• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 05 Шілде, 2023

Ұлттық инженерлер ұстаханасы

1000 рет
көрсетілді

90 жылға жуықтаған өмір өткелінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті екі ғасырдың әр алуан оқиғалары мен күрделі де түбегейлі қоғамдық өзгерістерін бастан өткеріп, өзінің тұтас бір тарихын сомдады.

Осы кезеңде табанды оқытудың, жү­йелі тәрбиенің, қарқынды ғылыми із­деністердің нәтижесінде университеттен 130 мыңнан астам инженер маман білім алып шыққанын, олар елі­міздің өнеркәсібінің өркендеуіне, эко­номикасының ілгері басуына, ал тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қа­зақстанның тұғырының нығаюы, әлем­нің алдыңғы қатарлы елдерінің легіне ұмтылған қадамымыздың қарышты болуы жолында күш-жігерлерін жұмсап, жемісті еңбек етіп жүргенін, ҚазҰТЗУ елімізде ұлттық инженерлік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуының, өсіп-өркендеуінің көш басында тұрғанын ерекше мақтанышпен атап өткіміз келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақ Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерей­тойына арналған сессиясында: «Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті – Қазақстандағы техникалық жоғары білімнің флагманы, жалғыз ұлттық ғы­лы­ми-техникалық университет. Сондық­тан ол жаңа техникалық университет­тер үшін ғылыми-өндірістік базаға айна­луға тиіс. Еліміздің бас техникалық уни­верситетінің даму бағдарламасын бе­кітіп, оның негізінде инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялар­­дың ғылыми зерттеу хабын құру қажет», – ­деп атап айтты.

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық зерттеу университеті бүгінде бай тарихы, даңқты дәстүрі, тұлғалы түлектері, тағылымы мол білікті ұстаздары, жоғары кәсіптік-ғылыми дәрежесі, ұлттық мәртебесі, дамыған әлеу­меттік және оқу-материалдық базасы бар. Ол әлемдік деңгейдегі инженерлік білім беру, заманауи техника мен технология салаларына қажетті мамандар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны есебінде халықаралық университеттер қауымдастығынан ойып алар орны бар, еліміздің ірі де іргелі ғылыми және білім беру орталығына айналып отыр. Сондай-ақ бұл киелі шаңырақ ғылымдағы, әдебиеттегі, өнердегі айтулы тұлғаларымен, елдің рухани өміріне сүбелі үлес қосқан жан-жақтылығымен де белгілі. Қастерлі білім ордасының ғылым – білім – өндіріс салаларының тұтастығын қамтамасыз ете отырып, елімізде алғашқы болып «Зерттеу уни­верситеті» мәртебесіне ие болғанын мақ­танышпен айтамыз.

Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымда­масы бекітіліп, біздің университет осы тұжырымдамада айрықша орын алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің үстіміздегі жыл­ғы 26 мамырдағы №401 қаулысымен «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық зерттеу университетінің» 2023–2027 жылдарға арналған даму бағ­дарламасы бекітілді.

Аталған даму бағдарламасын іске асыру мақсаты – инженерлік білім мен ғылымның ұлттық жүйесін жаңғырту тетіктерінің бірі болып саналатын және Қазақстанның инновациялық дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне елеулі үлес қосатын университет ретінде ҚазҰТЗУ әлемнің жетекші зерттеу уни­вер­ситеттерінің қатарына кіруі үшін жа­­һандық ауқымда танылатын ғылыми зерттеулердің, білімнің, жобалау жұмы­сының жоғары деңгейіне қол жеткізу.

Бұл бағдарламаны жүзеге асыру­­дың алғашқы қадамы – цифрлық университет тұжырымдамасын жүзеге асы­ру, яғни цифрландыру, ғылым және ин­новация арқылы технологиялық сер­­­­пілісті қамтамасыз етуге арналған бі­лім беруді цифрландыру аясындағы қа­натқақты жоба. ҚазҰТЗУ базасында еліміздің зияткерлік және материал­дық ресурстарын біріктіретін, өз­ара нығайтатын барлық қазақстан­дық ­жо­­ғары оқу орындарының оған қол­же­тім­­ділігін қамтамасыз ететін ұқсас цифр­­лық инфрақұрылым қалыптасады. ҚазҰТЗУ тиісті қаржылық тәуелсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін Гарвард, Стэнфорд, MIT сияқты уни­верситеттердің ұйымдық дизайны мен басқару құрылымдарын зерттеп, оларды өз тәжірибесінде қолдануды мақсат етеді. Бұл, әсіресе инженерлік білім, іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы ғылыми қауымдастықты, бизнесті және мемлекетті бірлестіру үшін өте маңызды болмақ.

Қазіргі уақытта университеттің әлем­дік деңгейдегі даму үрдісі үшінші миссияны – қоғаммен өзара іс-қимылды, байланысты дамытуды талап етеді. Бұл миссия бойынша ҚазҰТЗУ қызметінің үш негізгі аспектісі: технологиялар мен инновациялар трансферті, үздіксіз оқыту және әлеуметтік қатысу – қоғам мен сыртқы ортаның дамуына ықпал ету саясаты.

ҚазҰТЗУ-да бәсекеге қабілетті кадр­ларды даярлау үшін өндіріс + білім – дуальды білім беруді біріктіру әдістемесі қолданылады.

Университет онлайн-білім беруді және пандемия кезінде тиімділігін дә­лелдеген жеке Polytech-online платформасын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Бұл білім сапасын арттырып, еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел дем беріп қана қоймай, өмір бойы оқу – өмір бойы білім алу (Life-long learning) қа­ғи­датын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Алға қойылған мақсаттарға қол жет­кізу үшін университеттің 2023–2027 жылдарға арналған даму бағдарлама­сын­да Мемлекет басшысының Жолда­уын­да алға қойылған ғылымның дамуы ­мен жоғары білім сапасын арттыру жөнін­дегі уақыттың сын-қатерлеріне, норматив­тік құжаттар мен міндеттерге жауап беретін инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми зерттеу хабын (бұдан әрі – хаб) құру ұсынылды.

Басқаша айтқанда, адамзат қоғамын­да бүгінгі таңда орын алып отырған қай­шы­лыққа толы, күрделі әрі сан алуан құбылыстар дәуірінде мемлекетіміздің өз орнын, өз жолын анықтап, ілгері басуында Сәтбаев университетіне үлкен жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Соны­мен бірге, бұл бағдарлама білім беру са­пасын, ғылыми зерттеулердің бағыт-бағ­дарын, өндіріспен байланысты ны­ғай­туды жаңа деңгейге көтеруге қуат­ты серпін беретініне сенімдіміз. Бүгін­гі таңда университет ұжымы осы бағдар­ла­маны жүзеге асыруға белсене кірісіп кетті. 

Әр кезеңде Қазақ политехникалық институты, ал 1994 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен (1994 жыл, 7 қаңтар, №43) Қазақ ұлттық техникалық университеті болып қайта құрылып, 1999 жылдан Қ.И.Сәтбаев есіміне ие болып, 2015 жылдан Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мәртебесі берілді. Білім ордасында ректорлық қызметті абыроймен атқарған үлкен ғалымдар, талантты ұйымдастырушылар – әйгілі Политехтың түлектері Ғ.М.Есір­ке­ге­нов­, Ә.Ә.Әшімов, Б.Р.Рақы­шев, Е.Н.Нү­сіпов, Д.Қ.Сүлеев­, Ж.М.Әділов, Мәскеу оқу орын­да­рының үздік түлектері Ә.Қ.Ома­р­ов және Е.М.Шайхутдинов, ұзақ­ жылдар бойы проректорлық қызмет атқар­­ған М.Батырбеков, Ғ.Нысанбай­, Ш.Ба­йысбеков, Ұ.Сыдықов, В.Лу­ганов пен Г.Жолтаевтың қажырлы әрі мақсаткерлік еңбектерін ерекше атап өткен орынды.

Қазақ политехникалық институты өт­кен ғасырдың 60-жылдарының аяғында Кеңес одағындағы 378 техникалық жоғары оқу орнының арасында алғаш­қы сегіздіктің қатарынан көрінді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1984 жыл­ғы 26 маусымдағы Жарлығымен бі­­лік­ті мамандар даярлаудағы және ғы­лы­ми зерттеу жұмыстарын дамы­ту­дағы же­тіс­тіктері үшін институт Еңбек Қы­зыл Ту орденімен марапатталды. Поли­тех (ҚазҰТУ), әсіресе еліміз тәуелсіз­дік ал­ғаннан бергі уақытта құлашын кең жа­йып, өсіп-өркендеп келеді. Уни­вер­си­теттің ірі өндіріс орындары шо­ғыр­ланған өңірлерде бұрын ашылған жал­пы техникалық факультеттері мен фи­лиалдары негізінде Қазақстанның жаңа техникалық жоғары оқу орындары: Алматы энергетика институты (1975 жылы ашылған, қазіргі Алматы энергетика жә­не байланыс университеті), Рудный ин­дустриялық институты (1978 ), Алматы сәулет-құрылыс институты (1979), қазіргі Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы, Ақтау политехникалық институты (1993 жылы ашылған, қазіргі Ш.Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг мемлекеттік университеті) және Атырау мұнай-газ институты (1995) құрылды.

Қазақстан Республикасы Президен­тінің 2001 жылғы 5 шілдедегі Жар­лы­ғымен университет ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыру, дамыту және кәсіптік өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлесі, ғылым мен техникадағы жетіс­тіктері үшін ерекше Ұлттық мәр­тебеге ие болды.

Алғашқы ректорымыз Әшірәлі Бүр­кітбаевтың алғашқы шәкірттерінің бірі, Қазақ тау-кен-металлургия инс­титу­тының бірінші түлегі Ақжан Жақ­сы­бек­ұлы Машаниды көзі қарақты қа­уым бүгінде жақсы білетініне сенімдіміз. Ақжан аға да ұстаз аманатына адал бол­ды, ұзақ жасаған саналы өмірін ғы­лымға, мамандар тәрбиесіне, ұлт мә­де­ниетінің өркендеуіне арнады. Ол Қ.И.Сәтбаевпен бірге еліміздің Ұлттық ғылым академиясының іргесін қаласты. Геомеханика атты ғылым саласының негізін салды. Ақбастау–Құсмұрын алтын кенішін ашты.

«Шаш ал десе, бас алатын» кеңестік қатал саясаттың тұсында «әлемнің екін­ші ұстазы» аталған Әл-Фараби бабамыз­дың ардақты есімі мен асқақ рухын өз Отанына қайтарып, рухани мұралары қазақ жұртының қолына тиюіне тікелей атсалысқан қажымас қайраткер, ұлы ұс­тазымыз, бүгінде фарабитанудың абызы атанған Ақжан Машанидың ерлік­пен пара-пар ғажайып еңбегін әділ бағалауға тиіспіз.

ҚазҰТЗУ-дың түлектері еліміздің жерасты, жерүсті байлықтарын игеруге бағытталған өнеркәсіп орын­дарының барлығында – мұнай мен газ, алтын-күміс, қорғасын-мырыш, көмір-болат, алюминий-хром, т.б. толып жат­қан қазба байлықтар өндірісінің сапаларынан бастап, осы заманғы әлемнің ең озық техника мен технологияларды игеру әрі дамыту бағытындағы автоматты-электронды басқару, биотехнология, нанотехнология, ғарыштық техника мен технология, жаңа энергия көздерін игеру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты ұлттың болашағы үшін ма­ңызды стратегиялық өндіріс салаларында абыроймен еңбек етіп келеді.

Университеттің 100 түлегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лау­реаттары атанды, 80 түлегі – Қазақ­стан Республикасы Ұлттық ғылым ака­де­миясының академиктері және кор­рес­пондент-мүшелері, 50-ден астам түлек – салалық Ұлттық академиялардың ака­демиктері. Бір сөзбен айтқанда, ҚазҰТЗУ түлектерінің іргелі және техникалық ғылымдардың дамуына қосқан үлестері аса қомақты.

