• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Тамыз, 2023

Қазақ тілі – жеті жұрттың тілін меңгерудің бастамасы

506 рет
көрсетілді

Баланы қандай мектепке берген дұрыс: қазақ сыныбына ма, орыс сыныбына ма? Бұл сұрақ соңғы жылдары жас ата-аналар арасында жиі қойылатын болып жүр. Өз жерінде отырса да, ұрпағымды қай тілде оқытамын деп бас қатыратын біз ғана шығармыз. Бірақ қанша байбалам салсақ та, бүгінгі күннің мызғымай тұрған шындығы осы.

Соңғы 5 жылдағы статис­тикаға назар салсақ, 2018 жылы мектеп табалдырығын аттаған 379 мың баланың 247 мыңы, яғни 65,3 пайызы қазақ сыныбына барыпты. Ал өткен 2022 жылы 389 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, оның 65,8 пайызы қазақ сыныбын таңдаған. Осы аралықта елімізде қазақ ұлтының үлесі 67,3 па­йыздан 70,18 пайызға көбейіп, өсім 2,9 пайызды құрағанын ескерсек, қазақ мектебіне барған балдырғандардың қатары 5 жылда бар-жоғы 0,5 пайызға ғана артқаны көңілге күмән ұялатады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеруді назар­да ұстау қажет екенін, бұл бағыт­тағы жұмыстардың қарқынды жүргізіле беретінін айтқан болатын.

Иә, елімізде ана тіліміздің дамуы мен құтты тұғырына қонуы үшін көп жағдай жасалып жатыр. Алайда одан тіл ахуалы қаншалықты жақсарды? Әрине, 90-жылдармен салыстырғанда жоғы­мызды түгендеп, жоғалт­қа­ны­мызды таптық деп бөркімізді аспанға атсақ та, әттеген-ай дей­тін тұстарымыз да жоқ емес.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, тіл жа­нашыры Тұрар Сәттарқызы қазақ ата-аналардың балаларын өзге тілдегі мектепке сүйреуінің бір себебін тәуелсіздік алғаны­мыз­ға 30 жылдан асса да әлі күнге тілімізді төрге шығара ал­­май келе жатқанымызбен тү­сін­ді­ре­ді. «Бұған ең алдымен өзіміз кінә­ліміз. Көбі балаларын ана ті­лінде оқытуға қорқақтайтын себебі, олардың саналарында «қазақ тіліндегі мек­тептерде білім деңгейі тө­мен», «қазақша оқыған балалар ұялшақ, жасық болады», «заманынан қалып қояды» деген жаңсақ пікір ұялап қалған. Шын мәнінде мұның барлығы жалған. Ең сорақысы, олар әлі де қазақ тілінің болашағына сенбейді», дейді ол.

Иә, шын мәнінде, барлық проб­леманың ұшы осы сенбес­тік­тен шығып жатқанға ұқсай­ды. Біздің қолға қалам алға­ны­мыздың бір себебі де «қазақ тілінде білім алған баланың болашағы бұлыңғыр», «қазақ тілінің келешегі жоқ» деген кеңестік кезден қалыптасқан жалған түсініктің тұманын се­йіл­ту еді. Сонымен біз не үшін ба­ла­мызды қазақша оқытуымыз керек? Оның ұрпағымызға қан­дай пайдасы бар?

Ең алдымен, әрине, ол – біздің мемлекеттік тіліміз және ана тілі­міз. Осы елде өмір сүріп жат­қан әрбір адам оны білуге міндетті. Бұл – өзгермейтін аксиома. Ұрпағының бола­шағын ойлаған әрбір ата-ана баласын қазақша мектепке беріп, мемлекеттік тілді біліп өсуіне барынша жағдай жасауы керек.

Белгілі тіл жанашыры Аятжан Ахметжанұлы мынадай қы­зықты дерек келтіреді. Сол­түстік Қазақстан облысында 75 мың оқушы бар. Оның ішінде ауылдардың көбінде балалар қазақ тілінде білім алады. Ал Түркістан облысында 510 мың оқушы бар. Олардың барлығы дерлік қазақша оқиды. Енді осы екі санның ара-салмағын бағамдап көріңіз. Бұдан бөлек, осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылы елімізде балалардың 37 пайызы ғана қазақ тілінде оқыса, биыл түлектердің 70 па­йыздан астамы қазақ мектебін бітіріп шықты. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің 75 пайызы қазақ тілінде оқуға ниет білдірген. Біз осының бәріне қарап отырып қазақтілді жас толқынның қарасы қалың екенін және ертеңгі қазақ қоға­мы бүгінгіден де қазақтілді ор­та­ға айналатынын бағамдап отыр­мыз.

