Аспан асты, жер үстіндегі аласапыран тіршілікте тұмса табиғаттың қадір-қасиетін сезініп, оны аялай білу адамзат баласының асыл мұрасы емес пе? Түздің тазалығын сақтап, оған жанашырлық таныту да адамгершілік пен мәдениеттің деңгейін көрсетсе керек. Тыныстап жүрген ауамыз таза, ішер суымыз тұнық болса, денсаулығымыздың мықты, жасымыздың ұзара түсері сөзсіз. Алайда мұны қаперге алмаудың, қоршаған ортаға аяушылық танытпаудың салдары бүгінгі қоғамға ғана емес, ұрпағымыздың келешегі үшін де аса қауіпті.
Өкінішке қарай, Алматы облысының бірқатар елді мекендерінде тұрмыстық қалдық тастайтын орындардың жоқтығы, барына күтім жасалмайтынын жасыруға болмайды. Яғни полигон мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналып отырғаны ақиқат. Себебі өңірде жыл сайын тонналап тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Ал қалдықты сұрыптап, кәдеге жаратар болса, ол кіріс көзіне айналары анық. Алайда...
Кеген ауданында 34 елді мекен бойынша халық саны – 28 323, аудан орталығы Кеген ауылында 9 мыңнан аса адам тұрады. Ауыл ішінен шыққан тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау ісімен екі жыл бұрын құрылған «Кеген Тазалық» ЖШС-ның белсенді азаматтары айналысып жүргені жайлы хабардар болдық. Туған ауылының тазалығын күйттеуге білек сыбана кіріскен азаматтар ауыл тұрғындарына тегін қызмет көрсетеді екен.
«Кеген ауылын төрт аймаққа бөліп алып, аптасына 5 күн қоқыс жинайды. Ауыл шетіндегі ескі ғимаратты жалға алып, сонда сұрыптау жұмыстарын жасайды. Кішігірім цехы бар. Сұрыпталған қалдықты өткізу арқылы табыс табады. Қазіргі уақытта әкімшілік, тұрғындар мен өздері тарапынан бірлескен үшжақты келісім жасау қарастырылып жатыр. Айына белгілі бір сомада қаржы төленсе, еңбектері ақталып, жұмыстары да жандана түсер еді. Бұл жөнінде тұрғындарға насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді ауыл әкімінің орынбасары Н. Сағымжан.
2007 жылы құрылған «Жолашар» ЖШС болса, Кеген ауылының іргесіндегі қоқыс алаңын күреу, шашылған қоқысты жинау жұмыстарымен айналысып келеді. Серіктестік қарамағында 1 тиегіш, МТЗ-82 тракторы, КАМАЗ, ЗИЛ және көше жуатын техникалар бар.
«5 гектардай жерді алып жатқан қоқыс орнын ай сайын күреп, жан-жағын жинақтап отырамыз. Өкінішке қарай, қыста қардың қалың түсуі, көктем мен жазғы жауын-шашыннан жол езіліп, көліктер жетер жеріне жете алмай, сыртқа тастап кетеді. Қазір де сол жағдай қайталанып отыр. Салдарынан жел ұшырған қағаз, целлофан пакеттер ауыл маңайын жауып қалады. Қиындықтарға қарамастан уақытылы тазалап, жиыстырып келеміз. Осы ауылдан ғана шамамен жыл сайын 5 мың тонна қоқыс шығарылады. Негізінен малдың қиы мен күл-қоқыс төгіледі», дейді «Жолашар» ЖШС-ның басшысы Манас Бұқабаев.
Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, биыл қоқысқа апаратын жолдың 2 шақырымы жасалып, жол бойына жарық бағаналары орнатылады. Қоқыс аумағын қоршау мәселесі де біраз жыл бұрын қарастырылғанмен, аяқталмаған. Малдың өлексесін тастайтын арнайы орын болғанымен, оған жеткізіп жатқандар шамалы көрінеді.
Қоқыс орындарына малдың өлекселерін сүйреп тастау оқиғалары ауылдардың қай-қайсынан кезігері сөзсіз. Мұндай келеңсіздікті Райымбек ауданына қарасты Сарыжаз ауылынан да кезіктірдік. Ауылмен іргелес жатқан қоқыстан мал өлекселерін көзіміз шалды. Бұл ретте қоқыс орнына жақын маңайдағы көше тұрғындары да қынжылыстарын білдірді.