ҚазҰТЗУ еліміздегі жоғары техни­ка­лық білім мен ғылымның қастерлі қара шаңырағы ретінде геология, гидрогеология, мұнай-газ өнеркәсібі, металлургия, тау-кен өндірісі, машина жасау, энергетика, IT және сәулет-құрылыс, дизайн сияқты Қазақстан экономикасының негізгі салаларында білікті инженер мамандар даярлайды, осы салалардың өндірістік талап-сұранымдарына сәйкес ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Бүгінгі таңда университет құры­лымында әлемдік техника мен техно­ло­гия­ларды игеруді және жер қойнауындағы байлығымызды ел игі­лігіне жаратуды мақсат тұтқан 6 ака­демиялық институт, 6 ғылыми-зерттеу инс­титуты, «Технопарк» жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігі, 3 аккредиттелген зертхана, 2 полигон, 32 кафедра, 46 ғылыми зертхана, 260-тан астам оқыту зертханасы, 15 ғылыми және ­11 шетелдік әріптестермен бірге құрыл­ған әлемдік деңгейдегі ғылыми-оқыту орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ ақпараттық және ғарыштық техноло­гияларды ұжымдық пайдалануға арналған Ұлттық ғылыми зертхана, технопарк, бизнес-инкубатордың қызметін де атап өткен жөн.

Техникалық салада мамандар даяр­лау 41 бағыт бойынша (бакалавриат – 15, ма­гистратура – 15, докторантура – 11) іске асырылуда. Жоғары білім беруді басқарудың ортақ жүйесінде 196 жаңа білім беру бағдарламасы тір­келген. Олардың әрқайсысы маз­мұны жағынан «Жаңа кәсіптер атла­сына», жұмыс берушілердің талапта­рына және «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының кәсіби стандарт­тарына сәйкес келеді. Білім беру бағдар­ламаларының барлық деңгейіндегі оқу үдерісі кредиттік технология бойынша мемлекеттік (72 %), орыс (25 %) және ағылшын (3 %) тілдерінде жүргізіледі.

Студенттердің өндірістік практика­сын ұйымдастыру үшін 2022 жылы кәсіпорындармен 819 келісімшарт жасал­ды. Сондай-ақ университет инженер мамандарды өнеркәсіп орындарының нақты талап-сұранымдарына сәйкес даярлау мақсатында еліміздегі 370-тен астам компаниямен келісімшарт жасаған, оның ішінде «Қазмырыш», «ҚазМұнайГаз» «Қазатомөнеркәсіп», т.б. әлемдік деңгейдегі ірі кәсіпорындар бар. Сонымен қатар дүние жүзінің 32 елінің Халықаралық ұйымдарымен ын­тымақтастық қарым-қатынас жайлы 160-тан астам келісімге, меморандумға қол қойылды. Университет – әлемнің 5 қауымдастығы мен 3 концорциумының мүшесі.

Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті 2019 жылы Жамбыл облысында литий кенін барлауға лицензия алды. Барлау жұмыстарын жүргізу үшін энергетика мен жер қойнауын пайдалану саласында халықаралық жобаларды әзірлеумен айналысатын «Condor Energies» (Канада) компаниясы инвестор ретінде тартылды, ол халықаралық ірі қоғамдық компания болып саналады.

Осы жобаны жүзеге асыру мақ­са­тында «Condor Energies» компаниясы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен бірлесіп, «Qazaq Green Energies» ЖШС заңды кәсіпорнын жаңадан құрды. Бұл жоба бойынша геологиялық барлау жұмыстарының барлық шығынын инвестор өз мойнына алады, ал университет ғылыми қолдау көрсетеді, сондай-ақ гидроминералды тұзды ерітінділерден литий алудың озық технологияларын трансферттеу мен бейімдеуді қамтамасыз етеді.

«Condor Energies» Қазақстанда 20 жылдан астам жұмыс істейді, ал оның ел экономикасына салған инвестициясы 250 миллион АҚШ долларынан асатынын айта кеткен жөн.

ҚазҰТЗУ алдыңғы қатарлы шет мем­лекеттердің: АҚШ, Қытай, Ұлыбрита­ния, Израиль, Ресей, Канада, Германия, Корея, Франция, Малайзия, тағы басқа 120-дан астам ірі ғылыми-техника­лық орталықтармен және әлемдік атақты университеттермен (Стэнфорд универ­си­теті, Массачусетс технологиялық инс­титуты, Колорадо тау-кен мектебі, Остин қаласының Техас университеті, т.б.) ынтымақтастықты дамытып, одан әрі нығайтуда.

Жоғарыда аталған әлемдік деңгей­дегі университеттердің ұйымдастырушы­лық дизайны мен басқару құрылымда­рын зерделеп, ҚазҰТЗУ өз тәжірибе­сі­не қолдануды мақсат етіп отырғанын атап өткен орынды. Әсіресе инженерлік білім беру, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуде ғылыми қоғамдастық, бизнес және мемлекетті бірлестіру ісінде бұл өте маңызды болмақ.

