Егемен еліміздің күнделікті өмірі сан алуан қоғамдық-саяси жаңалыққа толы. Бүгінгі заман әр адамнан жаңашыл, құлағы түрік, көзі ашық болуды талап етеді. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай қоғамдағы қордаланған көптеген мәселенің бетін ашты.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз» деді. Президент басты назарда ұстап отырған «ұлт сапасы» ұғымы қазақы таным-түсініктен, ұлттық идеологиядан, халықтық дәстүрден бастау алары анық. Ұлт сапасының толыққанды болуы үшін Президент бірнеше нақты мәселені атап, олардың шешу жолдарын ұтымды ұсынды. Ұлт сапасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, «дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестірген жағдайда» арта түспек.
Мемлекет басшысы білімге, ғылымға, өнерге құштар жастарды көргенде, жарқын болашаққа сеніммен қарайтынын жария етті. Президент жастардың болмысын да біртектес сипатта айқындап берді. Әділетті Қазақстанның адал азаматы болатын жастар «көп сөзге құмар, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс». Жастардың бойынан тек ізгі қасиеттерді көру үшін аға буынның мойнында тәрбие парызы тұрғаны да аталып өтті.Мемлекет басшысы өз сөзінде «адал азамат» ұғымына жалпыға түсінікті сипаттама берді. Әділ қоғам құруға тиіс адал азамат –өз саласында нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен де биік қоятын жан. Үнемшілдік, қанағатшылдық – адалдыққа бастайтын жағымды қасиет. Барға қанағат тұта білген адам арам жолға түспесі хақ. Абай атаған нағыз адамның бойынан табылуға тиіс «бес асыл істің» бірі – қанағат.
Президент талдап көрсеткен алты мәселенің ішінен бірнешеуін айтар болсақ, екінші мәселеде ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту жайы көтерілді. Меніңше, бұл мәселеде білім саласынан бастап жаңғырту қажет. Қазақстан тарихы пәнін оқытудың жаңашыл, озық бағдарламасы құрылуы керек. Сонда ұлттық тарихи сана жас буын санасынан бастап жаңарып, түлеу үрдісіне көшеді. Әйтпесе, қоғамның белгілі бір деңгейін ғана арналған ірі жобалар көпшілікті жаппай қамти алмайды.
Мемлекет басшысы төртінші мәселе ретінде өскелең ұрпақтың жақсы тәрбие алуын атады. Жас ұрпақты қазір неден қорғау мен қалай тәрбиелеудің тетіктері айқын сөз етілді. Ал ел руханиятына қызмет ету парызын мойныма алған жазушы ретінде қосарым, қазіргі балаларды теріс ақпараттардан сақтандыру мәселесі мүлде қолға алынбай жатыр. Әлеуметтік желілерде қаптап жүрген теріс ағым өкілдері, ел арасына іріткі салуды мақсат тұтатын арандатушылардың ешбір ауыздықсыз кеткен насихат, ақпараттары әлі оң-солын тани қоймаған жеткіншектерге теріс ықпал етіп отыр. Сол себепті бала тәрбиесін ақпараттық қорғау тұрғысынан бастаған ләзім. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиесінде ұлт әдебиетінің орны бөлек екені даусыз. Алайда Президент көлденең тартқан деректер көңіл қуантпайды. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келетінін айтқан Мемлекет басшысы бұл үрдістің залалы ауыр екенін жеткізді. Дәл осы тұста отандық баспа ісін дамыту, оны бір орталыққа жұмылдыру мәселесі тұр. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде тарыдай шашылып кеткен баспа саласы бүгінде еліміздің рухани мұқтаждығын қамтамасыз ете алмай келеді. Иә, әдебиет – тәрбие құралы. Бүгінгі қаламгерлерге оқырманын биік моральға, асқақ адамгершілікке бастайтын рухты шығармалар жазу міндеті жүктеліп отыр. Президент «шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айнала алады» деген сөзінде қазіргі қаламгерлерге ұлт оқитын кітап жазу, күллі қазақты зиялы ұлтқа айналдыру жолында аянбай еңбек ету парызын астарлап тұрғаны даусыз.
Ұлттық құрылтайдан кейін қоғамдық сана жаңғыруды бастан кешірсе, сонда аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, кітап оқитын зиялы ұлттың сапасы барынша көтерілер еді.
Айзат РАҚЫШ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі