• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жастар 08 Тамыз, 2023

NEET санаты: Жалқау жастарды қалай азайтуға болады?

426 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысында: «Ұлы Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп өсиет қалдырды. Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз», дей келіп, Үкіметке жас ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бергені мәлім. Соның негізінде мектептердің оқу бағдарламасына еңбек сабағы қайтадан енгізіліп, оқушыларды кәсіпке баулу қолға алынды.

Шынтуайтында, бұл шара еліміз нарық­тық қатынастарға көшкен тәуелсіздік жыл­­дары маңдай тер төге еңбек етіп нәпа­қа табу­дан гөрі оңай баю жолын іздеу­ді жөн кө­ретін, ал оның ебін таба алма­са, мем­ле­кеттік жәрдемақы мен ата-ана­сы­ның зей­нетақысы есебінен күн көру­ді ар са­на­майтын масылдық пиғыл­дағы адам­дар, әсіресе арамтамақ жастар көбе­йіп кет­кен­дік­тен қабылданғаны анық. Қоғамы­мыз­дағы осы теріс үрдіс туралы Мемле­кет бас­шысы өзінің 2019 жылғы 2 қыр­күйек­те жариялаған «Сындарлы қоғам­дық диа­лог – Қазақстанның тұрақты­лығы мен өркен­деуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көр­сету үшін барлық қажет­ті шараны қабылдау­да. Алайда бір­қатар шешім­дер жан-жақ­ты сараптал­май қабылдан­ды. Нәтижесін­де, бұл патерналистік пиғыл­дың айтарлық­тай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жыл­да Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллион­нан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмек­ке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Басқаша айтқанда, жұ­мыс іс­тегісі келмейтін адамдар немесе әлеу­мет­­тік көмек алу үшін өздерінің табысын жа­сы­­ра­тындар көбейді», деп ашық айтып, жұрт­шылық назарын аударған болатын.

Жастардың масылдыққа жаппай бой алдыра бастағанына байланысты өткен ғасыр­дың соңында Еуропада NEET, яғни оқығысы да, жұмыс істегісі де кел­мейтін ұрпақ ұғымы пайда болды. Рес­ми мәліметтерге қарағанда, қазір еліміздегі NEET жастар саны 422 мыңға жет­кен. Бұған қоса екі қолына бір күрек тап­пай жүрген 80 мыңдай жас бар.

«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып­ секіреді» демекші, әлеуметтік зерт­теулер NEET жастардың денін аз қам­тамасыз етілген отбасылардан шыққан әрі білім деңгейі төмен бойжеткендер мен бозбалалар, бір бөлігін бақуатты ата-аналарының арқасында жоқшылықты білмей өсіп, жалқаулыққа салынған «еркетотайлар» құрайтынын көрсеткен. Сондықтан да мектептерде еңбек сабағының қайтадан енгізілуі жалқаулық сынды әлеуметтік дерттің одан әрі өршімеуіне септігін тигізері сөзсіз. Бұған қоса алдағы уақытта оқушыларға кәсіптік бағдар беру ісіне жете мән беру қажет.

«Жеткіншектерді өз бетінше өмір сүруге даярлау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Еліміздің мектептерінде жүйелі кәсіптік бағдар беруге арналған мемлекеттік бағдарлама мен жоба жоқ. Тіпті жоғары білім алған жас мамандардың 40%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Кәсіптік бағдар беруге жеткілікті көңіл бөлін­беуі мынадай еңбек парадоксына әкеліп соқты: жұмыссыздық деңгейі жоғары болғанына қарамастан, кейбір мамандықтарға сұраныс арта түсті», дейді Мәжіліс депутаты Динара Наумова Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлердің арасында жүргізген сауал­­дама көрсет­ке­ніндей, сауда, өңдеуші өнеркәсіп, құ­рылыс, білім беру, ауыл, орман және балық шаруашылықтары сияқты салаларда кадр тапшылығы өткір сезіліп отыр. Сұраныс жасалған 134 мың жұмыс орнының 50 пайызына жуығына арнаулы кәсіптік-техникалық білім жеткілікті, ал 25 пайыздан астамына кәсіби білімсіз-ақ орналасуға болады екен. Тек 20 пайызына жоғары білім талап етілген. Осы ойсыраған олқылық еліміздің мектептерінде кәсіптік бағдар беру жұмысы ақсап тұрғанын айғақтайды. Жете білмей таңдаған мамандығы кейін көңілінен шықпаған талай жас маман дипломы бола тұра, ұсынылған жұмысқа бармай, NEET жастар һәм масылдар қатарына қосылып жатыр.

