• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 01 Тамыз, 2023

Салт-дәстүр салтанаты

373 рет
көрсетілді

Қарқара!Құр Қарқара!Жел Қарқара!Талайды тамсандырған өр Қарқара!Төсіңе кіндігінің қаны тамған,Қабыл ал, төл перзентің келді ортаңа, –деп Асанқадыр ақынның жыр шу­мақтарымен шашу шашылып, тиегі ағытылған «Қымыз фестиваліне» қарақұрым халық жиналды. Тарихы терең, сыры мол, жасыл кілемдей құлпырған жайлау төріне ақшаңқан үйлер тігіліп, атакәсібіміз салтанат құрды. Мәңгілік мұраға айналған қол­өнердің түр-түрі көптің назарына ұсынылды. Әр ауылдық округ­­тің өкілдері халық әндерін тамылжы­­­та шырқап, жүн сабап, көрпе құрау, сырмақ басып, кесте тігу, келі-кел­­сап, диірменмен тары-талқан тар­тып, жент жасау, күбі пісіп, қы­­мыз ашыту шеберліктерін паш етті. Сөйтіп, Мыңжылқы жайлауын­да әп-сәтте ата-бабамыздың сан­ ғасырлық салт-дәстүр, әдет-ғұр­пы жаңғырып, елдік пен ерлік­тің рухы асқақтап, көгінде халық­тық ән-күй қалық­та­ды. Жайлауға жиналған жұрт суретшілердің, ауыл ша­руа­­шылығы көрмесімен танысып, рухани азық алды.

«Бүгінгі іс-шараға кесте өне­рін дәріптеп келдік. Баяғы әже­ле­рімізден қалған қолөнерді жаң­ғыртып, ұрпағымызға үйретіп, жал­ғастыруды ауылдың ақ жау­лықты аналары өз міндетімізге алған­быз. Мұнда бізбен, инемен тігілетін кесте түрлері орын алған. Мысалы, тұскиіз, тұскілем, киім жапқыш, сырмаққа сәндік үшін түрлі өрнек салып, кестелеп тіктік. Өзім тоқыма өнерімен айналысамын. Тоқыл­ған кестені асүй жабдықтары­на пайдалануға болады. Оны­мен ыдысты жабуға, шәугім-шәй­нек, ет табақтың астына төсеуге, басқа да қолданысқа пайдаланады. Ол шыбын-шіркейден, шаң-тозаңнан қорғайды. Әдемі­лігі көз қызықтырар кестеленген заттарды қыз жасауына қосқан. Сон­дықтан бұл біздің сүйікті кәсібі­міз», дейді Саты ауылынан келген Гүлжанат Мұхаметжан.

Қаздай тізілген қолөнер көр­­ме­­сінің қатарынан ағаштан жа­сал­­ған ұлттық аспаптар мен тері­­ден жасалған тұрмыстық зат­тар да орын алған екен. Олар­дың қатарында Абай атын­дағы Алматы облыс­тық маман­дандырылған мек­теп-интер­наттың технологі Ерәли Адамқұловтың домбыра, қобыз, сандық сынды тас дәуірінен бергі ата-бабамыздың өсіп-өркендеуі жолындағы халықтық аспаптары көп назарын аударды.

«Торсық түйенің, бұқаның мо­йын терісінен жасалады. Жүн жи­ді­тіліп, теріні қалыпқа са­­лып пішіп, тігеді. Оны саба сияқ­ты қарағай­дың бүрімен, аршамен ыстайды. Оған құйылған қы­мыз салқын әрі дәмді болады. Тор­сық теріден тігілетін бол­ған­дық­тан, атпен алып жүруге өте ың­ғай­лы», дейді торсықтың жа­салу тех­нологиясы мен пайдасын тү­сін­дірген Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылындағы ұста Дәр­кем­бай Шоқпарұлы атындағы му­зейдің қызметкері Дәулетбек Әбдіқайымов.

Думанды мерекені өткізуге Ал­маты облысының әкімдігі, облыс­тық ішкі саясат басқарма­сы, Ал­маты облыстық Қазақстан ­ха­лқы Ассамблеясы, Достық үйі қо­ғам­­дық келісім орталығы және Ке­ген ауданының әкімдігі ұйытқы болғанын атау артық етпес.

«Қымыз фестивалінің топы­рағы құнарлы, шөбі майса, жұр­­ты жайсаң, бал қымызымен таны­­мал Кеген ауданында өтуі де жай­дан-жай емес. Жақында Түркіс­танда өткен 2-ұлттық құрыл­тайда Президентіміз Қасым-Жо­март Тоқаев: «Шын мәнінде, қа­зақ­тың мәдениеті сан түрлі сала­ны қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұ­расы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», деген болатын. Қымызды сауу, ашыту, оны қо­нақтарға тарту – тұнып тұрған фи­лософия. Бұл халқымыздың да­на­лығы мен кемеңгерлігінің анық көрінісі. Биелерді жасына қарай жіктеу, сауған қымызды түрге бөлу, қымызға арнал­ған ыдыстарды дайындап, сақтаудың ерекшеліктерін ескеру терең зерделеу мен байыптылықты талап етеді. Қымыз ашытумен айналысатын шеберлер оның 25-тен астам түрі барын айтады. Ата-бабамыз қымыздың адам ағзасы­на пайдасын, емдік қасиетін ертеден білген. Халқымыз сондық­­­тан да қымызды ерекше дәріптей­ді. Жаңа технологиялардың дамуы қымызды дүкен сөрелеріне көптеп жеткізіп, тұтынушылар­ға қол­жетімді ете түскен. Ең бас­тысы, қымызға деген сұраныс жыл са­йын артып келеді. Бүгінгі фес­ти­валь – қымызға деген құр­мет», деді ашы­лу салтанатында сөз алған Алматы облыстық мәс­ли­хаты­ның төрағасы Талғат Байеділов.