ҚазҰТЗУ-дың ғылыми зерттеу және инновациялық қызметі республика бо­йынша басымдыққа ие 5 бағытқа сәй­кес іргелі және қолданбалы ғылы­­ми зерттеулерді дамытуға бағытталған: «Гео­­логия, минералды және көмірсу­тек ши­кізатын өндіру және қайта өңдеу, өндіріс қалдықтарынан жаңа материалдар, қауіпсіз бұйымдар мен кон­струк­циялар шығару», «Энергетика және машина жасау», «Ақпараттық, ком­му­никациялық және ғарыштық техноло­гиялар», «Су ресурстарын ұтымды пайдалану және экология», «Жаратылыс­тану ғылымдары бойынша зерттеулер». ­2022 жылы осы бағыттар бойынша жал­пы гранттық қаржыландыру тұрғысы­нан 1,5 млрд теңгенің көлемінде 88 жоба орындалды.

Сонымен бірге университет ғалым­дары мен ғылыми қызметкерлер, докторанттар, магистранттар мен студенттер ел экономикасының, өндірісінің, әлеуметтік рухани өмірдің қадау-қадау салалары бойынша ғылыми ізденістермен шұғылдану үстінде.

Кезінде Қ.И.Сәтбаевтың өзі іргесін қалап, қаз тұрғызып, өсіріп-өркендет­кен Ұлттық ғылым академиясының ғы­лыми зерттеу құрылымдары ретінде көп жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан Қ.И.Сәтбаев атындағы Гео­логия ғылымдары институты, Ме­тал­лургия және кен байыту институты, У.А.Ахметсафин атындағы Гидро­гео­логия және геоэкология институты, Физика-техникалық институт, Цифр­лық және нанотехнологиялық институт – барлығы «Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ» коммерциялық емес акцио­нер­лік қоғам есебінде 2015 жылдың аяғында қайта құрылуына байланысты осы АҚ құрамына біріктірілген болатын. Аталған институттар, бір жағы­нан, өз дербестіктерін сақтай отырып, екін­ші жағынан, Политехтың ғылыми әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосып келеді.

Қазақстанда жоғары сапалы боксит­тің қоры азайып барады, сондықтан сапасы төмен бокситтерді өңдеуге жарамды ету және оларды өңдеудің жоға­ры рентабельді технологиясын жасау арқылы глинозем өндірісінің шикізат базасын кеңейту жолдары қарастырылу­да. Осы орайда Металлургия және байыту институтында Көктал кен орындары тобындағы темірлі бокситтерді өңдеуге арналған инновациялық байер-гидро­гранат технологиясы әзірленді. Бұл жоға­ры технологиялық және экономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етеді. Инс­титут ғалымдары жаңа технология­ны тәжірибелік-эксперименттік ме­тал­лургиялық өндірісте сынап көрді, қуаттылығы жылына 1 млн тонна алюминий тотығын өңдеу зауытын салудың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. 2022 жылдың 16 қараша күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға ресми сапармен келгенде бұл технология Мемлекет басшысының назарына ұсынылды.

Соңғы бір-екі жылдың аумағында қастерлі қара шаңырақтың, аты аңызға айналған Политехтың тарихын, қадір-қасиетін, бай дәстүрлерін, басты құн­дылықтарын қалпына келтіріп, қайта жандандырып, сол арқылы университетте оқып жүрген жастардың саналарына сәуле, жүректеріне нұр құйылуына, бо­лашақта Әділетті Қазақстанның қалып­тасуына, өсіп-өркендеуіне айтарлық­тай белсенді үлес қосуына үлкен көңіл бөлінуде.

 Білім алушылардың саны қазір шамамен 15,7 мың адам (мемлекеттік тапсырыс бойынша – 13,2 мың білім алушы, ақылы оқыту бойынша – 2,5 мың білім алушы). Бүгінгі таңда ҚазҰТЗУ білім алушыларды тек 2300 төсектік орынмен қам­тамасыз етіп отыр.