«Су құбырлары тартылмаған сонау жылдары ауыл адамдары су алып, бүгінде малымыз шөл қандыратын тасбастаулардың көзі құруға айналды. Дәл осы жерде қасиеті күшті «дүнгеншай» деген шөп өсетін. Ол да құрыды. Шіліктің іші целлофанға толып кетті. Ауылдың малы жайылып, жан сақтап отырғаны да осы бозқараған. Әкімшілік тарапынан жұмыстар жасалмай жатқан жоқ емес, жасалып жатыр. Көктемде біраз малдың өлексесін шығарып, көмді. Қоқысты күреді, жинады. Бірақ қоқыстың ішіне техника тереңдей ене алмайды. Оған шынжыртабанды қуатты трактор керек, жай техниканың шамасы жетпейді. Сол себепті қоқыс алаңын басқа жерге көшіргені дұрыс», деген ұсыныстарын айтқан ауыл тұрғындары «ашық жатқан қоқыстан жұқпалы ауру тарап кетпесе жарар еді» деген қорқынышын да жасырмады.
Аспантау өңіріндегі аудандардың бірде-бірінде заңды қоқыс полигоны жоқ. Сол себепті мұнда тұрмыстық қалдықтарды жою немесе сұрыптау жұмыстары жасалынбайды. Ашық-шашық жатқан қоқыс орындарына мал кіріп, ондағы целлофан, сүйектерді шайнап, жұту салдарынан мал шығынына жол берілетін жайттар да жоқ еместігін айтады ауыл тұрғындары.
Табиғаты көркем, туризмнің қайнар көзіне айналған аудандардың бірі Еңбекшіқазақ ауданы дер едік. Аталған аудан бойынша 1 қала, 25 ауылдық округ, 79 елді мекен бар. Халық саны 284 300 адамды құрайды.
Осы бір іргелі ауданда да арнайы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға және сақтауға арналған полигон жоқтың қасы. Қазіргі таңда ауданда күл-қоқыс, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығарып апару, сұрыптау және утильге жіберу өте күрделі мәселеге айналып отыр.
«Бүгінгі таңда ауданның 87 га жер телімі (32 елді мекенде) тұрмыстық және өндіріс қалдықтарды уақытша жинап сақтауға арналған орын бар. Жалпы, аудан бойынша тәулігіне 150-200 тонна тұрмыстық қалдық шығады. Жылына орташа есеппен 70 мың тонна. Ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 15 мекеме (56 техника мен 105 адам) шұғылданады. Олардың қызмет бағасы 500-2000 теңге аралығында.
Ғарыш мониторингі порталымен анықталған заңсыз қоқыс орындары 2023 жылға аудан бойынша 12 ауылдық округте, 59 орын анықталды. Оның бүгінде 57-сі тазаланып, 2 нүкте қалып отыр (Бөлек ауылдық округіне қарасты Қарасай полигоны). Қазіргі уақытта ғарыш мониторингінде көрсетілген заңсыз қоқыс орнын тазалау жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілік болмай отыр. Себебі оған қомақты қаражат керек», дейді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Әділжан Смағұлов.
Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтсақ, «Ақбастау ауылындағы ҚТҚ арналған полигонның құрылысы» жобасы дайындалып, жер теліміне мемлекеттік акт алынған. Жобаның жалпы құны 1 млрд 168 млн теңгені құрайды.
Бұдан басқа «SAE» ЖК-дан 10 млн теңгеге орта ауқымдағы қоқыс өңдеу зауытын салумен «Сұрыптау кешені және ҚТҚ қайта өңдеу» жобасын іске асыруға әзірлемелер жасалған, аталған инвестициялық жобаға 2 гектар жер бөлініп, бизнес-жоспар ұсынылды, күніне 7,5 тонна қоқыс сұрыптау көзделген.
Сондай-ақ 2017 жылдан бастап Шелек ауылында көлемі 30 гектар жер телімінде «Балис-2007» ЖШС өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру және жою бойынша полигон салу, оған қызмет көрсету жұмыстарына жер телімін инвест жоба арқылы рәсімдеп, жұмыстарын бастауда. Жылына 10-15 мың тонна қоқыс өңдеу көзделеді, инвестиция көлемі – 340 млн теңге.
