• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Маусым, 2023

Маман тапшы, техника тозған...

256 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау саласына өңірде ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа ауруханалар салынып, заманауи жабдықтармен қамтылып жатыр. Дегенмен Түркістан облысында медициналық құрал-жабдықтардың 45%-ы тозған. Кей аудандарда денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі қанағаттанарлықсыз жағдайда, 257 дәрігер маман жетіспейді. Одан бөлек, тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен шағымдар да аз емес.

 

Мысалы, бір күннің ішінде 1414 бірыңғай байланыс және қолдау орталығы арқылы 221 ша­ғым түскен. Сон­дай-ақ 109 бір­ыңғай байланыс орталығы ар­қылы да жедел жәр­дем қызме­ті­не қатысты тұр­ғындардың 25 қо­ңырауы тір­кел­ген. Олардың көбі жедел жәр­демнің жиі кешігетіні тура­лы ша­ғымданған. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, өңірдегі 2 миллион­нан астам тұрғынға 216 бригаданың күшімен жедел жәрдем қызметі көрсетіледі. Яғни бригада тап­шы­лығы сезілуде. Облыстық жедел медициналық жәрдем стан­сасының 6 қалалық бекеті, 17 аудандық бөлімшесі бар. Олар­да­ғы санитарлық автокөліктер­дің саны 190, МСАК жанын­дағы ЖМЖ 85 автокөлікпен қам­тылған. Былтыр төрт айда 210456 қоңырау қабылданса, биыл 224742 қоңырау түскен. Яғни былтырғы 4 аймен салыстырғанда биыл жедел жәрдемге қоңырау шалушылар саны көбейген.

«Облыста 5485 дәрігер мен 19095 орта буын қызметкері медициналық көмек түрле­рін көрсетеді. Иә, кардиолог, нев­ро­патолог, оторинларинголог, анес­тезиолог-реаниматолог педиатр, окулист, онколог, акушер-гинеколог, неонатолог, нефролог, инфекционист, фти­зиатр, травматолог, офтольмолог, дермато­венеролог, ревматолог сын­ды бір­қатар бейінді маман­дық  есебінен дәрігер жетіспеу­ші­лігі туындап отыр. Бұл бағыт­та бір­қатар жұмыс атқарылып жатыр. Мы­салы, былтыр 1 663 ма­манды оқыту жоспарланып, 2 426 (958 дәрігер, 1 468 орта буын) оқы­тылған, 18 дәрігер Түркияда білік­тілігін арттырып, тәжірибе ал­масып келді. Жергілікті аудан әкімдіктері тарапынан мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие берілуде. Былтыр тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 27 жас отбасына бюджеттік несие берілді. Республикалық бюджет есебінен тапшылықты азайту мақ­сатында 2022 оқу жылына ме­дициналық мамандықтарға 72 грант резидентураға бөлінген. Ал медициналық ұйымдар есебінен ­­34 маман резидентурада оқыты­­лу­да. Биылғы оқу жылына дәрі­гер­лерді резидентурада даяр­лау­ға жергілікті бюджет есебі­нен 116 млн теңге қаралып, тапшы медициналық мамандықтар­ды оқытуға облыс әкімінің 60 гранты бөлінді. Сондай-ақ биыл 125 319 млн теңге қаралып, 3046 маманның біліктілігін арттыру, алыс-жақын шетелдерде тә­жі­рибе алмасу мақсатында шеберлік сағатын, семинарлар өткізу жос­парланған. Ауылды жерге жұ­мысқа орналасқан 74 жас ма­манға әлеуметтік көмек көрсету көз­делген болатын. Биылдың бі­рінші тоқсанында 3 жас маман ауылды жерге жұмысқа орналасып, әлеуметтік қаржылай көмек көрсетілді. Өңірдегі медицина­лық ұйымдардың арнайы техникамен жарақтандырылу деңгейі – 84%, биыл бұл көрсеткішті 87%-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл орайда 2023 жылға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жалпы сомасы 9 356 692 мың теңгеге 431 бірлік медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көзделуде», дейді басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев.