Жаңа заманауи жатақхана ғимарат­тарын салу, студенттердің кем дегенде 70%-ын және баспанаға мұқтаж оқыту­шыларды жатақханалармен қамтамасыз ету алдағы жоспарда қамтылған. Білім алушылар контингенті жыл сайын өсе­тінін ескерсек, жатақханалардың жаңа ғимараттарын салу білім алушылар ғана емес, университет оқытушылары мен қызметкерлерінің де тұрғынжайға деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Ал әлеуметтік пакет – университеттің даму бағдарламасының маңызды бөлігі, оны табысты түрде іске асыру және қаржыландыру кезінде 10 500 орындық жаңа жатақханалар салынады, осылайша төсектік орын тапшылығы жойылады, нарықта жалға берілетін тұрғынжайдың құны төмендейді.

Ең бастысы – осы заманғы үздік техника мен технология жетістіктерін еркін меңгерген, әлемнің озық елдерінің бесас­пап мамандарымен үзеңгі қағыстыратын, терезесі тең, ізденімпаз, білімпаз, оның үстіне өз ұлтына, туған топырағына жан-тәнімен еңбегін арнайтын, жұртының тарихын, әдебиетін, өнерін терең түсініп, ерекше бағалайтын, ұлттың рухының асқақтауына бар күш-жігерін жұмсайтын қазақтың инженер-техникалық зиялы қауымының өкілдерін тәрбиелеу бағытында жүйелі істер атқарылуда.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың күзінде Алматыда студент жастармен және жас ғалымдармен кездесу барысында: «Еліміз талай жыл бойы, негізінен, мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адами капиталдың маңызы артқан дәуірге қадам бастық. Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәрте­бесі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды», – деді. Осы ойын тереңдете келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің жанынан жаңа технологиялардың ғылыми зерттеу хабын құру туралы тапсырма бердім. Оның инфрақұрылымын тех­никалық оқу орындарының бәрі пайдалануына болады. Үкімет ғылыми зерттеу хабтарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы қажет», – деп мәлімдеді.

Өзінің 2040 жылға дейінгі даму жо­лындағы нақты қадамдарды анықтау үшін ҚазҰТЗУ ғалымдар мен университет басшыларының қатысуымен ғы­лым мен білім саласындағы шешімдерді әзірлеуге және университеттің жақын болашақтағы миссиясына көзқарасын дамытуға бағытталған Форсайт сессия­ларын өткізеді. Мұндай сессиялар ше­шім қабылдаудың белсенді тәсілі бол­ғандықтан, олар ҚазҰТЗУ-да өте танымал және басқарушылықтың барлық дең­гейінде қолданылады. Сессиялар бары­сында қатысушылар тың идеяларды әзірлеу, олардың ең жақсысын таңдау және нақты жүзеге асыру жолдарын пы­сықтау үшін миға шабуыл (брейншторминг) механизмдерін, сараптау па­нельдерін, SWOT-талдауларды, жол кар­таларын және уақыт карталарын пайдаланады.

Бұл әдісті қолдану, еңбек нары­ғы­ның нақты ойыншыларын тарту, тәжі­рибелі модераторлардың, сарапшылар мен менеджерлердің қатысуымен өт­кен пікірталастар біздің нақты мақсат­тарымызды айқындауға көмектесті, бо­лашақ өзгерістерді тек көрсетіп қана қоймай, оларға белгілі бір дәрежеде әсер етті. Өңірлерде «Форсайт» материал­дары негізінде «Жаңа мамандықтар атласы» жасалуда. Оның көмегімен жо­ғары оқу орындары болашақтағы озық білім беру бағдарламаларын жасап, ал­дағы 10-15 жылда экономикаға қажетті мамандарды даярлайды. Нәтижесінде, бұл әдіс университеттің тиімділігін арттырып, оның түлектерінің табысын жо­ғарылатып, қазақстандықтардың әл-ауқа­ты деңгейін көтеруге тиіс.

Осы жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасы бойынша университеттің профессор-оқытушылар құрамы кәсіби біліктіліктерін арттырды. Мамыр айында ҚазҰТЗУ командасы Форсайт әдістемесіне тереңірек үңіліп, модераторлар мен аналитиктердің тректері бойынша білімдерін жетілдірді. Нәтижесінде, ҚазҰТЗУ-дың мамандары өзіміз үшін де, басқа тапсырыс берушілер үшін де қажетті форсайт-сессияларды өткізе алатын дәрежеге жеткенін атап өту керек.