Қымыз мол болу үшін жылқы шаруашылығын дамыту қажеттігі тілге тиек болды. Бүгінгі таңда Ал­маты облысында жылқының са­ны 5,8 пайызға өсіп, 268 мың­ға жеткен. Оның ішінде сауыла­тын биелер саны 1 мыңнан асады. Қы­мыз сауумен 85 шаруашы­лық айналысып, тәулігіне 6 тонна­дан астам өнім әзірленеді. 15 ірі ша­­руа-­ ­шылық өз өнімдерін на­рық­қа шы­ғарып, тұрақты түрде сау­да­лан­ды. Олардың арасында Жам­­был ауда­нынан «Күрті», «Аңсар», «Ай­зере», Балқаш ауда­нынан «Адам­бай», «Елнұр», «Бек­бауыр» ша­руа­шылықтары, Кеген ауданынан «Руслан», «Самат», Қарасай ауда­нынан «Дәрмен», Еңбек­ші­қазақ ауданынан «Наурызбай», басқа да шаруа қожалықтары бары аталды.

«Өкінішке қарай, өңіріміздің шаруашылықтары саумалды тапсырумен немесе қымызхана ашумен ғана шектелген. Бізге қымыз өндірісін дамыту қажет. Бар­лық шаруашылықтарға осы салада жұмысты жандандыруды тілер едік», деді ол.

Жалпы, мал шаруашылығы саласы өңірде дамудың даңғыл жолына түскен. Облыста ірі қара малдың саны 6 пайызға өсіп, 826 мыңды құраса, қой-ешкі 9,6 пайызға өсіп, 3 млн 400 мыңға жеткен. Құс саны 8,9 млн. Асыл тұқымды ірі қара 20 пайызға өсіп, бүгінде 123 мыңға, қой 17 па­йызға артып немесе 367 мыңға кө­бейген. Сондай-ақ жылқы 14 па­йызға немесе 32 мыңға, сиыр 65 пайызға немесе 406 мыңға арт­қан. Бүгінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл халқының табысын арттыру үшін облыс бойынша биыл 8,3 млрд. теңге бөлінсе, келесі ­2024 жылы бұл қаржының көле­мін 14 млрд-ға дейін жеткізу көз­де­л­ді. Мемлекеттік бағдар­ла­ма аясын­да жаңа бастамаларға ­қол­­­дау көр­сетіліп, ауылшаруашы­­лық ­сала­сының өнімін арттыру ­жұ­­мыстары жүріп жатыр.

Салтанатты шарада облыс­тың әлеуметтік-экономикалық дамуы­на қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында «Қарқара өнімдері» ЖШС бас агрономы Ізтілеу Нүсіпқожаев, шаруашы­лық иегерлері Серік Сансыз­бай­ұлы, Бақытжан Асқарбаев, «Бо­латбек» шаруа қо­жа­лығының төр­ағасы Жасұлан Жаңбыршиев және мәдениет қайраткері Ханым Сұлтанқұлова марапатталды.

Дүбірлі думанға жиылған жұрт­­­ты Қазақстанның еңбек сі­ңір­­­ген қай­раткері, профессор Асы­лы Осман мен қоғам қайрат­кері ­­Ста­қан Бел­ғожаев құттықтап, ақ мол бо­луын тіледі.

«Арудан асқан жан бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Биенің сүті сары бал,

Қымыздан асқан дәм

бар ма?»,

– деп Ақтамберді жырау жыр­ла­ғандай, ұлттық сусынның құн­дылығы насихатталған игі шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Рамазан Стамғазиев, Сұлу­шаш Нұрмағамбетова, Ұл­жан Айнақұлова, Айткүл мен Қа­нат Құдайбергеновтер, сон­дай-ақ Сүйінбай атындағы Ал­маты облыстық филармониясы мен «Адырна» фольклорлық-этно­графиялық ансамблінің әртіс­тері әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұ­ралған бимен шашу шашып, қо­нақтардың көңіл күйін көтерді.

«Мұны «Қымыз фестивалі» дегеннен гөрі, Қымызмұрын­дық деу әлдеқайда құлаққа жа­ғым­ды, санаға сіңімді болар еді. Ата дәстүрімізді насихаттау, ұлт­тық құндылықтарымызды дәріп­теуде қымызмұрындықтың алар орны айрықша. Бұл – ынтымақ пен бірліктің, берекелі тірліктің бастауы. Сондықтан жастарға үл­гі боларлық игі шараның жыл са­йын жібі үзілмей жалғасуына тілек­шіміз. Өткеннен жеткен өнегелі істің өміршең болуына үлкен-кіші үлес қоссақ құба-құп», дей­ді облыстың мәдениет саласына сү­белі еңбек сіңірген зейнеткер Ханым Шотбайқызы.

Қымыз фестивалінің аясында қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қа­зақ күресі мен қошқар көтеру және дала төсін дүбірлеткен аламан бәй­ге ұйымдастырылып, ұлттық ойындардың көрігі қызды. Өз ке­зегінде жеңімпаздар бағалы сый­лықтармен марапатталды.

Осы тұста айта кетерлігі, жасыл жайлаудағы бұл іс-шара­дан бір күн бұрын Алматы облысы әкімінің өкімімен Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.