Сонымен қазақ мектебінде оқудың қандай пайдасы бар және қазақ тілін білу қандай мүм­кіндікке жол ашады? Бірін­шіден, қазақ мектебін бітірген баланың үштілді болып шығуы. Біз күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, орыс мектебін бітірген балалар көбіне бір тілді ғана білетін болса, қазақ мектебін тәмамдаған түлектер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеріп шы­ға­ды.

Мамандардың айтуынша, адам неғұрлым көп тіл білген сайын оның шет тілдерін үйрену қабілеті жоғары болады және ол үшін психологиялық кедергілер анағұрлым аз кездеседі екен. Яғни кемінде екі тіл білген адам үшінші, төртінші тілдерді де оңай үйренеді. Ал бір ғана тілде, мәселен тек қазақша немесе тек орысша сөйлейтіндер үшін өзінің үйреншікті әлемінен шығып, өзге тілдің әлеміне ену, яғни жаңа тілді меңгеру оңай емес. Осы тұрғыдан алғанда қазақ мектебінде оқыған бала­лар­дың белгілі бір деңгейде полиглот болып шығуы олардың басқа да шет тілдерін еркін үй­ренуіне жол ашады.

Екіншіден, қазақ тілін білу­дің тағы бір артықшылығы – оның құрылымы мен грамматикасы жағынан шығысазиялық тілдермен өте ұқсастығы, сәйке­сін­ше сол тілдерді оңай үйрену мүм­кіндігі. Бұған дейін көп адам қазақ тіліне тек түркі халық­та­рының тілімен туыстас, басқа әлеммен мүлдем байланысы жоқ оқшау тіл ретінде қараса, бү­гінде мамандар оның байланыс аясы әлдеқайда кең екенін айтып отыр.

Кезінде Абай атамыз «Орыс­тың тілі – дүниенің кілті» деген болса, одан кейінгі заманда әлемнің бәрі Еуропа мен Американың аузына қарады. Ал жаңа ғасырда дүниедегі бі­лім мен ғылымның, заманауи технологиялардың орталығы Азия құрлығына қарай ойысып келе жатыр. Қазіргі қазақ жастарына субмәдениетімен ықпал етіп жатқан Оңтүстік Корея, экономикадағы таңға­жа­йыбымен танылған Жапония және әлем алпауытына айнал­ған Қытай мемлекеттері жақын болашақта дүниенің темір­қа­зығы болады деген болжам бар. Көптеген сарапшы бү­гінде ағылшын тілімен қатар қытай тілін де меңгерудің артық­шы­лығын айтып жүр.

Ғалым Дүкен Мәсімханұлы­ның ай­туын­ша, орысша сөй­лей­тін адам­­дар­ға қарағанда қазақ­тіл­­ді­лер үшін қытай тілін үйрену әлдеқайда оңай. «Мен 30 жыл­дан бері қазақ және орыс топ­та­рындағы студенттерге қытай тілі және әдебиеті пәнінен са­бақ беріп келемін. Сол кезде байқағаным, қазақ тобындағы жастар қытай дыбыстарын тез мең­геріп, акцентсіз сөйлеп ке­теді. Ал орыстілді жастар көп қиналады. Өйткені қытай тілінде «ң» дыбысы келетін сөздер өте көп. Ол екі сөздің бі­рінде кездеседі. Мәселен, «шаң» деген сөз бар, мағынасы «жоғары» дегенді білдіреді. Егер оны «шан» деп айтса, «тау» деген мағынаға өзгеріп кетеді. Орыс тобындағы студенттер осындай ұқсас сөздерді айта алмайды. Сондықтан қазақ тілінде білім алып шыққан жастарымыз шығыс көршіміздің тілін қиналмай еркін меңгереді», – дейді ол.

Дәл осындай ойды елордамызда «Lingva Ten» атты тіл орталығын ашып, ана тілін білмейтін қазақтарға қазақ тілін үйретіп жүрген кәріс азаматы Владислав Тен де айтып отыр. «Қазақ, корей, жапон тілдерінің грамматикасы бірдей. Осы үш халықтың адамдары бір-бірі­нің тілдерін өте тез үйренеді. Мә­селен, қазақ тілінің орыс тілі­нен үлкен бір ерекшелігі – етістіктің есімше түрінің болуы. Айталық, бару деген етістікті алсақ, есімше жалғауымен ол келер шақта «барар», «баратын», осы шақта «бара жатыр», өткен шақта «барған» деп айтылады. Дәл осы сөздердің орыс тілінде баламасы жоқ. Мұны орысшаға аудару үшін шылау сөздерді пайдалануға тура келеді. Мы­салы, «Астанада тұратын адам» де­ген сөйлемді дәлме-дәл орыс­шаға аудара алмайсың. Ол үшін «который» деген шылау­­­ды қолданып, «Человек, который живет в Астане» деп айтуға тура келеді. Ал корей тілінде дәл қазақшадағы секілді есімше жалғаулары бар. Бұл бір кішігірім ұқсастық секілді көрінгенімен, корей тілін үйрену бары­сында қазақтілді адамдар үшін үлкен көмек болады. Ал орысша сөйлейтіндер өз тілінде кездеспейтін осындай өзгешеліктерді меңгеруде қатты қиналады», дейді ол.

