Рас, Астананы елдің орталығына көшіру мәселесіне халық алғашында көп мән берген жоқ. Көп адам мұны талқылаудың кезі келген жоқ деп санаса, кейбіреулер тіпті қажет емес десті.
Дегенмен 1992-1993 жылдары бұл пікір Президент Әкімшілігінің тиісті құрылымдары мен кейбір мемлекеттік органдардың тарапынан терең зерделеніп, астананы Ақмолаға көшірудің мүмкіндіктері талқыланып, тәуелсіз мемлекет астанасының жаңа қырлары нақтылана түсті. Осы жұмыстардың нәтижесінде аталған жоспар бірінші рет Президент жанындағы Ұлттық кеңестің 1993 жылғы 15 маусымындағы отырысында жария етілді. Артынша, 1994 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі 13-шақырылымының І сессиясында ел астанасын көшіру туралы мәселе ресми түрде күн тәртібіне шығарылды.
Жаңа астанаға ерекше талаптар қойылғандығы да анық. Алдымен республиканың астанасын орналастырар ең оңтайлы жерін анықтау міндеті тұрды. Осы тұрғыда еліміздің күллі аумағы егжей-тегжей тексерілгені де белгілі. Ақырында таңдау Ақмолаға түсті. Ендеше, бұл шешімді аяқ астынан асығыс жасалған қадам деуге бола қоймас. Әрине, сол кездің өзінде аймақтық қаладан астана жасап, ескірген, тұруға ыңғайсыздау үйлер, дамымаған инфрақұрылым мен технологиялық жағынан заман талабынан қалып қойған өнеркәсіпті бір сәтте қайта құру оңайға соқпайтыны түсінікті еді.
Астананы Ақмолаға көшіру елде патриоттық рухты көтеріп, халықты тәуелсіздікті қорғап, оны нығайтуға бағытталған жасампаздық жолына түсіру үшін қажырлы еңбек етуге шақыру болды. 1994 жылғы 6 шілдесінде Жоғарғы кеңестің арнайы қаулысы қабылданып, мемлекеттің астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы мәселе қолдау тапты. Ал 1995 жылғы 15 қыркүйекте Жоғарғы кеңестің осы қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заңдық күшке ие Президенттің Жарлығы шықты. Ақмола қаласына жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды қайта орналастыру жұмысын ұйымдастыру үшін мемлекеттік комиссия құрылып, орталық мемлекеттік органдардың тізімі жасақталды. 1996 жылдың қарашасынан бастап Ақмолаға министрліктер қоныс аудара бастады. 1997 жылдың қараша-желтоқсан айларында қоныс аударушы мемлекеттік қызметшілердің алдыңғы тобы және бірінші легі Ақмолаға келіп жетті. Мемлекеттік органдарды көшіру кезінде білікті, реформалауға бейімі бар жас мамандарға, әсіресе қазақ кадрларының қажеттілігіне көңіл бөлінді. Жаңа астанаға мемлекеттік билік нышандарының эталондары жеткізіліп, мемлекеттік басқару органдарының іске кірісуінің өзі кешегі облыс орталығының тұрғындарына зор жауапкершілік жүктеді. Сөйтіп, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан Ақмола қаласы Қазақ елінің жаңа астанасына айналды. Осы күннен бастап халықтың тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдана бастады.
Астананың географиялық орталықта ыңғайлы орналасуы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік туғызып, орталық биліктің аймақтық проблемаларға жақындай түсуі елдің ішкі проблемаларын мемлекеттің геосаяси мүддесі тұрғысынан шешуге мүмкіндік ашып берді. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде елдің әл-ауқаты өсіп, халықтың рухани-мәдени тұрғыда дамуымен қатар Астана қазақтың мақтанышы болып, аймақтардағы басқа қалаларымыз бой түзейтін жасампаздықтың үлгісіне айналды. Сонымен бірге Қазақстанның астанасын көшіруді ешкім бір күндік іс деп қараған емес. Өйткені ол жоспарлы түрде жүргізілетін күрделі және жауапты үдеріс еді. Айта кету керек, сол кездегі облыстың орталығы болған аймақтық қаланың астаналық мәртебесін қысқа мерзімде қалыптастырып, келбетін өзгертудің өзі оңай шаруа болмады. Алда астаналық инфрақұрылымды жасақтау және оны түбегейлі қайта құру міндеті тұрды. Алматыдан қоныс аударып келген мемлекеттік органдарға лайықтап жаңа ғимараттар салу, тұрғын үй қорын көбейту қажет еді. Сондықтан салынып жатқан объектілердегі жұмыстың барысы, Ақмоланы сумен, электр қуатымен және тағы басқа қажетті нәрселермен қамтамасыз ету мәселесі үнемі бақылауда болды. Осыдан болар аз уақытта көп жұмыс атқарылды, жалпы құрылыстың барлығы қысқа мерзімде бітті. Құрылыстың қарқынды дамуы бүкіл ел экономикасының өрісін кеңейтіп, жаңа елорда ірі транзит түйініне айнала бастады.