«Қазір мүдделі ведомстволар мен компаниялар ғана өз беттерінше кәсіптік бағдар берумен айналысады. Себебі келісілген бірыңғай стратегия болмай тұр. Сондықтан да кәсіптік бағдар беру жүйесін реформалап, тиісті ұлттық орталық құру және еңбек нарығына қатысушылардың барлығын кәсіптік бағдар беру іс-шараларына қатыстыру қажет», дейді Динара Наумова.

Әрине, Мәжіліс депутаты ұсынған шара­лар таяу келешекте кадр даяр­лау­дың көкейкесті мәселесін шешуге­ және NEET жастар қатарын азайтуға бағыт­тал­ға­нымен, бүгінде ешқандай жұмыс істегісі келмейтін 422 мың қыз бен жігіт­тің масылдық пиғылын өзгертуді көзде­мей­ді. Бұл ретте халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заңнамалық шешімдер қабыл­дау қажет.

Мәселен, Норвегияда 1884 жылдан бері жалқауларға жауаптылық қарастырылған заңнама қолданылып келеді. Оны бұзушыларға әрқайсысының әлеуметтік мәртебесі ескеріле отырып, әртүрлі мөлшерде айыппұл салынады. Сингапурда масылдықпен күресте азаматтардың білім деңгейін көтеру маңызды деп саналады. Бұл елде 18 жастан асқан тұрғындардың бәрін арнайы оқытудан өткізіп, машықтарын үнемі жаңартып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікке баулитын арнаулы бағдарлама іске асырылып жатыр. Егер кімде-кім осы бағдарламаға қатысудан бас тартса, онда ол адам кейбір мемлекеттік жеңілдіктерден айы­рылады. Беларусьте 2015 жылы президент Александр Лукашенко «Әлеуметтік масылдықтың алдын алу туралы» декретке қол қойды. Онда Беларусь азаматтары бір жылда «мемлекеттік шығыстарды қаржыландыруға» 183 күнтізбелік күннен кем қатысқан жағдайда, басқаша айтқанда, сонша күн жұмыс істеп, жалақысынан табыс салығын төлемеген жағдайда 20 базалық көлем мөлшерінде (250 АҚШ доллары) алым төлеуге міндеттелді. Ресейде биылғы жылдан бастап жұмыс істегісі келмейтін жалқауларға ең төменгі жалақының 2 еседен 5 есеге дейінгі (32 484 рубльден 81 210 рубльге дейін) мөлшерінде айыппұл салынатын болды. Оның үстіне «Масылдық» бабына ілінген азаматтарға тағы бір әкімшілік жаза – барлық әлеуметтік жеңілдік пен жәрдемақыдан айыру шарасы қолданылады. Ал масылдыққа қайтадан жол берген жағдайда 6 айдан 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айы­ру жазасы белгіленген.

Демек біздің елде де арамтамақтарды жалғанның жарығына шығарып, заң алдында жауапқа тартатын кез жеткен сияқты. Мұндай қатаң шараға бетімен жіберіп, мойындарына масыл қылып алған «еркетотайларына» сөздері өтпей, бармақтарын тістеп жүрген ата-аналар да қарсы болмас. Өйткені «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», деп ұлы Абай бабамыз айтқандай, арамтамақтың аяғы кез келген кісінің ар-ұяттан жұрдай болып азып, адамдық қасиетінен айырылуына әкеліп соғары анық.