Сонымен бірге, Владислав Тен қазақ тілінде сөздерді байланыстыру, сөйлем құрау үшін өте жиі қолданылатын «деп», «деген» сөздерінің тура баламасы корей тілінде де бар екенін айтады. Бұл сөздер орыс тілінде мүлдем қолданылмайды. «Мен өзімнің орталығымда адамдарға ағылшын, қазақ және корей тілдерінен сабақ беремін. Сонда байқағаным, корей тілін қазақтар тез үйренеді де, орыстілді азаматтар оған бірнеше жыл уақы­тын жоғалтады», дейді. Со­ны­мен қатар ол кейінгі уақыт­тарда қазақ тілін үйреніп жатқан орыстардың қатары көбейгенін жеткізді.

Алтай тілдер тобына жата­тын­­дықтан, жапон және қа­зақ тіл­дерінің грамматикасы да өзара «туыс». Жуырда Жапо­ниядан елімізге келіп, 7 айдың ішінде қазақ тілін үйреніп алған Мисаки Эбина есімді қыздан сұхбат алған болатынбыз. Тіл­ді тез меңгеруінің құпиясын сұрағанда ол: «Адамның шет тілін үйренуі оның бұған дейін қандай тілде сөйлейтініне байланысты. Мысалы, қазақ және жапон тілдері грамматикалық тұрғыда ұқсас. Сондықтан жапон тілінің құрылымын білетін адамға қазақшаны үйрену аса қиын емес. Екеуі де жалғамалы тілдерге жатады. Яғни түбір сөз өзгермейді, оған жалғаулар мен жұрнақтар жалғанып отырады. Сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі де екі тілде бірдей», деп жауап берген болатын.

Иә, мұның бәрін біз қазақ мектебінде оқып, қазақ тілін біліп шыққан адамның алдынан ашылатын мол мүмкіндік ретінде айта аламыз. Шығыс Азия тілдерінен бөлек, қазақ және араб тілдерінің сөздік қоры тұрғысынан жақындығын да еске сала кету керек. Бұл екі тіл грамматикалық тұрғыдан ұқсас болмаса да, ислам дінінің келуімен тілімізге көптеген араб және парсы сөздері еніп, ана тіліміздің сөздік қорының жартысына жуығын құрап отырғаны белгілі. Жалпы, қазақтар үшін араб және парсы тілдерін үйрену өте оңай. Өйткені егер сіз қа­зақша-арабша немесе қа­зақша-парсыша сөздікті ашып қа­райтын болсаңыз, әрбір үшін­ші сөздің екі тілге де ортақ еке­нін көресіз.

300 миллионнан астам адам сөйлейтін араб тілі әлемдегі ең ірі 5 тілдің қатарына кіреді. Оны білген адам үшін жаңа бір таныс та бейтаныс әлемнің, ұлан-ғайыр кеңістіктің есігі ашылады. Ол тілде біздің ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақ­қа құпиясы ашылмай жатқан талай еңбектері жазылған. Мұн­дай еңбектердің көбі қазір араб елдерінің мұрағаттарында сақ­тау­лы. Оның бәрін зерттеп, жарыққа шығару, қазақтың тұмса тарихын түгендеу үшін әлі күнге араб тілін білетін зерт­теуші ғалымдар тапшы. Сон­­дықтан бұны да қазақ мекте­бін­де білім алған жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік және ұлт алдындағы міндет деп ұғынуға болады.

Бұдан бөлек, бүгінде 200 мил­лиондай адам сөйлейтін түркі тілдерін де назардан тыс қалдырмау керек. Қазақ тілін білетін адам Шың­жаң­нан Түр­кия­ға дейінгі кеңістікте өмір сүріп жатқан ондаған түркі ха­лқының өкілдерімен еркін сөйлесе береді. Осы айтылған жайттардың бәрін назарға алатын болсақ, қазақ тілі кей­бі­реулер айтатындай «тек тұр­мыс­та қолданылатын», «артта қалған» тіл емес, әлемдік кеңіс­тікте мүмкіндігі орыс тілінен кем түспейтін күш-қуатқа ие екен­дігін көреміз. Ал ең бас­ты­сы, «ана тілің – арың бұл» деген қағиданы негізге алып, ата-бабамыз мұраға қалдырған құн­дылығымызды сақтау және оны ұрпаққа аман-есен табыстау арлы адамның ісі екендігін естен шығармағанымыз ләзім.