ҚазҰТЗУ стратегиялық перспективада өзін Қазақстан, ТМД және Орталық Азияның инженерлік білім беру орталы­ғы ретінде көрсететін болады. ҚазҰТЗУ өз жұмысында ғылыми зерттеулер оқу үдерісінің құрамдас бөлігі болуын қам­тамасыз етуге, яғни «ғылыми зерттеу арқылы білім алу» қағидасын іс жүзінде жүзеге асыруға ұмтылады. «Үштік спираль» моделіне сәйкес университет биз­нес пен үкімет үшін проблемаларды анықтау және шешу жөнінде өзінің ғылыми тәжірибесін ұсынады, сондай-ақ кәсіпкерлік үшін жағдай жасап, стартаптар құруға да ынталандырады. Осының барлығы бірігіп, «Университет 4.0» мо­делінің қалыптасуына негіз жасайды және қазақстандық қоғамның үміттерін ақтауға, ғылыми белсенділіктің өсуіне және университеттер мен экономиканың тұтас секторларының экономикалық дамуына арналған «маховикті» іске қосуға мүмкіндік береді.

Университеттің алдында тұрған басты мақсат – білім беруді жаңа сапамен және мазмұнмен толықтыру. Ол үшін ғылыми зерттеулер – білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі болады. Басқаша айтқанда, «Зерттеулер арқылы білім беру» моделін іске асыру көзделіп отыр. Ең әуелі студенттер өндірістік практика кезінде дуальды оқыту арқылы, яғни практикаға жетекші ұстаздардың және өндірістегі практик мамандардың нақты көмегі­­мен анықталған ғылыми міндеттерді ­шешуге тікелей қатысады. Келесі кезеңде зерттеу дағдыларын игеру, дамыту арқылы өндірістің ағымдағы проблемаларын анықтап, зерттеп, шешім қабылдау үдерісіне қатысады. Сөйтіп, студенттерді даярлау олардың зерттеу дағдыларын және кәсіптік мәдениетін дамытуға бағдарланады.

Кадрларды жаңа форматта даярлау білім алушыларға кім болу керектігін таңдауға мүмкіндік береді. Яғни: 1. Өн­діруші, жоғары деңгейдегі кәсіпқой; 2. Ғы­лыми қызметке дайын зерттеуші; 3. ҚазҰТЗУ-да өзінің стартапын құрған кәсіпкер; 4. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Сапалы білім алу – адамды қоғамдық ортаға бейімдейтін, оның бойына ізгі құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын сіңіретін маңызды институт». 

ҚазҰТЗУ-дың Үкімет қабылдаған Даму бағдарламасын іске асыруға байла­нысты қаражатпен қамтамасыз ету 3 ба­ғыт бойынша айқындалған: Бірінші бағыт – білім беру, ғылыми, әдістемелік және корпоративтік мәселелерді қозғайды, оларды іске асыру үшін ұсынылған ин­дикатор. Екінші бағыт – жаңа инфра­құрылымды дамыту және құру. Үшін­ші бағыт – білім беруді зерттеулер ар­қы­лы іске асыруды қажетті құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз ету. 

Алдағы уақытта ҚазҰТЗУ инфра­құрылымы жаңартылады, адами ресурс­тарды басқарудың заманауи жүйесі іске асырылады, профессор-оқытушылар мен әкімшілік басқару кадрларының, сондай-ақ студенттердің, магистранттар мен докторанттардың өзін-өзі шы­ғармашылық тұрғыдан көрсетуі үшін жағдайлар жасалады. Шетелдік профессорлар мен консультанттарды оқыту – ғылыми істерге тартудың тиімді жүйесі іске асырылатын болады.

Түйіндей айтқанда, Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің – аты аңызға айналған Политехтың бола­шағы жарқын, шығар биіктері алда. Елі­міздің жоғары техникалық білімі мен ғылымының қастерлі шаңырағына се­нім білдіріп, жол ашып, жауапкершілік жүктеп отырған халқымызға, Мемлекет басшысына, Үкіметімізге университет ұжымының алғысы шексіз.

 

Ұлықпан СЫДЫҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдары­ның докторы, Қ.Сәтбаев университеті­нің түлегі әрі профессоры, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының академигі