Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Ұсынылған 56 түзетуді дауыс беруге қатысқан Қазақстан азаматтарының 77,18 пайызы қолдап, жаңартылған Ата заң халық мүддесін көздеген игі істерге жол ашты.
Ең басты өзгеріс Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіз елімізді демократиялық жолмен дамытуда үлкен кедергіге айналып, кейінге тартқан, ұлттық байлықтың тең жартысын ат төбеліндей азғантай топтың иемденуіне, жаппай сыбайлас жемқорлық індеті жайылуына әкеліп соққан суперпрезиденттік жүйеден өз еркімен бас тартуы болғаны анық. Оның орнына «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы ұсынылып, іске асырыла бастады. Соның бір айғағы – Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп, қайта сайлануға тыйым салынғандығы. Бұл аса маңызды конституциялық өзгеріс туралы былтырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Мемлекет басшысы: «Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті, мен Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады», деді.
Пайымдап қарасақ, тіпті демократияның даму шыңы саналатын АҚШ пен Еуропа елдерінде мемлекеттердің бірінші басшыларының екі мәрте сайлануына рұқсат етілгендіктен, олардың қайсыбірі келесі сайлау қамымен кейде саяси популизмге ұрынып жүр. Мұндай сайлаушыларға ұнауды көздейтін әрекеттің кез келген мемлекеттің орнықты даму мүддесіне сәйкес келуі неғайбіл. Сондықтан да бәріне әділ төреші – уақыт қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісінің артықшылығын көрсетеді деп ойлаймыз.
Жаңарған Негізгі Заңда Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруына тыйым салынғаны да суперпрезиденттік жүйеде жол берілген келеңсіз құбылыстарды болдырмауға бағытталып, Президент жария еткен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Болгарияда Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі болып істейтін жақын туысын қызметінен босатқаны оның сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтынын аңғартқандай.
«Жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөздің мағынасы терең. Былтырға дейін Конституция бойынша жер және оның ресурстары мемлекеттік меншікте болып келді. Бұл жоғары лауазым иелерінің жер мен қазба байлықтарды пайдалану мәселелерін жұртшылықпен ақылдаспастан, өз қалауларынша шешуіне мүмкіндік беріп, мұның аяғы кейде халық наразылығын туғызғаны мәлім. Қарапайым адамдардың «Еліміздің жерінің үсті де, асты да тұнған байлық. Тәуелсіздіктің арқасында алдағы уақытта мұнайымен байыған Қатар мемлекетінің халқы сияқты молшылықта өмір сүреміз», деген ортақ арманы елдің жағдайын ойламай, қара басының қамын күйттеген шенеуніктердің сыбайлас жемқорлығының құрбандығына шалынған. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», деген еді. Осыған орай Ата заңның 6-бабының 3-тармағы: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», деп өзгертілді. Бұл еліміздің табиғи ресурстарының игілігін олардың заңды иесі – халық та көретін кез туды деген сөз. Соның басы ретінде Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру бастамасын көтерді.
«Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша әр бала 18 жасқа толғанша оның шотында кемінде 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналуға тиіс. Ал елімізде жыл сайын 400 мыңдай сәби дүниеге келетінін ескерсек, мемлекет бұл бағдарламаға қыруар қаржы бөлмекші. Мұның өзі қарапайым адамдардың бір кездегі Қатар мемлекетіндегідей бақуатты өмір сүру туралы ортақ арманын естеріне түсіріп, олар ертеңгі күнге үкілі үмітпен қарап отыр.
Конституциялық реформаға сәйкес елімізде мажоритарлық сайлау жүйесі қайта енгізілгендігі қоғамды демократияландыру жолындағы ілгері басқан қадам екендігі даусыз. Бір мандатты округтер бойынша депутаттыққа кандидат ретінде тіркелген азаматтардың саны өте көп болғаны – соның айғағы. Бұл – халықтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалар бағытына сенгендігінің, оның Әділетті Қазақстан орнату идеясын қолдағандығының нәтижесі. Алайда өткен сайлауда дауыс беру кезінде қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтарға жол берілді деген сыңайдағы сыни пікірлер мен дау-дамайлар аз болған жоқ. Осы ретте Мемлекет басшысы сегізінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашқан сөзінде: «Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл аса маңызды жұмыс», деп атап айтты. Демек еліміздің сайлау жүйесі алдағы уақытта халықаралық озық тәжірибеге сүйеніп, одан әрі жетілдірілуге тиіс.
Ата заңның бұлжытпай сақталуын қадағалайтын Конституциялық сот құрылғаны – Мемлекет басшысының тағы бір маңызды бастамасы. Бұрынғы Конституциялық кеңеске азаматтар заң нормалары бойынша түсініктеме алу үшін тікелей жүгіне алмайтын. Мұндай құқық тіпті Парламенттің жекелеген депутаттарына да берілмей, жоғары заң шығарушы орган мүшелері жалпы санының бестен бірінен кем болмайтын депутаттар тобына ғана берілген. Енді Конституциялық сотқа кез келген Қазақстан азаматы жүгіне алады. Мәселен, биылғы жыл басынан бері оған азаматтардан 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Осыған орай 30-дан астам құқықтық норманың Негізгі Заңға сәйкестігі қаралып, оның 5-і конституциялық емес деп танылған.
Рас, жаңарған Ата заңда өлім жазасына түпкілікті тыйым салынғанын біреу құптап, біреу құптамайды. Біздіңше, қандай қылмыс жасаса да, адам өмірін сот үкімі емес, Алла Тағаланың үкімі қиғаны жөн. Күнәкар пенде өзі жасаған аса ауыр қылмысы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылып, ажалы жеткенше қамауда азап шексе, одан асқан қандай жаза болуы мүмкін? Өлім жазасына кесілгендердің ішінде некен-саяқ болса да, тергеушілер мен судьялар жіберген қателіктерден нақақтан күйіп, кейін ақталып шыққандар бар екенін де ескермеске болмас.
Түйіндей айтқанда, жаңарған Ата заң бүгінде Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан орнатуға бағытталған саяси реформаларының берік негізі болып отыр.