Жуырда «2023-2025 жылдары Алматы облысының экологиялық жағдайын жақсартуға арналған Жол картасының» жүзеге асуын талқылаған алқалы жиында өңірдің экологиялық ахуалына әсері бар қоқыс алаңдары мен полигондар туралы мағлұматтар баяндалды. Нақтылар болсақ, Алматы облысының аумағында жыл сайын 429 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналады екен. Оны уақытша сақтайтын 7 полигон және 131 орын бар. Өткен жылы облыста 429,2 мың тонна қалдық түзіліп, оның 95,4 мың тоннасы өңделген. Қалдықтарды жинау және шығаруды 75 мекеме қамтамасыз етеді.
Облыста жалпы қуаттылығы жылына 125 мың тонна болатын қайталама материалдық ресурстарды (пластик, макулатура, шыны және т.б) өңдеумен 12 кәсіпорын айналысады. Осы жылдың екі тоқсанында облыста 210,2 мың тонна қалдық түзілсе, оның 48 мың тоннасы өңделген. Биыл жергілікті бюджетті нақтылау кезінде Алматы облысында коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге 30 млн теңге бөлінді. Облыс орталығындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен сұрыптау желісі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 25 млн теңге бөлінген. Ал Балқаш ауданы Бақанас ауылында қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қоршау салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге 4,3 млн теңге бөлініп, игеріліп жатыр.
«Өңірлік жүйе шеңберінде Іле ауданында органикалық және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 1 зауыт салу көзделген. Бұл – қуаты жылына 120 мың тонна болатын «Waste Energy Kazakhstan» ЖШС Қазақстан-испандық компаниясымен бірлесіп «Мериолизис» технологиясы бойынша толық циклді қоқыс өңдеу зауытын салу. Инвестициялардың жалпы көлемі – 41,8 млн еуро. Бұл жоба 2019 жылы 18 қыркүйекте Энергетика министрлігі өткізген Биос жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықтың жеңімпазы екенін еске сала кетейік. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорын өз қаражатына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Қалдықтарды өңдеу өнеркәсібі жобасын жүзеге асыру бойынша ресейлік «Агромаш Холдинг» ЖШС компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Қарасай ауданындағы жұмыс істеп тұрған полигонда «TARTYР» компаниялар тобы кореялық FMG компаниялар тобымен бірлесіп, қалдықтарды көму кезінде пайда болатын полигон (жылыжай) газынан электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Дүниежүзі банкпен «Алматы агломерациясы үшін тұрмыстық қалдықтарды басқарудың SMART интеграцияланған цифрлық жүйесі» және «Биологиялық ыдырайтын қалдықтардан компост пен жасанды топырақты өнеркәсіптік өндіру кешенін салу» жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар Алматы агломерациясының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін және Алматы облысының экологиялық жағдайын жақсартатын белгілі бір салада айналмалы экономиканы қалыптастыруға әлеуеті бар», дейді Алматы облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айдос Тастанов.
Қалдықтарды бөлек жинауға азаматтарды экономикалық ынталандыру мақсатында Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Қонаев қаласында қайталама шикізатты қабылдау үшін 8 қабылдау пунктін орнату жоспарланып отыр. Бүгінде инвестормен келіссөз жүргізіліп, стационарлық құрылымның эскизі әзірленген. Бұл шара азаматтардың экологиялық мәдениетіне оң әсерін тигізеді деп күтіліп отыр, одан кейін бұл жобалар басқа аудандар мен ірі елді мекендерге де таратылады.
Тұрмыстық қалдықтар отбасы, ошаққасынан сұрыпталып, арнайы контейнерлерге салу жұмыстары үйлестірілсе, онда экомәдениеттің артуымен қатар, қоқыс көлемінің кеміп, есесіне қайта өңдеу жұмыстарының арта түсері анық. Ал әзірге тұтыну қалдықтарын басқару талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Бұл орайда Алматы облысы бойынша экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың өткен кезеңінде өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару талаптарын бұзғаны үшін департамент ҚР ӘҚБК 324 және 344-баптары бойынша барлығы 46 тұлғаны жалпы сомасы 9 133 875 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, 7 жеке тұлға – жалпы сомасы 655 500 теңге, 9 заңды тұлға – жалпы сомасы 2 440 875 теңге, 30 лауазымды тұлға жалпы сомасы 6 037 500 теңге айыппұл арқалаған. Осы ретте департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдар, БАҚ, басқа да мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындары анықталған жағдайда басқарма АӘД өкілдеріне рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындарын жою және кәдеге жарату бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырады. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыс департаменттің тұрақты және қатаң бақылауында.