• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Маусым, 2023

Басты мәселе – басшылардың адалдығы

319 рет
көрсетілді

Бағзы заманнан Қазақ елі күрделі мәселелерді шешу үшін жұртшылықтың бар қаймағын жинап, келелі кеңес өткізген. Бірақ Президент айтқандай, «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған».

Ұлт ұясы Ұлытаудан басталған көшелі әңгіме қазақтың рухани байтағы, еліміздегі ислам дінінің діңгегі іспетті, «екі дүние есігі» – қасиетті Түркістанға жалғасуы содан болар. Ұлтымызды бірлікке бастайтын бұл алқалы жиынға қатысушы зиялы қауым келесі жылы мұнайлы астанамыз Атырауда бас қоспақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев дипломат ретінде дүниедегі оқиғаларға әділ де шыншыл бағасын берді. «Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды», деді Қ.Тоқаев.

Шын мәнінде геосаяси жағдай күн­нен-күнге күрделеніп барады, сол үшін де елдің ішінде тыныштық, ұлтқа сүттей ұйыған ынтымақ, ал сыртқы саясатта «ұр да жық» емес, сабырлы да салмақты сарабдал ұстаным қажет. Осыған орай, Президент бүгінгі алмағайып заманда еліміз бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек екенін баса айтты.

Жаңа Қазақстан өзінен өзі құрыла салмасы анық. Сондықтан да Мемлекет басшысының заманауи білімге, ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде жастарды еңбекке баулуға шақыруы өте өзекті. Алдағы уақытта нағыз еңбек адамының идеалы қоғамның басты бағыт-бағдары болмақ.

Ал сапалы білім мен тағылым кітаптармен келері сөзсіз. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы ең қажетті де құнды кітаптар жинақталған Президент кітапханасын ұйым­дастыру жөнінде ойымен бөлісті. Және де оның есігі оқырмандар үшін тәулік бойы ашық болатынын ерекше атады. Менің­ше, бұл – таяуда орындалатын ұлағатты іс!

Президент жер мәселесіне қатысты артық-ауыс әңгімеге нүкте қойды. Мемлекет басшысы еліміздің жері бабаларымыздан қалған асыл мұра ретінде тек Қазақ еліне тиесілі екенін, сол себепті туған жердің бір пұшпағы да ешбір шетелдікке берілмейтінін, оны шетке сатуға тыйым салынғанын тағы бір нықтап айтты.

Сондықтан осындай қауесет әңгімені доғарып, жерге қамқорлықпен қарап, оның берекесіне бөлену – сауапты іс. Бұл ретте ат төбеліндей аз ағаш-орман секілді байлы­ғымызды аялап бағу – өзекті мәселе. Орманы қалың шекаралас мекенде Катонқарағай ұлттық паркі орналасқан ел шығысындағы аудандарды қайта қалпына келтіру де Прези­денттің халық пікіріне құлақ асатын саясаткер екенін танытып отыр.

 

Айгүл ҚҰСПАН,

Мәжіліс депутаты