Маман жетіспеушілігі шалғай дерлік аудан, ауылдарда қатты сезіледі. Мысалы, Созақ аудан­дық орталық ауруханасының басшысы Болат Нұсқабаев дәрі­гер­лік қызмет көрсету құқығы шет­тегі медициналық мекемелерге берілу салдарынан қажет­ті­лігі ескерілмеген 7 елді мекендегі ауруханалардың әрбірінде бір-бір дәрігерден ғана қалғанын айтады. Тіпті кейбірінде дәрігер де жоқ. Сол себепті медициналық қызметтердің сапасы жетілмей қалған. «Бұл бір жылда емес, бір­неше жыл бойы қордалан­ған мәселе! Бұл мәселенің де ше­шу жолын қарастырып жатырмыз. Қалай болғанда да біз медициналық қызмет көрсетуді үзбейміз, дәрігерлерді жұмыстан шығармаймыз. Өйткені біздегі ең үлкен мәселе – маман тапшылығы. Ауылды жерлерді айтпағанда, аудан орталығы Шолаққорғандағы аурухана мен емханада реаниматолог, невропатолог, кардио­лог, нефролог, нейрохирургия мамандары жетіспейді. Десек те қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Сондықтан, ең алдымен, Созақ ауданының еліміздің медициналық оқу орындарында оқып жүрген студенттерін іздедік. Құдайға шүкір, дәрігер болғысы келетін азаматтар бар екен. Енді сол Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында білім алып жатқандардың тізімін алдыр­тып, оқуын аяқтайтын жас мамандарды туған жерге қызмет ету­ге тартпақ ойдамыз. Өйткені бұ­­ған дейін де «Дипломмен – ауыл­ға!» мемлекеттік бағдарлама­сы­мен ауданға келіп, тұрақтай алмай қайтып кеткендер бар екен. Сол себепті облыс әкімдігінің, денсаулық сақтау басқармасы­ның және аудан әкімдігінің қол­дауымен жергілікті мамандарды ынталандырып, осында алып қалуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен келісімшартқа тұрамыз. Дәрігер осы ауданның азаматы болса, Созақта кемі бес жылдық жұмыс істеу келісімшартымен резидентурасының ақысын тө­леп оқыту секілді жолдарын қа­растыру жоспарымызда бар. Осылай жыл сайын 4-5 маманды даярлаймыз. Кадр тапшылығы бір жылда шешіледі деп айта алмаймын. Кезең-кезеңімен толық­тыратын боламыз», дейді Болат Нұсқабаев.

Соңғы 5 жылда ауданға келген мамандардың әлеуметтік кө­мек алғандары ғана тұрақтап қал­ған. Ал үй алмаған, басқарма тарапынан берілетін бір реттік әлеуметтік пакетке қол жеткізе алмағандардың көбі кері қайтқан. Дегенмен 2017 жылы – 4, 2018 жылы – 2, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 3, 2021 жылы 5 маман келіп, бес жылдық келісімшарт негізінде аудан тарапынан бас­панамен қамтылған екен. «Ана мен бала денсаулығына жауап­ты акушер-гинеколог, педиатр тапшы. Ота жасайтын екі-ақ маман бар. Хирургтердің саны ке­мінде 4-еу болуға тиіс, – дейді Болат Нұсқабаев. – Сондық­тан ең алдымен осы үш сала мамандарын облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен Астана мен Алматыға жіберіп, біліктіліктерін арттырудың бі­рін­ші кезеңінен өткіземіз. Сосын алыс-жақын шетелдерге жіберіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруды, шыңдауды көздеп отырмыз. Бұл мамандар өздері ғана оқымайды. Оралған соң тәжірибе бөлісіп, әріптестеріне үйретеді. Солай басқа саланың мамандарын да оқытатын боламыз». Сондай-ақ ауданда елді мекендердің алшақ орналасуына байланысты жедел медициналық жәрдем көліктері­нің қажеттілігі қатты сезіледі. Кө­лік базасы ескірген. Соңғы­ла­ры 4-5 жыл бұрын жаңаланған ­болса, ескілеріне 20 жылдан асып­ты. Бұл орайда биыл аудан әкім­дігі­нің қолдауымен Созақты жедел жәрдем көліктерімен толық қам­ту көзделіп отыр.

Ал облыстық жедел ме­дици­налық жәрдем стансасының жұ­мысын жақсарту, сапасын арттыру мақсатында 103 байланыс желісі арқылы науқас­тар­ға дә­рі­герлік кеңес беру күшей­тіл­ген. Жедел медициналық жәр­­д­ем стансасының автопаркі жыл басында 13 Hyundai жә­не МСАК жанындағы жедел жәр­дем қызметі 2 «Лада Лар­гус» мар­­калы санитарлық авто­кө­лік­­терімен жаңартылған. Жыл басынан бері 38 автокөлік күр­делі жөндеуден өтіпті. Қыз­мет­керлердің біліктілігін арттыру мақсатында аудан және қа­лалардағы бекеттерде семинар сабақтар өткізіліп, аттестаттау жүргізілді. Медициналық құ­рал-жабдықтармен жабдықта­луы 86,3% құрайды. Жаңа жедел жәрдем ғимаратында заманауи құрал-жабдықтарды өң­деу құрылғылармен жабдықтал­ған стерилизациялау бөлімшесі ашыл­ды. Биыл облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасына же­тіс­пейтін кұрал-жабдықтардың тізімі сұраныс хатпен жіберілген.

Айта кетелік, біз жоғарыда айтып өткен мәселелер облыс бас­­­шы­лығына мәлім. Денсаулық сақ­тау саласының өзекті мәсе­ле­лері, жедел медициналық жәр­дем қызметінің жай-күйі тал­қы­лан­ған жиында облыс әкімі Дар­­хан Сатыбалды саланың тех­ника­лық базасын нығайтуға қол­дау көр­се­тілетінін айта келе, бас­­қарма бас­шысы мен бас дәрі­герлерге жұмысты ширатуды тапсырды.

 

Түркістан облысы