• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жұмыс 23 Маусым, 2023

Мансап орталығы ашылды

1178 рет
көрсетілді

Еңбек нарығы елеулі жаңалыққа толы. Айталық, биылғы 1 шілдеден бастап облыс орталықтары мен ірі қалаларда еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 20 орталық құрылмақ. Ал бұған дейін жұмыс істеп келген халықты жұмыспен қамту орталықтары енді мансап орталықтары болып қайта құрылады.

«Мансап орталығы» дегенді бұған дейін ірі жоғары оқу орындарынан естуші едік. Айталық, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінде, КИМЭП университетінде, Халық­ара­лық ақпараттық технология­лар университетінде «Карьера ор­талығы», т.б. жоғары оқу орындарында болған. Мұндай орталық енді мемлекеттік еңбек нарығында пайда болып отыр.

Жаңадан құрылған еңбек мо­бильділігі орталықтарының негіз­гі қызметі: «жұмыс күшіне сұ­ра­­ныс пен ұсынысты талдау, бол­­жау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының тең­герімін қамта­масыз ету; өңірлік жұ­мыс­пен қамту карталарын әзірлеу және олар­ды жергілікті жерлерде іске асы­руды үйлестіру; жұмыс­пен қам­тудың барлық мемлекеттік бағ­дар­ламалар мен жеке бастамалар шең­­берін­де ашылатын жұ­мыс орын­дарының құрылуына мони­торинг жасау; жұмыспен қам­тамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті кө­­ші-қонына жәрдемдесу және аза­мат­­тарды көшіру бағдарламала­рын өңір­лік дең­гейде үйлестіру; жұ­мыс іздеуші ретінде жү­гінген және жұ­мыссыз адамдарды тіркеу; ха­лық­ты, жергілікті атқарушы орган­дар­­­­ды және уәкілетті мемлекеттік ор­­ган­ды өңірлік еңбек нарығы­ның жай-күйі туралы хабардар ету», делін­ген Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің мәлі­метінде.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігіне қарас­ты Халықты жұмыспен қамту де­пар­та­ментінің директоры Асқар Ниязов­тың айтуынша, жаңа құрыл­ған ор­та­лықтың негізгі мақсаты – өңірдегі жұмыспен қамту саясатын жүйелі дамыту.

– Жаңа орталықтар осы функцияларды іске асыру үшін өңірде жұмыс істейтін еңбек нарығының барлық институтын тартатын болады. Ол үшін белсенді азаматтарды жұмысқа орналастыруға байланыс­ты жекелеген функцияларды аутсорсингке шығару құқығы беріледі. Өз кезегінде, мансап орталық­та­ры қалалар мен аудандардағы ең­бек мобильділігі орталықтары­ның ­фи­лиалдары деңгейінде ашылады. Жаңа орталықтардың негізгі міндеті – ұлт­тық еңбек нарығының көрсет­кіш­терін жергілікті ерекше­лік­тері­мен ұш­тастыра отырып, өңірлік жұ­мыс­пен қамту саясатын дамыту, – деді ол.

Бұл ретте қазіргі уақытта жұ­мыс­пен қамтуға жәрдемдесу, ерік­ті түрде қоныс аудару, атаулы әлеу­мет­тік көмек тағайындау бойын­ша көрсетілетін қызметтердің бар­лық спектрі сақталады және оларды көрсету сол мекенжайлар бойын­ша орналасатын мансап орталықтар­да жалғаса бермек.

Асқар Ниязовтың айтуынша, бұл трансформация жұмыспен қам­ту қызметін жүйе­лі түрде қайта құр­уға, жұмысты жақ­сар­туға және мем­лекет көрсететін еңбек нары­ғы­­на көр­сетілетін қызметтердің сапа­­­сын арт­тыруға бағытталған. Қыз­­мет көр­сету жүйесін одан әрі дамы­­ту­дың тағы бір  маңызды теті­гін – жұмыспен қам­ту саласын­да­ғы бар­лық қызмет пен қолдау іс-ша­раларын толық цифр­ландыру болып отыр.

– Цифрлық жұмыспен қамту ор­талықтары – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасын­да­ғы қарым-қатынастарды және биз­нес үрдісін түбегейлі өзгертіп, оларды онлайн режімге ауыстыруға мүм­кіндік береді, дейді А.Ниязов.

Онлайн қызметтерді іске қосу халық­тың жұмыспен қамту органдары қызмет­кер­лерімен тікелей бай­ланысын азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетім­ділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бү­гінгі таңда жұмыспен қамту сала­сында қызмет алуға өтініш біл­дір­ген азаматтардың шамамен 77%-ы электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн режімді пайдаланады екен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маманда­ры 12-14 маусым аралығында бүкіл рес­публика бо­йынша халықты жұ­мыс­пен қамту орталық­тарының қыз­меткерлерін оқыту семинарларын өткізген. Сондай-ақ жұмыспен қам­ту орталықтарын трансформация­лау мақсаты мен еңбек мобильді­лігі орталықтарын құру қажеттілігі маңызды екенін айтады мамандар.