Осы үлкен істе арнайы құрылған комиссияның атқарған жұмысы жемісті болғандығын атап өткен де жөн. Ол Қазақстанның жаңа астанасының қалыптасуына зор үлес қосты. Жөнімен ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде ол түрлі құрылым, министрлік пен ведомстволардың жұмыстарын жедел түрде үйлестіре білді, тез арада шешуді талап ететін міндеттерді дер кезінде іске асырып отырды. Тіпті Алматы қаласында орналасқан шетелдердің дипломатиялық өкілдіктерін көшіру де ескерусіз қалмады. Олай болса, Қазақстанның жаңа елордасының – қазіргі Астананың негізі дәл сол кездері қаланды деп айтуға толық негіз бар. Жүйелі жұмыс арылы астананы көшіру барысында туындаған көп проблема еңсерілді. Қысқа мерзімде, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы іске асырылып, Астана Қазақстанның еркіндігі мен егемендігінің, оның жаңғыруының символына айналды. Миллионнан астам тұрғыны бар бас қала бүкіл елдің қатысуымен салынды, оның ірі инновациялық жоба ретінде іске асырылып, өркендеуіне республиканың әрбір азаматы атсалысып, өз үлесін қосты.
Сонымен бірге Астана ірі өңірлік орталыққа, отандық құрылыс индустриясының дамуына қуатты серпін берді. Автожолдар, тұтас алғанда көлік саласы дамытушы әлеуетке ие болды, Астананы көшіру өндіргіш күштердің сыңаржақ орналастырылуын жойып, облыстар арасындағы байланыстар күшейді. Инновация, ғылым, технологиялар, өңдеуші ауыл индустриясының жүйесі одан әрі кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, бүкіл елдің экономикалық белсенділігін арттыруға септігін тигізді. Астана еліміздің барлық өңірі үшін өнегеге болып, олар жаңа астанаға қарап өздерін жаңғыртуға кірісті. Елорда елдің экономикасының дамуына да мультипликациялық әсер етіп, жаңғырту облыс орталықтарын ғана емес, қалалар мен аудандарды да қамтыды.
Бұл жаңа астананың республикамыздың қоғамдық-саяси өмірінің нақты факторына айналуына бағытталған шаралар еді. Осылайша, Астананы салу іс жүзінде жаңа мемлекет құрумен қатар жүрді. Ол мемлекеттілікті орнату үдерісін тереңдетіп, тәуелсіздігіміздің қуатты факторына айналды. Оның азаматтарымыздың отаншылдық рухын асқақтатудағы маңызы да орасан. Жаңа астана мемлекеттік қызметкерлердің ұрпағын алмастырып, оның жаңа толқынын өңірлерден тартуға мүмкіндік берді. Ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлар да осында іске асырыла бастады. Өзгеріске дайын тұратын, өз өмірін басқа арнаға бұрып жіберуден қорықпайтын осындай адамдар өз болашақтарын өздері жасай бастады. Астананы ауыстыру бизнеске мол мүмкіндік ашты, адам ресурстарын дамытуға оңды жағдай тудырды.
Астана өмір сүруге, жұмыс істеуге барған сайын қолайлы қалаға айналып келеді: дамыған инфрақұрылымы бар, қызмет орындарының көптігі жағынан ғана емес, мәдени демалыс тұрғысынан да әртүрлі мүмкіндікке ие қалаға айналды. Астаналық театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, спорт алаңдары сан алуан талап-тілектерді қанағаттандыра алады. Бас қалада мәдениет пен өнерді, ғылым мен білімді дамытуға жағдай жасалған. Осы тұста елорданы мәдени-рухани, білім мен ғылымның орталығына айналдыру мәселесі әу бастан-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында болғандығын айта кеткен абзал. Астананы көшірмес бұрын-ақ театр мен филармонияларды институт пен консерваториялардың талантты түлектерімен толықтырудың маңыздылығына да ерекше назар аударылды. Астананың медициналық кластері мен спорт кешендерінің мазмұны мен кескін-келбеті де ерекше.
Астана архитектуралық қала құрылысының дамуына да елеулі ықпал жасады. Ол жаңашыл сәулеттік және ландшафтық эстетиканың өнегесіне айналды. Бой көтеріп жатқан әр ғимарат, монумент пен ескерткіштердің, мәдениет, дін, спорт, медицина және білім беру, сауда, ойын-сауық кешендерінің әрқайсысының өзіндік орны бар. Астанада заманауи қалалық сәулетшілік-тұрмыстық мәдениеттің негізі қалыптасты. Бас қаланы салу барысында экологиялық мәселелерді шешуде осы заманғы көзқарас үлгісі қалыптасқаны да шындық. Астананың әсем саябақтары – қаланың әрі көркі, әрі тынысы. Қаланы жалпы аумағы 60 мың гектар болатын қалың «жасыл белдеу» қоршап-қорғап тұр. Қазір қала төңірегіндегі агро шеңберді дамытуға толық мүмкіндік бар.
Осының барлығы Астананың халықаралық маңызын өсіріп, еліміз туралы түсінікті өзгертті. Сондықтан Астананың 25 жылдығын атап өту барысында оның отандастарымыздың, әсіресе жастардың санасында тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, саяси және жаңа мәдени-туристік орталығы ретіндегі астанасының жасампаздық рөлі туралы түсінікті бекітудің маңызы артуда. Елорда Қазақстанның өркендеп дамуының айғағы ретінде сыртқы саяси салада да жаһандық бастамалардың орталығына айналып, әртүрлі беделді халықаралық жиындарды өткізудің алаңына айналды. Осы күндері Астана – шын мәніндегі маңызды мәселелердің түйткілдері шешілетін әлемдегі аса ірі саяси, мәдени, рухани орталықтың бірі. Мұнда бейбітшілік пен келісім тоғысып, бейбіт келіссөздер жүргізілуде. Елорда көптеген жаңа идея, көзқарас пен нақты бағдарламалардың генераторы бола білді. Осының айқын дәлелі ретінде елдің бас қаласын мәдениеттер мен әлемдік діндер диалогінің астанасы деңгейіне көтергендігін айтса да жеткілікті шығар.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы