейшілеріміз «Барыс» клубынан кетіп жатыр.